Жастар әлеуеті – елдің стратегиялық капиталы

Oinet.kz 14-07-2026

Қазақстанда жастардың әлеуетін қолдау мен олардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік саясат кезең-кезеңімен кеңейіп келеді. Соңғы жылдары қабылданған шешімдер жастардың білім алуына, жұмысқа орналасуына, кәсіп бастауына және мемлекеттік басқару ісіне араласуына жаңа мүмкіндік ашты.

image.png

Бұл бағыттағы маңызды құжаттардың бірі – Мемлекет басшысы бекіткен 2023–2029 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасы. Құжаттың негізгі ұстанымы – «жастар үшін емес, жастармен бірге». Яғни жастар мемлекеттік қолдау алушы ғана емес, қоғамдық бастамалар мен шешім қабылдау үдерісінің белсенді қатысушысына айналды. Осы мақсатта 2022 жылы сайлау партиялық тізімдерінде және депутаттық мандаттарды бөлу кезінде әйелдерге, жастарға және мүгедектігі бар азаматтарға арналған 30 пайыздық квота енгізілді. Ал 2023 жылы жастардың жас шегі 14-тен 35 жасқа дейін болып қайта белгіленіп, мемлекеттік қолдау шараларының ауқымы кеңейді.

Жас кадрларды қалыптастыруда Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес пен Президенттік жастар кадрлық резерві маңызды рөл атқаруда. Бүгінде резервке енген қатысушылардың 80 пайызы мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторда еңбек етеді. Сонымен қатар соңғы үш жылда мемлекеттік қолдау нәтижесінде жас кәсіпкерлердің саны 12,1 пайызға өсті.

Дарынды жастарды қолдауға бағытталған «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты да өз тиімділігін дәлелдеп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2021 жылы қолға алынған жоба аясында осы уақытқа дейін 153 жас қазақстандық грант иегері атанды. Биыл «Тәуелсіздік ұрпақтары — 2026» байқауына 2200-ден астам өтінім түсіп, оның 1745-і қарауға жіберілді. Нәтижесінде ең жоғары ұпай жинаған 30 жас іріктеліп, әрқайсысына 3 млн теңге көлемінде грант тағайындалды.

Жастарды жұмыспен қамту бағытында да оң өзгерістер байқалады. «Отбасының цифрлық картасы» платформасының дерегіне сәйкес, еңбекпен, біліммен немесе басқа қызметпен қамтылмаған NEET санатындағы жастар саны 6,7 пайызға азайған. Ең жоғары көрсеткіш Түркістан облысында тіркеліп, төмендеу деңгейі 31,5 пайызды құрады. Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл нәтижені жастар ресурстық орталықтарының жүйелі жұмысы мен «Жасыл ел» жобасының тиімділігімен байланыстырады.

Жастардың әлеуметтік жағдайын жақсарту да назардан тыс қалған жоқ. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары түлектерінің 71,9 пайызы өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан. Тұрғын үй бағытында «Алматы жастары», «Елорда жастары», «Сыр жастары», «Қостанай жастары», «Наурыз» сияқты жеңілдетілген бағдарламалар іске асырылуда. Ал Шымкентте жүзеге асқан «Қамқор» бағдарламасы жүздеген жастың баспана алуына мүмкіндік берді.

Еріктілер қозғалысы да жастардың қоғамдық белсенділігінің маңызды көрсеткішіне айналды. Қазір елімізде 250 мыңнан астам жас волонтер бар. Мемлекет басшысы атап өткендей, жаңа Конституцияда волонтерлік қызмет, ғылым, инновациялар және жасанды интеллект ұғымдарының бекітілуі жастардың ел дамуына қосатын үлесіне берілген стратегиялық мәннің айқын көрінісі.

Жастардың қоғамдық белсенділігі елдің ертеңін айқындайтын маңызды фактордың бірі. Осы тұрғыдан алғанда, биыл 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы да жастардың азаматтық ұстанымын танытып, ел болашағына қатысты таңдау жасауына мүмкіндік береді. Белсенді әрі жауапкершілігі жоғары жастардың бұл саяси науқанға қатысуы қоғамның жаңаруына тың серпін бермек.

Гендерлік саясат: Тең мүмкіндікке бастар жол
Еңбек етем дегенге елде мүмкіндік көп
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу