Гендерлік саясат: Тең мүмкіндікке бастар жол

Oinet.kz 12-07-2026

Қазақстанда гендерлік саясатты жетілдіру соңғы жылдары мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналды. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – әйелдер мен ерлерге қоғамдық өмірдің барлық саласында тең мүмкіндік қалыптастырып, олардың құқықтарын қорғау мен әлеуетін толық іске асыруға жағдай жасау.

image.png

Қазақстанда гендерлік саясаттың қалыптасуы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастау алады. 1998 жылы еліміз БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы конвенциясына қосылды. Сондай-ақ БҰҰ-ның «Әйелдердің саяси құқықтары туралы» және «Тұрмыс құрған әйелдің азаматтығы туралы» конвенциялары бекітілді. Бұл қадамдар әйелдердің құқықтарын халықаралық стандарттарға сәйкес қорғауға негіз болды.

Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған заңнамалық өзгерістердің бірі 2024 жылы қабылданды. Сол кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті заңға қол қойып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тетіктерін жетілдіруге жол ашты. Сарапшылар бұл өзгерістерді азаматтардың қауіпсіздігін күшейтіп, гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылды жаңа деңгейге көтерген маңызды құқықтық шешім ретінде бағалады. Сонымен қатар Президент жанындағы Отбасы істері және демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия осы саладағы мемлекеттік бастамаларды үйлестіру жұмыстарын жалғастырып келеді.

Гендерлік теңдік бүгінде тек заңнамамен шектелмей, нақты көрсеткіштерден де көрініс тауып отыр. Парламент пен мәслихаттарда әйелдерге арналған квота енгізілсе, бүгінде Парламент құрамында 28 әйел депутат жұмыс істейді. Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 55,8 пайызға, басшылық лауазымдардағы көрсеткіш 39,1 пайызға жетті. Ал сот жүйесінде әйелдердің үлесі 53 пайызды құрайды.

Білім беру саласында да ерлер мен әйелдерге бірдей мүмкіндік жасалған. Қазақстанда сауаттылық пен жоғары білімге қолжетімділік бойынша толық теңдік қамтамасыз етілген. Жоғары оқу орындарында білім алып жүргендердің 58,38 пайызы – әйелдер, ал 48,73 пайызы – ер адамдар. 

Әйелдердің экономикалық белсенділігі де жылдан-жылға артып келеді. Қазіргі таңда шағын және орта бизнес субъектілерінің 48 пайызын әйелдер басқарады. Ал жеке кәсіпкерлер арасындағы олардың үлесі 54 пайыздан асып отыр. Бұл көрсеткіштер әйелдердің кәсіпкерлік саласындағы орнының нығайып келе жатқанын аңғартады.

Бүгінде гендерлік саясат әйелдерге басымдық беру емес, қоғамдағы барлық азаматқа тең мүмкіндік қалыптастыру қағидатына негізделеді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар заңнаманы жетілдірумен ғана шектелмей, құқықтық мәдениетті арттыруды, гендерлік білімді кеңейтуді және қоғамда өзара құрмет пен тең жауапкершілік қағидаттарын нығайтуды көздейді. Осындай кешенді тәсіл ғана елімізде гендерлік саясаттың тиімді жүзеге асуына негіз болмақ.

Балалар контенті: Сан емес сапа маңызды
Жастар әлеуеті – елдің стратегиялық капиталы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу