Ғалымжан Айнабеков: «Санитарлық авиация қызметі жұмыс істей бастады»
Ғалымжан Айнабек, Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері
- Ғалымжан аға, жуырда жұқпалы аурулар ауруханасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл аурухананың мүмкіндігін қаншалықты арттыра алды? Әңгімемізді осы тақырыптан бастасақ.
- Күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуінің арқасында ғимаратымыз кеңейе түсті. Науқастардың сапалы ем алып шығуына қажетті жағдайдың бәрі жасалды. Жатын орындарынан бастап, дәрі-дәрмекке дейін толық қамтамасыз етілген. Ауруханада он бөлімше бар. Білікті мамандарымыз да жеткілікті.
Жұқпалы аурулар ауруханасының негізі 1986 жылы қаланған. Ол кезде Кеңес үкіметі тұсында Лениндік сенбілік деген болатын. Сол сенбілік кезінде облыстағы бүкіл зауыт, фабрикалар ақша жинап, осы аурухананы тұрғызған. Жұқпалы ауруларға арналған емдеу мекемесі болғандықтан ғимаратымыз қаланың шетіне салынған екен. Қазір қаланың өсуіне байланысты ол орталықта қалып кетті. Бірақ одан қорқудың қажет жоқ. Себебі жұқпалы аурулардың айналаға тарап кетпеуіне, ауруды оқшаулауға мұнда барлық мүмкіндік қарастырылған. Қалалық аурухана боғанымен бізге аудандардан, басқа қалалардан келушілер көбейіп келеді. Мысалы, биыл былтырғы жылмен салыстырғанда 1000 адамға артық ем көрсеттік. Бұл науқастардың саны артты деген сөз емес, қазір аурулардың өзі қалаған ауруханаға қаралуға құқығы бар. Келушілердің көбеюі қызметіміздің сапалы екендігін байқатса керек.
- Десек те, қазір жұқпалы аурулардың қай түрі көбейіп келеді және ол неге байланысты деп ойлайсыз?
- Білесіз бе, жұқпалы аурулардың түрлері көп және олардың өршуіне жыл мезгілдерінің, ауа-райының тигізер әсері мол. Өткір ішек инфекциясы жаз айларында көбейеді, тұмау қыста, бруцеллез мал төлдейтін кезеңдерде өршиді. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, биыл жазда өткір ішек инфекциясы көп тіркелді. Бірақ олардың барлығын дер кезінде ауыздықтап, жазып шығардық, көрсеткішін төмендеттік. Ал, қызылша ауруы осыдан екі жыл бұрын кең тарады. Дәл қазір осы ауру қаламыздағы әскери бөлімшелердегі сарбаздар арасында жиі кездесіп отыр. 2007 жылы гепатитпен науқастанғандар көп болды. Ауруханадағы бес-алты бөлімшенің барлығы толып жатты. Ал биыл гепатитпен ауыратын науқастар бір бөлімшеде ғана емделуде. Қыстың келуіне байланысты алдағы уақытта тұмау көбейеді. Осыған дайындық жұмыстарын жүргізудеміз. Науқастан бұрын емдеушінің өзі сау болып, өзгелерге ауруды жұқтырмау және өзгелерден жұқтырып алмауы қажет. Осы мақсатпен 330 қызметкерімізге тұмауға қарсы егу жұмыстары жүргізілді. Жақында ғана тұмаудың көбею қаупіне байланысты, облыста екі семинар өткіздік. Ауруханада дәрі-дәрмек қорын жасап қойдық.
- Жұқпалы аурулардың алдын-алу үшін қандай шаралар жасалуда? Ауруға қарсы егу, скринингтік текеру шаралары қай топтар арасында жүргізілуде?
- Қазір елімізде «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша халықты жаппай скринингтік тексерулер жүргізіліп жатыр. Өткен жылы гепатиттің барлық түрлеріне балаларды тексеруден өткіздік. Аяғы ауыр әйелдерге гепатиттің В түріне қарсы екпелер салынды. Биыл тексерулер ересектер арасында жүргізілуде. Өкінішке қарай, гепатиттің В және С түрлері ересектер арасында көптеп анықталып жатыр. Жұқпалы ауруларды емдеуге бюджеттен жыл сайын қомақты қаржы бөлінеді. Соның арқасында жыл сайын гепатиттің В, С түріне шалдыққан 120-160 адам сауығып шығады. Гепатитпен ауырған науқастардың көбейуіне байланысты облысымызда оны емдейтін үш орталық ашылған. Біріншісі ересектерді емдейтін орталық біздің ауруханада орналасқан, екіншісі облыстық ауруханада, үшіншісі балаларға арналған орталық «Ана мен бала» орталығында. Бұдан бөлек жыл сайын жұқпалы ауруларға қарсы екпе салынады. Мамандарымыз аудандарға барып тегін кеңестер беріп, семинарлар өткізіп тұрады.
- Қазір медицинаны заманауи қондырғыларсыз елестету мүмкін емес. Бұл бағытта нендей жаңалықтарыңыз бар?
- Аурухана бюджеттік мекеме болғандықтан, мемлекет тарапынан көп көңіл бөлінуде. Әсіресе құрал-жабдық жағына. Бізде екі зертхана бар. Бірі клиникалық зертхана, ол жерде барлық клиникалық зерттеулер жүргізіледі. Аудандардағы, қаладағы емханалардың сынамаларын да осы жерде қарайды. Қан құрамын тексеретін аппараттар, иммунофермент анализаторы бар. Олар ағзадағы вирусты, тіпті оларды санына дейін анықтап береді. Екіншісі бактериологиялық зертхана. Ол жерде шетелдің сапалы заманауи қондырғылар орнатылған. Мәселен, бактериологиялық анализатор бар. Бұл қондырғы арқылы ауруға нақты диагноз қоюға болады. Айта кетейін, Астана, Алматы қаласында жасалынып жатқан күрделі зертеулерді біз қазір осы екі зертханада жүргізе аламыз. Зертханалардан бөлек жансақтау бөлімінде де жаңа қондырғылар орнатылған. Елбасымыз биылғы Жолдауында әр облыстан бір санитарлық авиация жасақтауды тапсырған болатын. Міне, ол бүгінгі таңда облысымызда орындалып отыр. Жақында бір науқасқа шұғыл түрде көмек қажет болды. Біздің дәрігерлерге қосымша көмек беру үшін Астандан үш дәрігер санитарлық авиация арқылы үш сағатта ұшып келді. Біздің де мамандар қажет болған жағдайда өзге қалаларға осы санитарлық авиация арқылы барып, шұғыл көмек көрсете алады.
- Ауруханаға міндетті түрде жолдамамен келу керек пе?
- Жоқ, міндетті түрде емес. Жұқпалы ауруларды екіге бөлеміз. Біріншісі шұғыл емдеуді қажет ететін ауыр түрлерінде, жедел жәрдем арқылы әкелінген науқастарға жолдаманың қажеті жоқ. Ауру таралып кетпес үшін ауруханаға келген сәттен бастап, жатқызып емдейміз. Екіншісі, созылмалы түрлері. Бұл жағдайда науқастар жергілікті емханалардың жолдамасын алып, бізге сол арқылы келеді.
- Жұқпалы аурулардың алдын алу үшін тұрғындарға қандай кеңес бересіз?
- Халыққа ең бірінші айтарым, жаппай тексерулердан шет қалмауы тиіс. Жұртпен бірге келіп тексеруден өтсе, ауруды дер кезінде анықтап, оны азайтуға болар еді. Сосын әр адам өз ауласын, үйін, көшесін таза ұстаса дейміз. Тазалық денсаулық кепілі деп бекер айтпаған. Тазалық болмаған жерде инфекция, вирус жүреді. Қоғамдық орындардағы санитарлық жағдайды жақсарту қажет. Өкінішке орай, қаламыздағы базарлардың санитарлық жағдайлары сын көтермейді. Мысалы базардағы ет қай жерде шабылып жатыр, қандай жерде сақтаулы тұрғанын зерттеп көрсеңіз, ешқандай санитарлық қағидарлардың сақталмайтынына көзіңіз жетеді. Бір еттің өзінен қаншама адам ауруға шалдығуы мүмкін. Егер тұрғындар базардан ет алмай қойса, сатушылар амал жоқ, үшін ет шабатын, сақтайтын жерлерін талапқа сай етіп қояр еді ғой. Біз бұған немғұрайлы қараймыз. Тұмау немесе басқа да жеңіл аурулармен ауыра қалсаңыз, уақтылы емделу керек. Ал, ең дұрысы дұрысы алдын алған жөн. Көпшілік арасында «аурухана емдейді» деген түсінік қалыптасқан. Біз емдеуден қашпаймыз, бірақ әр адам өз денсаулығына өзі жауапты болу керек. Мәселен гепатитті бір жұқтырып алған адамды емдеу бір-екі жылға созылады, егер асқынса, өмір бойы сол аурудың шырмауында қалып кетуіңіз мүмкін. Сондықтан салматты өмір салтын ұстанғаныңыз абзал.
- Сұхбатыңызға рахмет, жұмысыңызға табыс тілейміз.