Халықпен жүздесіп, қорытынды шығарды
Таяуда Төле би ауданына қарасты Қаратөбе, Майбұлақ, Балдыберек, Қостөбе, Төңкеріс елді мекендеріндегі әр тұрғынның тұрмыс-тіршілігімен танысып шыққан аудан әкімінің орынбасары мен бөлім басшыларының қатысуымен Қаратөбе елді мекеніндегі клубта тұрғындармен қорытынды жиналыс өтті.
Жиында бөлім басшылары өздерінің зерттеп шыққан жұмыстарын баяндады. Бірінші болып аудандық экономика және қаржы, кәсіпкерлік бөлімдерінің Қаратөбе ауылдық округі бойынша мәліметін аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы М.Ашрапов өз баяндамасында ауылдық округте анықталған кәсіпкерлік нысандардың мемлекеттік актілері тұрғын үймен бірге жасалып кеткендігі және техникалық құжаттары дұрыс емес болуына байланысты мүліктік құны төмен бағаланған үйлердің бар екенін атап көрсетті.
Ал, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қ.Тұрғынбаев өзінің есебінде, ауылдық округте 600,38 га жердің және тұрғын үй мақсатында берілген 205 жер учаскелері мақсатына сай пайдаланылмай жатқанын, 868 тұрғын үйдің 569-ы үй іргелік жерлерді тиімді пайдаланып көкөніс, картоп дақылдарын, 299 үй жеміс-жидек ағаштары мен көп жылдық мал азығын егіп жатқандығын айтты.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Н.Оспанов биылғы жылға округте асфальт, шағал тас төсеу жұмыстары толығымен аяқталғанын, алдағы уақытта абаттандыру жұмыстары, жол аяқ және көше жарығы, жол кедергілерін орнату жұмыстары қыркүйек айына жоспарланып отырғанын жеткізді.
Аудан әкімі Б.Омарбеков тиісті сала басшыларының баяндамасын тыңдағаннан кейін аудан басшысы сонымен қатар, кезінде тұрғын үй мақсатында жер алып, ол жерлердің рақатын не өзі көрмей, не басқаға көрсетпей босқа ұстап отырған тұрғындардың бар екенін, ал осы кезде үйге нағыз зәру, мұқтаж жандар ұлтарақтай жерге зар болып жете алмай жүргенін назарға салды.