​Жер дауына себепкер шенеуніктер жазаланудың орнына қызметі өсіп жатыр

Oinet.kz 22-04-2021 2496

Түркістан облыстық жер инспекциясы басқармасының дерегіне жүгінсек, бүгінде жерге қатысты дау-дамайлардың саны жағынан Төлеби ауданы  көш басында келеді. Әкімдер жерді кәсіпкерлерге, азаматтарға заңсыз береді. Конкурс барысында әлдебіреулерге артықшылықтар көрсетеді. Мұның арғы жағында біраз қитұрқылықтардың, бармақ басты көз қысты сыбайлас әрекеттердің  жатқаны анық.  Қазіргі уақытта  аудан аумағындағы даулы жерлерге қатысты 34  талап арыз сотта қаралуда. Соның көбісі  Бұхарбай Парманов аудан әкімі болып тұрған кезде берілген жерлерге қатысты екен. Бұхарбай Пармановтың 2016 жылға дейін Сарыағаш ауданының әкімі қызметін атқарғаны белгілі. Сол ауданда да Пармановтың қаулысымен берілген жерлерден заңсыздықтар анықталған.

Screenshot_6.jpg

Фотода Бұқарбай Парманов, Сержан Дүйсебаев

Сөзіміз жалаң болмасын  Түркістан облыстық  жер инспекциясы басқармасы жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау бөлімінің басшысы-мемлекеттік инспектор Н. Абдразаховтың анықтамасына сүйенсек, Сарыағаш ауданында 2016 жылы 300 гектар жайылымдық жердің сол кездегі аудан әкімі Бұқарбай Пармановтың қаулысымен, 10 жылға пайдалану құқығымен, жалға ереженің талаптары өрескел бұзыла отырып табысталған. Анықтамаға қарағанда, 2015-2016 жылдары Сарыағашта  Пармановтың қаулысымен берілген даулы жерлер жетіп артылады. Енді міне, дәл осындай  жер дауы артынша Парманов әкімдік еткен  Төлебиде жиі қайталануы тегін бе?

Төлеби ауданында Пармановтан кейін де жер қаулыларынан шикіліктер шықты. Сол тұста ауданның жерге жауапты сала бойынша  орынбасары болған Сержан Дүйсебаевқа деген елдің наразылығы тіпті айрықша.

Оның үстінен өз ауылдастары қаншама жылдан бері арызданып әділдік іздеп жүр. Дүйсебаевтың өз туған ауылындағыларды, ағайын-туыстарын аямай шағым айтқызып шырылдатып, шулатып қойғаны арға да заңға да сиятын тірлік пе? «Өзінің бетін аямаған өзгенің бетін шиқандай етер» деген қазақта тәмсіл бар ғой. Ендеше кезінде ауыл жағында шаруашылық басқарғанда «қолдан келгенде қоныштан басудың» көкесін көрсеткен ол аудан әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары ретіндегі құзыретін пайдаланып қандай қадамдарға барғаны ертеңгі күні бәрібір белгілі болатыны анық. Әзірге бүгінгі былық-шылықтың бетін жабудың өзі оңайға соқпайтын түрі бар.

Бұл туралы аздан кейін кеңірек тоқталармыз. Бұрын ол аудан әкімінің ауыл шаруашылығы, жер салалары  бойынша орынбасары болса, қазір идеология саласы бойынша орынбасар қызметін атқарады.

Алайда жерге қатысты заңбұзушылықтар үшін шенеуніктердің мұртын балта шапқан жоқ.  Қайта ондай шенеуніктердің жолы болғыш сияқты. Бұхарбай Парманов 2018 жылы республикалық маңызы бар қала мәртебесін алған  Шымкент қаласына қызметін ауыстырды. Алғашқыда Абай ауданының әкімі, бұдан кейін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары лауазымын иеленді. Бертінде Абай ауданының әкімі қызметіне қайта ауысты. Сонда мұның бәрі де «Іс бітті, қу кеттінің» кері ме? Осыдан кейін арға, заңға бағынбай «тәспісінен жаңылып» жүргендердің қызметте тез өсетініне таңданбай көріңіз.

Screenshot_3.jpg

Миятбек Игенов

Сонымен, Сержан Дүйсебаевты айыптаған шағымдарға қайта оралсақ, нақтырақ тоқталсақ. «Рейтинг» газетінің редакциясына  Төлеби ауданы Тасарық ауылындағы «Бірлік» өндірістің копперативіндегі жүздеген адамның арызын арқалап келген Миятбек Игеновтің айтуынша, қара халыққа тиесілі жерлер талан-таражға түсіп, «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кеткен. Жерді оңды-солды таратқандар әлі күнге талтаңдап жүр. Ал ел сенім артып, мәселенің ақ-қарасын ажыратып береді деген құқық қорғау органдарының құлықсыздығы өз алдына бөлек әңгіме.  

Арызданушының айтуынша, «Бірлік» кооперативі төрағасының тізгіні тоқсаныншы жылдардың аяғында Сержан Дүйсебаевтың қолына тиеді. Кооператив жерлерінің түсініксіз жағдайда әлдебіреулердің иелігіне өтіп кетуі осыдан кейін басталған. 2004 жылы Дүйсебаев  «тез арада серіктестік ашпасақ, жерден айырылып қаламыз», дегенді айтады. Бәленің басы осы серіктестік құрудан басталатынын ол кезде ешкім білмеген.

– Дүйсебаев кооперативтегі басқарма мүшелерін, мамандарды серіктестік ашуға көндірді. Сонымен 3 серіктестік (ЖШС) ашылып, біріншісі С.Дүйсебаевтың, екіншісі есепші А.Ермековтің, үшіншісі тексеру комиссиясының төрағасы Б.Есенқұловтың атына рәсімделді. Олардың әрқайсысына 100 гектардан жер берілді. 2010 жылы Дүйсебаев аудан әкімдігіне жұмысқа тұрып кетті, орнына сыныптасы Мұрат Пиялиев атқа қонды. Дүйсебаев кетерінде өзінің атындағы серіктестіктің құжаттарын бермеген. Кейін серіктестікті Ғафур Хайтметов деген азаматтың  атына аударып жіберген. Қысқасы, не керек, 3 серіктестіктегі 300 гектар жердің 135 гектарының талан-таражға түсіп кеткенін кейін білдік,– дейді М.Игенов.

Редакцияға табыс етілген арызда қос төрағаның кезінде ізім-қайым жоғалған дүние, мүлік, мал, техникалар туралы көп фактілер жазылған. Оның бәрін тізіп шығуға мүмкіндік жоқ. Сондықтан тағы да  жерге қатысты мәселеге тоқталсақ. Арызданушының айтуынша, шаруашылықтың иелігіндегі жайылым жерлер жүз гектарлап талан-таражға түскен. Балдыбірек өзені бойындағы 66 гектар жер тас майдалайтын зауытқа сатылып кеткен. Сайрамсу өзені бойындағы 10 гектар жер «Алтын дән» фирмасының иелігіне өткен. Осы өзеннің бойындағы тағы 10 гектар жер А.. Амирханов деген азаматқа беріледі.  Дүйсебаев «ұжым маған 8 миллион теңге қарыз» деген себеппен «Жантеке» жайлауындағы 325 гектар жерді алған. Қазіргі уақытта жер оның жиені Талғат Сералиевтің атына рәсімделген.   Дарбаза шатқалындағы «Қоңырбай» жайлауындағы 151 гектар жер «Тех Азия» деп аталатын серіктестікке өтіп кеткен. Қалған 149 гектар жердің қайда кеткенін Пиялиев ғана білетін көрінеді. Арызда кейінгі төраға Пиялиев пен қазіргі төраға Шәйнековтің Сержан Дүйсебаевтың ықпалындағы азаматтар екендігі жазылған.  

– Біз Сержан Дүйсебаевпен де сөйлестік. Ол «арызданғандарыңды тоқтатыңдар» дегенді айтады. Біреудің үстінен арыздануға біз де құмартып отырғанымыз жоқ. Біздің талабымыз біреу ғана – талап-таражға түскен кооперативтің жерлерін қайтарып берсін,– дейді М.Игенов.

Құзырлы органдарға да арыз жазылған. Алайда одан нәтиже жоқ. Төлеби аудандық полиция бөлімі төрағалардан түсінік алумен шектеліп, артынша істі  қылмыс құрамы жоқ деген негізбен қысқартып жіберген. Тұрғындар прокуратураға арызданады. Прокурорлар істі қайта ашып, тергеу жүргізу үшін Төлеби аудандық полиция бөліміне береді. Іс қайтадан Құрманбаев деген тергеушінің қолына түседі. Ол біраз уақыттан кейін қайта қысқартады. Қайта ашылады, қайта жабылады. Дәл осындай жағдай бірнеше қайталанған. Соңғы рет іс былтыр желтоқсанда ашылып, тексеру-тергеу амалдарын жүргізу тағы да Төлеби аудандық полиция бөліміне берілген.

Screenshot_10.jpg

Сержан Дүйсебаев ауыл қарияларымен

Біз осы жөнінде Түркістан облыстық жер инспекциясы басшысының орынбасары Алтынбек Мырзаевпен хабарласқанымызда ол бұл мәселеден хабардар екендігін мәлім етті. Полиция арыз бойынша тергеу амалдарын жүргізгенімен, әртүрлі себептермен талан-таражға түсті деген жерлердің кадастрлық құжаттарына қол жеткізе алмаған. Осы себепті инспекция да жерге қатысты қорытынды бермеген. Ал кадастрлық құжаттардың неге берілмей отырғаны түсініксіз. Бұған әлдебіреулердің мүдделі болып отырғаны айтпаса да түсінікті ғой.   Қазақта даудың үлкеніне баланған жерге қатысты шудың  кейінгі жылдары күшейіп кеткені рас. 2016 жылы ауыл шаруашылығы жерлерін жаппай сату мен шетелдіктерге жалға беру мерзімін ұзарту жөніндегі заңға қарсы митингілерден кейін Тұңғыш Президент Н. Назарбаевтың  пәрменімен жерді сатуға мораторий жарияланды. Оның мерзімі биыл аяқталады. Былтыр халыққа арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жердің шетелдіктерге сатылмайтынын мәлімдеп, Үкіметке осыған қатысты тапсырмалар берді. Жуырда Жер комиссиясы құрылды. Әйтеуір жердің мүддесіне келгенде әр қазақтың шығардағы жаны басқа. Өйткені жерден асқан байлық жоқ. Тәуелсіздік ұғымының түп-төркіні де жермен байланысты емес пе?!

Өкінішке қарай, жердің қадірін біледі, бағалайды, түсінеді дейтін жергілікті әкімқаралардың  елдің наразылығын тудырған заңсыз тірліктеріне еш тоқтам болмай тұр. Қанша ауыл әкімі жер телімін саудалаймын деп сотталса да теріс әрекет бәрібір тиылмауда. Сотталатындар ауыл әкімдері, ал оларға нүсқау беретін аудан, қала әкімдері мен олардың осы салаға жауапты орынбасарлары жазаға ілікпей түк болмағандай жалғанды жалпағынан басып қызметтің қызығын көруді жалғастырып келе жатыр. Әйтеуір «Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылу» шенеуніктер үшін жазылмаған бұлжымас заңдылық болды ғой.

"Рейтинг" газеті, №16, (618)

22 сәуір, 2021 ж

Нығматуллиннің құдасы не бүлдіріп жүр?
Елбасы Назарбаев қызметінен кетті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу