Ақмола облысында прокуратура ақша бопсалау фактісін әшкереледі
Ақмола облысында прокуратура қызметкерлері ақша бопсалау дерегін әшкереледі. Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің хабарлауынша оқиға Жарқайың ауданында тіркелген.

Аудан прокуроры Олжас Уәлиевтің жеке қабылдауына келген азамат өзіне қатысты ақша бопсалау фактісі болғанын мәлімдеген. Оның айтуынша, күдікті белгілі бір соманы талап етіп, күш қолдану арқылы қорқытқан.
Аталған дерек бойынша прокурорлық қадағалау органы жедел шаралар қабылдап, қылмыстық іс Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Тергеу барысында күдіктінің кінәсін дәлелдейтін айғақтар жиналып, іс сотқа жолданған.
Сот отырысында қылмыстық істің барлық мән-жайы жан-жақты қаралып, айыптау тарапының уәждері қолдау тауып, заңды күшіне енген үкім шығарылды.
Прокуратураның мәліметінше, бұл жағдай азаматтардың құқықтарын қорғауда жеке қабылдаудың тиімділігін көрсетеді. Өйткені тікелей жүгіну арқылы тұрғындар формальды жауаппен шектелмей, нақты құқықтық көмек ала алады.


