Шымкенттің бас дәрігеріне конкурс жарияланды
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысына конкурс өтіп жатыр. Конкурс талаптары қалалық әкімдіктің ресми сайтында жарияланды деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Конкурс талаптарына қарағанда, кандидаттың стресске орнықтылық, бастамашылдық, жауапкершілік, қызметті тұтынушыға және оны хабарландыруға бағдарлану, адалдық, ынтымақтастық және әрекеттестік, қызметті басқару, шешім қабылдау, көшбасшылық, стратегиялық ойлану, өзгерістерді басқару қасиеттері болуы тиіс. Кандидаттың сонымен бірге мемлекеттік лауазымдарда жұмыс өтілі төрт жылдан кем емес, тізіліммен айқындалған "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарында немесе саяси мемлекеттік лауазымдарда өтілі бір жылдан кем емес болуы шарт (президенттік жастар кадр резервіне алынған тұлғалар үшін жұмыс өтілі бес жылдан кем емес).
Жалпы республикалық мәртебе алғалы Шымкенттің денсаулық сақтау басқармасында соңғы екі жылда үш басшы басқарды. Үшеуі де сырттан келген кадр саналады. Алғашқы бас дәрігер Нұрлан Қасымов бұл қызметке Павлодар облысынан келді. Бірнеше айдан кейін орнынан кетті. Былтыр сәуірде қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов басқарманың басшылығына Асхан Байдувалиевті алып келген болатын. Оңтүстіктің топырағында туып өсті демесеңіз, жұмыс тәжірибесі өзге өңірде өрілген Байдувалиев биыл наурызда жұртшылықпен әлеуметтік желі арқылы қоштасып, жылы орнын суытқан еді. Оның орнына басқан Рүстем Албаев Ақмола облысынан келді. Еңбек жолында президенттің іс басқармасында жұмыс істеген. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың бұған дейін осы мекемеде лауазымды қызметтерді атқарғаны белгілі. Алайда Әйтеновтың өз кадрі саналған Албаевтың Шымкенттегі басшылық қызметі үш айдан асқан жоқ.
Албаев қызметінен кеткеннен кейін көп ұзамай, алдыңғы бас дәрігер Асхан Байдувалиевке қатысты тергеу амалдарының жүріп жатқаны белгілі болды. Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы мен қалалық №1 клиникалық ауруханасының бұрынғы бас дәрігерінің бюджет қаржысын талан-таражға салды деп күдіктеліп жатқанын ақпарат құралдарына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірінші департаментінің аға тергеушісі Қайсар Баржақсынов хабарлады. Қылмыстық іс «52 миллион теңге қаражатты талан-таражға салу» дерегі бойынша қозғалған. Қос экс-басшы 2019 жылы S класты дәрігер-оториноларингологтің жұмыс орнына қажетті құрал жабдықты сатып алуда, қымбат бағаны көрсете отырып, қазынаның қаржысын жымқырғанға ұқсайды. Рас, тергеушілер екі айыпталушының аты-жөндерін атаған жоқ. Алайда олардың бірінің Асхан Байдувалиев, ал екіншісінің былтыр Абылай Донбай екендігі айтпаса да түсінікті еді. Шымкенттегі №1 клиникалық аурухананың бұрынғы бас дәрігері, танымал трансплантолог Абылай Донбай бұл кезде онсыз да істі болып жатқан. Былтыр күзде оған Қылмыстық кодекстің 264-бабы 2-тармағында (трансұлттық қылмыстық топқа қатысу) және 116-бабы 3-тармағында (адам ағзасын заңсыз алу) көзделген қылмыстық құқық бұзушылыққа жол берді деген айып тағылған еді.
Әйтеуір Шымкенттің денсаулық сақтау саласына басшылық жасаған азаматтарға қатысты істер шым-шытырыққа айналып бара жатыр. Коронавирустың екінші толқынына дайындық жұмыстары қызу жүріп жатқан кезде Шымкенттің денсаулық сақтау басқармасының «төрт көзінің түгел» болғаны өте маңызды. Шымкенттің басшылары бұл жолы кадр тағайындауда қателеспейтін шығар деген үміттеміз.