Дәулетбек Жұмағали: «Қатерлі ісік өлім белгісі емес»

Oinet.kz 23-03-2019 1277

1549257933_article_b.jpeg

Дәулетбек Жұмағали, облыстық қатерлі ісікке қарсы диспансері бас дәрігерінің орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты:

--Дәулетбек Жұманұлы, Оңтүстік халқы қатерлік ісік ауруларына мейілінше аз шалдығады деген түсінік бар. Бұл қаншалықты рас?

--Қатерлі ісік аурулары бойынша көрсеткіштеріміздің жаман еместігі рас. Аурушаңдық, өлім-жітім бойынша республикалық көрсеткіштен екі есеге жуық төмен тұрмыз. Айталық, 100 мың адамға шаққанда қатерлі ісіктің анықталу көрсеткіші бізде 95-100 болса, республикада ол 180-ге жетіп отыр.    Бұл біріншіден, күн сәулесінің арқасы деп ойлаймын. Себебі, жазы ыстық, күн сәулесі мол Оңтүстікте жеміс-жидек, көкөніс тез піседі, әрі оның құнары мол болады. Ал, құнарлы көкөністі, жеміс-жидекті көп тұтынған адамда қатерлі ісікке шалдығу қаупі төмен болатыны бұрыннан белгілі. Онкологиялық аурулардың жыл санап азаюы халықтың күнделік тұрмысына да байланысты. Айталық,  қазір тоңазытқыш барлық дерлік үйде бар. Халық етті бұрынғыдай сүрлемейді, тоңазытқышта сақтайды. Осының әсерінен құрамында рак ауруын тудыратын канцерогендік заттары бар сүрленген, әбден тұздалған етті пайдалану азаюда.

Кейінгі жылдары мемлекет ауыз суға көп қаржы бөлді. Елді мекендердегі ауыз судың сапасы жақсарып жатыр. Мемлекеттің бастамасымен жылыжайлар, көкөніс сақтау қоймалары көбейіп келеді. Менің ойымша, мұның астарында халықты ауыз сумен, азық-түлікпен қамтамасыз ету ғана емес, елдің саулығын ойлау да жатыр. Елбасының бастамасымен қабылданған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша халықтың орташа өмір сүру жасын ұзарту, ауру көрсеткіштерін төмендету сияқты маңызды мәселелерді алдымызға міндет етіп қойдық. Осы бағдарламаға сәйкес ауруды емдегеннен гөрі оның алдын алуға жіті көңіл бөлінуде. Қазір әлемдік медицинада онкологиялық аурулардың 70 пайызын емдеуге мүмкіндік бар. Біз де осы деңгейге жетеміз. Ол үшін дерттің алдын алу күн тәртібінен түспеуі тиіс.

--Аурудың алдын алу үшін кейінгі жылдары қатерлі ісікке қарсы скринингтік тексерулердің басталғанын білеміз. Оның нәтижесі қандай?

-- Қатерлік ісік аурулары адам ағзасында 5 жылдан 20 жылға дейінгі аралықта дамиды. Көпшілік науқастар бізге уақыт өткізіп, аурудың 3-4 сатысында келеді. Бұл кезде бәрі де кеш болуы мүмкін. Сондықтан соңғы 5-6 жылдың көлемінде жеке топтар арасында жүргізілетін скринингтік тексеруге баса мән берілуде. Оның нәтижесі жаман емес. Скринингтік тексерулердің нәтиежесінде  әйелдер арасында кездесетін жатыр мойны, сүт безі қатерлі ісіктерін  1-2 сатыда анықтау 80 пайызға жетіп отыр. Бұл көрсеткішті бұдан да жоғарылатуға болады.

Аурудың алдын алу үшін бастапқы медициналық көмек көрсететін мекемелермен арадағы байланыс тереңдетілді. Жалпы алғанда науқас алғаш болып келетін емханаларды «алғашқы майдан» деуге болады. Егер осы «майдан» жақсы жұмыс істесе, көп аурудың алдын алуға болады. Бүгінде барлық емханаларға онкологиялық аурулар бойынша нұсқаулар жасалып, ол терапевт дәрігерлерге таратылып берілген. Қазір емханадағы кез-келген терапевт осы  нұсқауларды басшылыққа алып, қатерлі ісікке күдікті деген науқастарды бізге жіберіп отырады.

«Дертті емдегеннен гөрі алдын алған тиімді». Бірақ осы қарапайым қағиданы жүзеге асыру оңай емес. Егер қатерлі ісік дерті дер кезінде анықталса, біз оны 80, тіпті 100 пайызға дейін емдей аламыз. Бір ғана мысал келтірейін, Жапония асқазан рагі жиі кездесетін елдердің қатарына жатады. Алпысыншы жылдарға дейін бұл дерттен қайтыс болғандардың үлесі басым болып келді. Кейіннен Жапон өкіметінің бекіткен тәртібі бойынша жұмысқа кірердің алдын кез-келген азамат асқазанын тексертуге міндетті болды. Соның нәтижесінде асқазан рагін бірінші кезеңде анықтау 92 пайызға дейін көтерілген. Қазір Жапонияда асқазан қатерлі ісігі бойынша аурушаңдық әлі де жоғары болғанымен, бұл дерттен болатын өлім-жітім көрсеткіші өте төмен. Ал, Кореяда медициналық сақтандыру компаниялары өздерінің клиенттеріне белгілі бір уақыт аралығында дәрігерге барып тексерілуді міндеттеген. Егер клиент бұл міндетті орындамаса, оған айыппұл салады. Осындай мәжбүрлі тексертулер бізге де қажет сияқты. Бірақ ең бастысы, әрбір адамның өз денсаулығы алдындағы жауапкершілігі болуы тиіс. Естеріңізде болса, Елбасымыз 2010 жылы халыққа арнаған Жолдауында: «Саламатты өмір салты мен адамның өз денсаулығы үшін ынтымақты жауапкершілік қағидаты, міне осылар денсаулық сақтау саласындағы және халықтың күнделікті тұрмысындағы мемлекеттік саясаттың ең негізгі мәселесі болуы тиіс» деген болатын. Яғни, Еуропадағы өркениетті елдердегідей, әрбір адам саламатты өмір салтын ұстанып, дәрігерге уақытында қаралып отыру үшін біз алдымен өзіміздің ой-пікірімізді өзгертуіміз керек. Немқұрайлылықтан арылуымыз қажет. 

--Қатерлік ісік дертін алдын алу үшін не істеуі қажет? Бұл арудың бар-жоғын анықтау үшін қайда тексерілген жөн? Оған қандай жағдайлар жасалынған?

--Жаңа жоғарыда скринингтік тексерулерді атап өттім, бірақ скринингтік тексеру мен жалпы аурудың алдын алуды шатастыруға болмайды. Тәжірбиеден байқалғандай,   сүт безі рагі көбіне 50-60 жастағы әйелдер арасында кездеседі. Сондықтан аталған дертке скринингтік тексерулер 40 жастан асқан әйелдер арасында жүргізілді. Қазір біз оны 30 жастан бастап жатырмыз. Ал, қатерлі дерттің алдын алу үшін әрбір азамат жылына бір рет жергілікті емханаларға барып тексеріліп қойғаны жөн. Ең құрығанда жылына бір рет өкпені рентген аппраратына түсіруге, қан тапсыруға неге болмайды?!  Аурудың белгілері осы қарапайым тексерулерден де байқалады.

 

   Қатерлі ісік өлім белгісі емес»

--Әлемде өлім-жітім себептерінің ішінде онкологиялық аурулар алғашқы орындардың бірін алады. Облыста бұл көрсеткіш қандай?

 --Бұл дерттен көз жұмғандардың қатары жыл санап төмендеп келеді. Бұған дейін 100 мың халықа шаққанда ол 60-қа тең болатын. Былтыр бұл көрсеткіш 54-ке түсті. Қазір осы қарқынды ұстап тұру үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Жалпы, онкологиялық аурулардың түрі өте көп. Халқымыздың қатерлі ісік ауруларымен ерте кезден-ақ таныс болғаны байқалады. Мәселен, ішкі мүшелерде пайда болған ісікті қазақ «ұрғашы», «еркек» деп бөліп, сонымен бірге «балалайды» деп  жатады. Бұл негізсіз емес. Медицинада  мұны талданған түрі, талданбаған түрі деп атайды.  Талданған түрі өте тез балаламайды. Ал, талданбаған түрі бірден балалайды, қысқа уақыт ішінде көбейіп кетеді (метастаз) . Егер дерттің осы түрлері көбейіп кетсе, өлім-жітім де жиілейді. Жаңа жоғарыда атап өткенімдей, егер дерт дер кезінде анықталатын болса, оны толығымен емдеуге болады.

  --Облыста қатерлі ісік дертінің қай түрлері жиі кездеседі? Ауруды тудыруға нендей жәйттар әсер етеді?

--Ең жиі кездесетіні сүт безі және асқазан рагі. Бұдан кейінгі орындарда өңеш рагі, жатыр мойны рагі. Онкологиялық аурулардың түрі көп болғандықтан, оның себептері де сан-алуан. Жалпы айтқанда, адамның ішкі ағзаларының ішінде бауыр мен бүйректің маңызы ерекше. Адам ағзасы ішкен-жеген тағамынан пайда болған көптеген улы қалдықтардан зардап шегеді. Ал, бауыр мен бүйрек сол улы қалдықтарды тазалайтын сүзгіштің қызметін атқарады. Бұл екеуі дұрыс жұмыс істесе, ағза ауруға шалдыға қоймайды. Сонымен бірге адамның иммундық жүйесінің де маңызы зор. Адамның қорғаныс қабілеті жоғары болса, ол соғұрлым ауруға төзімді келеді. Семіздік қатерлі ісік ауруына алып келетін қосымша фактор ретінде қарастырылады. Ал, темекінің зиянды әсері әлдеқашан дәлелденген. Темекі тартатын адамның қатерлі ісікке шалдығуы жай адамға қарағанда 36 есеге жоғары. Улы түтін тек өкпеге ғана емес, асқазанға да түседі. Никотин ағзаның беткі қабатындағы клеткаларға әсер етіп, оның өзгеруіне алып келеді. Сондықтан темекіден аулақ жүргеніңіз, қатерлі ісіктен аулақ жүргеніңіз.

--Аурудың алғашқы белгілері қандай? Мұны кез-келген адам біле алады ма?

--Жоқ. Әр қатерлі ісіктің өзіне тән белгілері бар. 1-2 сатыда ауру көбіне белгі бермейді. Мәселен асқазан рагін алайық, егер жара асқазанның аузында болмаса, ол науқасқа білінбейді. Өкпе рагімен ауырған адам қан аралас қақырық тастайды. Бірақ бұл дерттің 3-4 сатысында байқалады. Сондықтан адам ауырған кезде дәрігерге барып, оның себептерін анықтауы қажет. Жұртшылыққа берер кеңес—адам бойындағы бездердің себепсіз шошынуына бейжай қарамау керек. Мұндай жағдайда онкологқа көрінгеніңіз жөн. Бездер себепсіз шошынған кезде оған массаж жасатуға, өз бетінше ем-дом қабылдауға болмайды.

--Қатерлі ісіктің көрсеткіші науқастың қанша өмір сүргендігімен де өлшенетіні белгілі. Бұл көрсеткіш бізде қай деңгейде?

  --2005 жылғы есеп бойынша осы дертке шалдыққан науқастың 5 жыл өмір сүруі 35-36 пайыз болса, қазір ол  48 пайызға жетті. Яғни, 7 жылда 12 пайызға көтеріліп  отыр.

Бұрын көпшілік ракті өлім белгісі ретінде қабылдайтын. Қазір науқастардың түсінігі өзгеріп келеді.  Уақытылы ем қабылдаса, дерті жеңе алатынын сезіне бастады. Мәселен, емге көнбейтін дерттің бірі қант диабеті. Бірақ науқас уақытылы дәрі-дәрмегін қабылдап жүрсе, бұл дертпен де қалыпты сүруге болады ғой. Онкологиялық ауру да осындай.  Кеш анықталған күннің өзінде кейбір қатерлі ісікті емдеп жазуға болады. Бірақ емдеу курстары ұзаққа созылып кетеді. Мұндай жағдайда науқастар берілген дәрі-дәрмектердің әсеріне шыдамай кетіп қалады. Сонымен бірге берілген емнен кейін өзін жақсы сезінген кейбір науқастар тұрақты ем қабылдауды құнт қылмайды. Осылайша уақыт созып, дерт әбден меңдеген кезде қайта келеді.

 

«Алдағы уақытта сәулелік емге басымдық беріледі»

  --Онкологиялық ауруларды емдеуге мемлекет тарапынан қаншалықты көңіл бөлініп отыр. Қолданысқа енізіліп жатқан жаңа технологиялар туралы не айтасыз?

--  Науқастарға сәулелік ем беретін құрал-жабдықтар толығымен дерлік алынған. Бізге енді тек сызықтық деп аталатын аппарат алынған жоқ. Ол алынған соң, диспансерді әлемдік деңгейде қызмет көрсететін медициналық мекеме деуге әбден болады.

Қазір  онкологиялақ ауруларға хирургиялық, сәулелік және химиялық терапия жолымен ем беріледі. Бізде қазір осы үшеуі де қолданылады. Алдағы уақытта сәулелік емге басымдық берілмек. Өйткені өркениетті елдердің бәрінде солай. Оның себебі химиялық терапияның тиімсіздігінде емес, оның тым көп шығын қажет ететіндігінде. Мәселен кейбір науқасқа берілетін 112 таблеткадан тұратын бір дәрінің құны 860 мың теңге тұрады. Сүт безі рагіне қолданылатын дәрінің бір флаконы 2 мың доллар тұрады. Науқас оны аптасына бір рет ішіп тұруы керек. Осы шығынды барлық ауруға шақсаңыз, қыруар қаржы. Бірақ мемлекетіміз онкологиялақ арулардан болатын өлім-жітімді төмендету үшін барлық қаржыны бөліп отыр.

--Ал, онкологтарға, оның ішінде жаңа технологияларды меңгеретін мамандарға деген тапшылық жоқ па?

-- Облыста онколог мамандарына деген тапшылық жоқ. Аудан-қалалардағы емханаларда да онкологтар жұмыс істейді, бізге есеп беріп тұрады. Үйіне шығарылған науқастар солардың бақылауында болады. Жаңа құралдармен жұмыс істейтін мамандар шетелдерде білімін жетілдіруде. Көбіне мамандарды оқытуға төленетін ақы сол құрал-жабдық құнының ішіне кіреді. Шетелдіктер дәрігерлерімізге осында келіп те, шетелге шақырып та дәріс беруде.

Бұлардан бөлек материалдық-теникалық базамыз да кеңейіп жатыр. Алдағы жылдан бастап диспансердің артынан хирургиялық корпус салынбақ. Ол жүзеге асқаннан кейін бүгінде тек Астана, Алматыда жасалатын ем-домдарды облыста да жасауға мүмкіндік туады.

--Әңгімеңізге рахмет, қызметтеріңізге табыс тілейміз!

Мұрағаттан, 07.11.2012 ж

​Жарқынбек Құрманбек: «Шетелдік тәжірибені қолданысқа енгізу ойластырылуда»
Бахадыр Нарымбетов: «Шымкент қазақ тілінің мәртебесін биіктетумен ерекшеленуі тиіс»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу