Абай ауданын көркейту жұмыстары жалғасуда

Oinet.kz 18-09-2025 53

   image.png      

Бүгін Шымкент қаласы Абай ауданының әкімі Сұлтанхан Шәкір Асылханұлы брифинг өткізді. Ол ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған жобалардың іске асырылуы жайлы баяндады. Әкімнің айтуынша, Абай ауданы тұрғындары үшін жайлы орта қалыптастыру  басты мақсаттардың бірі.

        Аудан аумағында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 1,9 миллиард теңгеден астам қаражат бөлініп, бірқатар әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда. Соның ішінде 16 жаңа ойын алаңшасы, 3 спорт алаңшасы мен 5 гүлзар салынды. Сонымен қатар, 34 мың шаршы метр аяқжол төселіп, тұрғындарға қауіпсіз әрі қолайлы ортаны қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.

        Көгалдандыруға да ерекше көңіл бөлінуде. Аудан аумағында жаңа бес гүлзар салынып, олардың кейбірі тұрғындар үшін ашылды. Сонымен қатар, «Асар» шағын ауданындағы ескі төрт гүлзар қайта жаңартылуда. Бұл жұмыстар тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге, сонымен бірге ауданның экологиялық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

       Жыл басынан бері 37 рет сенбілік ұйымдастырылып, оған 30 мыңнан астам адам қатысып, қоғамдық жұмысқа белсенділік танытты. Сонымен қатар, балалардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету үшін 63 ескі ойын алаңшасының 45-і жаңартылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.

        Аудан әкімшілігі жарықтандыру мен жылу жүйесін жетілдіруді де басты назарда ұстауда. 2024 жылға дейін аудан көшелерінің тек 15 пайызы ғана жарықтандырылған болса, биыл бұл көрсеткіш айтарлықтай артты. Қазіргі таңда 954 көше жарық шамдарымен жабдықталған, ал жыл соңына дейін барлық көшелер толық жарықтандырылатын болады.

        Жылу маусымына дайындық жүйелі түрде жүргізілді. Аудан аумағындағы 255 көпқабатты тұрғын үй қысқы маусымға толықтай дайын. «ҚуатжылуОрталық» мекемесі арқылы орталық жылу жүйесіне қосылған үйлерде сығымдау жұмыстары жүргізіліп, жылу шығыны азайтылды. Сонымен қатар, 32 мектеп, 9 балабақша және 13 медициналық ұйым жылу жүйесіне толық дайындық жүргізді.

        Тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыру мақсатында аулалар мен арықтарды қоршау, көпірлер салу және аяқжолдарды ретке келтіру жұмыстары жалғасуда. Бұл қадамдар тұрғындардың күнделікті өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты іс-шаралар болып саналады. Әкімнің сөзінше, Абай ауданында атқарылып жатқан жұмыстар тек инфрақұрылым саласын дамытуға ғана емес, тұрғындардың белсенділігін арттыруға, балалар үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Аталған жобалар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Шымкенттің денсаулығы енді жи бақылауында
Шымкент цифрлық инновацияларға бет бұрды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу