Еңбек етем дегенге елде мүмкіндік көп

Oinet.kz 16-07-2026

Еңбек – адамның  тек тұрмысын түземей, ел экономикасының тамырын бекітетін негізгі күш. Сондықтан халықты тұрақты жұмыспен қамту, еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлау және әлеуметтік қолдауды күшейту – мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы маңызды бағыттардың бірі. Биыл бұл бағытта атқарылған жұмыстардың нәтижесі де нақты көрсеткіштерден көрініп отыр.

image.png

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі  ұсынған мәліметке сүйенсек,  2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша елімізде 249 598 адам жұмысқа орналастырылған. Оның ішінде жыл басынан бері 96 415 азамат тұрақты жұмысқа қол жеткізген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30 мыңнан астам адамға көп дейді мамандар. Яғни еңбек нарығында тек жұмыс орындарының саны емес, олардың тұрақтылығына да басымдық беріліп келеді.

Мұны уақытша жұмыспен қамту көрсеткіштерінен де байқауға болады. Бір жыл ішінде уақытша жұмысқа орналасқандар саны 115 960 адамнан 76 953 адамға дейін қысқарған. Бұл – азаматтарды ұзақ мерзімді, тұрақты табыс әкелетін жұмыс орындарына орналастыруға бағытталған саясаттың нәтижесі.

Тұрақты жұмыстың артықшылығы тек ай сайынғы жалақымен өлшенбейді. Ресми еңбек шарты бар азамат міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысады, зейнетақы жарналары аударылады, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына шыға алады, еңбекке уақытша жарамсыз болған жағдайда тиісті төлемдерге ие болады. Яғни тұрақты жұмыс – бүгінгі табыс қана емес, ертеңгі әлеуметтік қорғаныс.

image.png

Еңбек нарығындағы ахуалды Enbek.kz электрондық еңбек биржасының көрсеткіштері де айқын көрсетеді. Осы жылғы маусымда жұмыс берушілер платформаға 108,7 мың бос жұмыс орнын, ал жұмыс іздеушілер 126,7 мың түйіндеме орналастырған. Мамырмен салыстырғанда бос жұмыс орындарының саны 25,4 пайызға, түйіндемелер саны 38,3 пайызға өскен. Бұған оқу орындарын тәмамдаған жастардың еңбек нарығына қосылуы да әсер еткен.

Сұранысқа ие мамандықтардың көшін білім беру саласы бастап тұр – мұнда 19,2 мың бос жұмыс орны жарияланған. Бұдан бөлек, өзге қызметтер көрсету саласында – 16,5 мың, ауыл, орман және балық шаруашылығында – 12,1 мың, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласында – 9,5 мың, құрылыста – 8,4 мың, өңдеу өнеркәсібінде 7,3 мың бос жұмыс орны болған.

Бұл көрсеткіштер еңбек нарығында маманға деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Алайда жұмыс орнының болуы бір мәселе де, сол орынға қажетті білікті маманның болуы – екінші мәселе. Осы тұста қысқамерзімді кәсіптік оқытудың маңызы артады.

Соңғы үш жылда сұранысқа ие мамандықтар бойынша 30 387 адам қысқамерзімді кәсіптік оқытумен қамтылып, оның 21 781-і екі қолға бір күрек тапқан. Оқыту мемлекет қаражаты есебінен тегін жүргізіледі. Қатысушыларға оқу кезінде ай сайын 43 574 теңге шәкіртақы төленеді. Қажет болған жағдайда медициналық тексеру, жол жүру және тұрғын үйді жалға алу шығындарына да қолдау көрсетіледі.

Бағдарламаның тиімділігі де назар аударарлық. Білім беру ұйымдарында оқуды аяқтаған 20 517 адамның 16 496-сы, яғни 80 пайызы тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал жұмыс берушілердің базасында практикалық оқудан өткен 6 359 адамның 5 285-і еңбекке араласқан. Мұнда жұмыспен қамту деңгейі 83,1 пайызды құрады. Демек, «оқу бар жерде – мүмкіндік бар» деген қағида бұл бағытта нақты нәтижемен ұштасып отыр.

Әлеуметтік саясаттың екінші бір маңызды қыры – еңбекке әртүрлі себеппен толық араласа алмайтын азаматтарды қолдау. Бұл міндетті күн сайын әлеуметтік қызметкерлер атқарады. Бүгінде еліміздің әлеуметтік қорғау жүйесінде 12 мыңға жуық әлеуметтік қызметкер еңбек етеді. Оның 1 251-і үкіметтік емес секторда жұмыс істейді. Мамандардың 55,5 пайызы ауылдық жерде, 44,5 пайызы қалаларда қызмет атқарады.

Әлеуметтік қызметкерлердің басым бөлігі – 9 532 маман – арнайы әлеуметтік қызметтерді азаматтардың үйлеріне барып көрсетеді. Сонымен қатар 1 020 маман стационарлық ұйымдарда, 998 маман жартылай стационарлық мекемелерде, 451 маман уақытша болу ұйымдарында еңбек етеді. Олардың жұмысы сырт көзге күнделікті қалыпты қызмет болып көрінгенімен, қарттар, мүгедектігі бар адамдар, балалы отбасылар және өзге де көмекке мұқтаж азаматтар үшін бұл – нақты қолдау.

image.png

Осы себепті әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға да мән беріліп отыр. Жаңа білім мен тәжірибені меңгерген маман ғана азаматқа сапалы әрі уақытылы қызмет көрсете алады.

Жалпы әлеуметтік қолдаудың ауқымын мемлекеттік төлемдер көлемінен де аңғаруға болады. Ағымдағы  жылы әлеуметтік төлемдерге 6,8 трлн теңге қарастырылған. Бірінші жартыжылдықта 4,6 млн адам зейнетақы және жәрдемақымен қамтылып, төлемдердің жалпы көлемі 3,3 трлн теңгені құрады.

Халық «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дейді. Бүгінгі мемлекеттік саясаттың мәні де осы ұстаныммен сабақтас: азаматқа тек көмек көрсету емес, оның еңбек етуіне, мамандық алуына, тұрақты табыс табуына жағдай жасау. Ал әлеуметтік қорғау жүйесі осы мүмкіндікті пайдалана алмайтын немесе уақытша қолдауды қажет ететін азаматтарға сүйеніш болуға тиіс.

Демек, жұмыспен қамтудың артуы, тұрақты жұмыс орындарының көбеюі, еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлау және әлеуметтік төлемдердің кең ауқымы – елдегі әлеуметтік саясаттың бір-бірімен сабақтас бағыттары. Ең басты нәтиже – статистикадағы санның өзі емес, сол санның артында тұрған адамның жұмысқа орналасып, табысын тұрақтандырып, ертеңіне сеніммен қарауы.

Жастар әлеуеті – елдің стратегиялық капиталы
Кедергісіз қоғам құрметтен басталады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу