Гүлнәр Сиқымбаев: Ұрлығым ашылып қалды

Oinet.kz 04-09-2009 1358

Гүлнәр СИҚЫМБАЕВА,

Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының еңбек сiңiрген әртiсі

Гүлнәр СИҚЫМБАЕВА. Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданының Майбұлақ ауылының түлегі. Келер жылы сахнада жүргеніне 30 жыл толады. “Мен саған өкпелемеймiн“ атты әнімен елге кеңінен танымал талантты әншінің “Бишi қайың“, “Қыз-қарағай“, “Сары бидай“, “Мен деп ойла“, “Сүйген жүрек“ “Туған жер“, “Наркескен“, “Күз секiлдi“ сияқты туындыларды нәшіне келтіре орындауы өнерсүйер қауымның көңілінен шығып жүр.

—Туған жерге келмегенiме екi жарым жылдың жүзi болып қалыпты. Атамекен қашанда ыстық қой. Ауыл адамдарының, ел азаматтарының ықылас-пейiлiне тәнтi боласың. Мұндайда көңiлiң сергiп, жаныңа шуақ құйылғандай сезiм кешетiнiң бар. Жiгерiңдi жанып, шабытыңа шабыт қосып қайтатын кездерiм аз емес. Алайда, ауылға әр келген сайын сахнаға шыққанда “Бүгiн халық менi қалай қабылдайды екен?“ деген қобалжу сезiмiнiң қат-қабат жүретiнi де рас. “Гүлнәр бұрынғы деңгейiнен төмен түспедi ме екен?“ деп сынай қарайтындар да табылатын сияқты. Шүкiр, көрерменнiң бүгiнгi ықыласы айрықша болды. Репертуарыма жаңа әндердi де қостым. Iзденбесе болмайды ғой. Осы концертте жергiлiктi сазгер Қасымхан деген өнерпаз ағаның “Туған ел“ атты әнiнiң де тұсауы кесiлдi. Концерттен 2-3 сағат бұрын жазылыпты. Жұртшылық жақсы қабылдаған сияқты. Әншi үшiн ең үлкен құрмет қол шапалақтау болса, ал оның iлтипаты гүл саналады. Екiнiң бiрi гүл шоқтарын ұсынды десем, артық емес.

—Мұқағали Мақатаевтың “Күз секiлдi“ әнiн орындағанда жанарыңнан жас байқалғандай болды-ау, шамасы…

—Ақиық ақынның мұңды өлеңiне жазылған ән шынында да менiң көңiл-күйiмнен хабар бергендей. Рас, биылғы көктем жаңбырлы болып өттi ғой. Автокөлiк апатынан бауырым қайтыс болып, қырқын өткiзгенiмiзге де көп бола қойған жоқ едi. Ән-өмiр осылайша менiң жеке тағдырыммен де астасып жатқандай күй кешкенiм бар. Тебiренiске түсiп кетуiм де мүмкiн… Жалпы, концерт көңiлiмнен шықты. Келесi жылы сахнада жүргенiме 30 жыл толады. Бұл соның алдындағы репетиция iспеттi.

—Қос мемлекеттiң — Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының еңбек сiңiрген әртiсi деген атағың бар. Оның қайсысын бұрын иелендiң? Әлде, Қырғызстанға барып жеке концерт ұйымдастырдың ба?

—Қазақтың бiртуар талантты ұлы Мұхтар Шаханов ағамыз Қырғызстанда елшi болып қызмет атқарып жүргенде ауылы аралас, қойы қоралас бауырлас екi елдiң арасына рухани көпiр салғаны көпшiлiкке аян. Адамзаттың Айтматовы атанған Шыңғыс екеуiнiң достығы көпке үлгi-өнеге едi. Қос алыптың ара қатынасы қандай шынайы болса, екi мемлекеттiң достығына да сызат түскен емес. Жылына бiр-екi рет Қазақстанның Қырғызстандағы күндерi өткiзiлiп жүрдi. Үкiметтiң деңгейiнде ұйымдастырылған концерттерге көптiң бiрi болып мен де қатысқанмын. Мұхтар мен Шәмшiнiң бiраз әндерi менiң репертуарымнан мықтап орын алған-ды. Мұндай атақты Алтынбек Қоразбаев, Нұрғали Нүсiпжанов, Роза Бағланова апамыз да иелендi. Солардың қатарында менiң де өнерiмнiң бағаланғанына қуаныштымын. Бұл атақ 1996 жылы берiлдi. Осы орайда, Мұхтар Шаханов ағамыздың көп еңбек сiңiргенiн айтып, алғысымды бiлдiргiм келедi. Ал, “Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген әртiсi“ атағы екi жылдан кейiн, 1998 жылы берiлдi.

—Әндi қалай таңдайсың? Белгiлi бiр критерий бар ма? Сазгерлер тарапынан “менiң әнiмдi орындайсыз ба?“ деген өтiнiштер түсе ме? Жалпы, қайсы композитормен тығыз қарым-қатынаста жұмыс iстейсiң?

—Туған жер, ел туралы, махаббат жайындағы әндердi басты тақырып етiп алғанмын. Өз табиғатыма, қазiргi жасыма, табиғи болмысыма қарай таңдаймын. Бiздiң жасымызда “сүйдiм-күйдiм“, “лапылдап жанып барамын“ деген мазмұндағы әндер жараспас. Көбiне халық әндерiне ден қойғанды жөн санаймын.

Өмiрдiң өзi қызық қой. Жас кезiмiзде санаулы ғана композиторлар жаңа жазған әндерiн бiзге бергеннен гөрi, атақтыларға айтқызғанды мақұл көретiн. Оған iштей өкпелеп жүретiнбiз. Ол кезде әншiлердiң де аз кезi ғой. Қазiр “менiң мына әнiмдi орындап, тұсауын кесiп берiңiзшi“ дейтiн өтiнiштер көп. Менiң дауысым лирикалық софраноға жатады. Музыка мамандары “Гүлнәр операға лайық әншi“ деп әлдеқашан бағасын берген. Кiм бiледi, ешкiмге ұқсамайтын дауысымды әркiм әрқалай бағалап та жүр. Концертте орындалған әндердiң көпшiлiгi Арман Дүйсеновтiкi. Қазiргi кезде көзге түсiп жүрген талантты азамат. Сөздерiн жазған Бекарыс Шойбеков. Оңтүстiк жұртшылығы “Нар жiгiт“, “Күз секiлдi“ әндерiн жақсы қабылдады. Жақан Сыздықовтың әндерi де менiң табиғатыма келедi. Қытайдан келген оралман Жазира қыздың әндерi де шырқалды. Iздене берсек көп қой. Тек жауапкершiлiк таныту қажет. Бiр таңқаларлығы, кейде өзiме ұнамаған әндер жұртшылық тарапынан жақсы бағасын алып жатады.

—Iшкi ой-түйсiктiң кейде алдауы да мүмкiн ғой…

—Солай болуы да мүмкiн.

—Клипке түсу сәнге айналды. Ондай ой жоқ па жоспарыңда? Клипке аз қаржы кетпейдi бiлем. Жалпы, жас әншiлер туралы не айтасың?

—Жастардың көбейгенiне қуанамын. Өнерiн танытып, өздерiн көрсететiн кезi қазiр. Шын таланттарды iрiктеп таңдау, оларға жөн сiлтеу, қамқорлық таныту – бiздiң мiндетiмiз. Жастарға көңiлiм толады. Олармен бiрге жаңа леп келгенiн байқаймын. Бұл — қазақ эстрадасына келген жаңа дауыс, жаңа саз, жаңа ән деп бағалаймын. Кейде солардан үйренуге де тура келедi. Байқайсың ба, сахнадағы қимылдарында, тiптi киiм киiстерiнде де өзгеше өзгерiс бар. Ал, ендi бiрлi-жарым кемшiлiктерi жүре келе түзеледi ғой. Клипке түсуге… Соған бүйрегiм бұрмай жүр. Бұл қаржы жағынан қиналғандық емес. Менiң жағдайымда ақша жоқ деген ұят шығар. Ақтау, Атырау облыстарынан гастрольдiк сапардан келгеннен кейiн халыққа “бiр тартуым“ бар. Тiптi, дайын тұр. Ол әзiрге құпия бола тұрсыншы.

—Тағдыр саған аз ауыртпалық салған жоқ. Жастайыңнан анаңнан айрылдың. Сiңлiң де өттi өмiрден. Күнi кеше тағы бiр бауырыңды қайтпас сапарға аттандырдың. Үйдiң үлкенi болған соң бар қиындық саған түскенi белгiлi ғой. Бауырларыңның бәрiне бас-көз болып, қамқорлық танытудан жалықпайсың. Ер-азаматтың қабырғасын қайыстыратын қиыншылыққа бiр кiсiдей-ақ төзiп-ақ келесiң. Бұл тәрбиенiң жемiсi ме, әлде рухтың күштiлiгi ме?

—Тағдырдың сынағынан кiм қашып құтылған? “Күнiне тоқсан пәле көрсең-дағы, күдер үзбе жаратқан бiр Алладан“ деген ғой. Қазақ халқы жаратылысынан төзiмдi, көнбiс. Қанға бiткен қасиет пе, бәлкiм, намысқойлық шығар, қиналғанымды тiрi жанға сездiргiм келмейдi. Тектiлiк дегендi аса қадiрлеймiн. Әкем Ермектiң тәрбиесi қаталдау болды. Өйткенi, тағдыр кез келген адамды еркелетпейдi екен. Сондықтан өмiрге бейiмдi болып өстiк. Соның жемiсiн көрiп те жүрмiн. Әйтпесе, қайбiр ата-ана өз баласын еркелеткiсi келмейдi дейсiз. Халықаралық экономика университетiнiң III курсында оқитын ұлым Байырды қатты еркелетемiн. Қазiр ол ержеттi. Кейде менiң тым бәйек болғанымды жаратпай:

“Мама, мен ендi бала емеспiн ғой“, —дейдi. “Әй, осыдан немерелерiмдi еркелетпесем бе?“ деп өзiмше жоспар құрамын.

—Немере демекшi, олардың әншi болғанын қалар ма едiң?

—Қайдам? Бiз сахнаға әдемi киiнiп, жайнап шыққанымызбен медальдың арғы бетi бар ғой. Денсаулыққа зиянды жақтары толып жатыр. Жүйке мен жүрекке аз салмақ түспейдi. Уайым, күйзелiс, шығармашылық тоқырау, басқа да жәйттер жүрегiңдi ауыртпай қоймайды. Әртiстердiң көпшiлiгiнiң денсаулығы нашар десем, қателеспеймiн.

Кiмнiң алдына кiм шығып көрiптi. Әйтеуiр, ұрпағымыз аман-сау болып, елiне қызмет жасап жатса, сол олжа. Пешенедегiнi көредi де. Ал, маңдайына не жазылғанын Алла бiледi. Бiздiкi аналық тiлеу ғой әншейiн.

—Шәкiртiңiз Меруерт Райымқұлова концертте өзiн жақсы көрсете бiлдi. Келешегiнен көп үмiт күтуге болатын сияқты.

—Ержан Қосбармақов деген керемет әншiнi бiлесiң ғой. Осыдан оншақты жыл бұрын маған ұсыныс жасады. “Жүрiс-тұрысыңыз, болмысыңыз мұғалiмдiкке сай келедi екен“ деп саз колледжiнде сабақ беруге шақырғаны бар. Сөйтiп, екi айдай оқытушы болдым. Алайда, қоятын концертiм, жазатын “записiм“, түсетiн “сьемкам“ бар дегендей, уақытым болмай кеттi. Сосын iзiмнен еретiн шәкiрт тәрбиелеп көрсем деген ой келдi санама. Сөйтiп, осы Меруерттi таптым. Болайын деп тұр. Киiм киiсi, жүрiс-тұрысы ибалы. Ең бастысы, дауысы бар. Тәрбиелеуге тырысып-ақ жатырмын. Жаңа әндер тауып беруге, репертуарын жасауға өзiм көмектесiп жүрмiн. Менен қандай тәлiмгер шығатынын бiр құдайым бiлсiн. /Күлдi/.

—Оңтүстiк өңiрiне келгенде қандай өзгерiстердi байқадың?

—Шымкент жылдан-жылға көркейiп, құлпырып келедi. Әдемi әрi көркем қала. Кезiнде осы облыс орталығында да тұрдым ғой. Сол кезде оның бағасын бiле бермеген екенбiз. «Мен Шымкенттiң перзентiмiн» деп әрбiр тұрғыны мақтанса да жарасады.

Сұхбаттасқан — Серiкқали

ЖЕКСЕНБАЕВ.

Ғани Құлжанов: «Шымкенттің жігіттері тәуекелшіл»
Нұржан Төлендиев: «Шаншардан» - «Алдараспанға»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу