Шымкенттің индустриялық әлеуеті артып келеді

Oinet.kz 18-09-2025 48

image.png

     Шымкент қаласының индустриялық дамуы қарқынды жүруде. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлының айтуынша, соңғы жылдары өнеркәсіптік аймақтарда жаңа өндірістер ашылып, мыңдаған жаңа жұмыс орындары құрылды. Қала аумағында жалпы көлемі 1 276 гектарға жететін жеті өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді. Бүгінгі таңда бұл аймақтарда жүздеген жобалар жүзеге асырылып, мыңдаған тұрғын жаңа жұмысқа орналасты. Мәселен, «Оңтүстік» индустриялық аймағы экономиканың маңызды бағыттарының бірі болып саналады. Мұнда 132 миллиард теңгеден астам инвестиция салынған 96 жоба іске асырылуда, олардың көбі толық жұмыс істеп тұр. Жаңа өндірістер 5 мыңнан астам жұмыс орнын құрып, қала тұрғындары үшін тұрақты табыс көзі болып отыр. Биыл тағы бір жоба қолға алынған. Алюминий қаптамасын шығаратын өндіріс орны іске қосылса, 112 жаңа жұмыс орнын ашылмақ.

         Сонымен қатар, «Тассай» индустриялық аймағы да қарқынды дамуда. Мұнда 73 миллиард теңгеге 42 жоба жүзеге асырылуда, олардың ішінде 33 жобасы толық іске қосылған. Жаңа өндірістер 2 мыңнан астам жұмыс орнын қамтамасыз етті. Бұл аймақтағы сауда-логистикалық орталықтар да өз үлесін қосып, онда жүздеген жаңа жұмыс орындары құрылды.

       «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының инвестициялық портфелі де айтарлықтай көлемде. Мұнда жалпы құны 147 миллиард теңгеге жететін 77 жобаны жүзеге асыру жоспарланған, олар 3 мыңға жуық жұмыс орнын ашуды көздейді. Бүгінгі таңда олардың жартысы іске қосылып, 1,2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл жобалар арасында химиялық зауыт және кеңсе қағазын өндіру өндірістері де бар.

      «Жұлдыз» индустриялық аймағы да өз есігін жаңа жобаларға ашуда. Мұнда 69 жоба жүзеге асырылып, 4,8 мың жаңа жұмыс орны құрылмақ. Биылғы жоспар бойынша тағы бірнеше инвестициялық жоба іске қосылып, жүздеген жаңа жұмыс орындары құрылуы тиіс.  Агро-индустриялық бағыттағы «Бозарық» аймағында да жаңа жобалар іске асырылуда. Мұнда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін және сақтау қоймаларын салатын кәсіпорындар ашылуда, бұл аймақ та қала экономикасына қосымша серпін беріп отыр.

        Индустриялық аймақтарды кеңейту жұмыстары да белсенді жүргізілуде. Сауда-логистикалық орталық 136 гектарға ұлғайтылады, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы 100 гектарға кеңейтіледі, ал «Жұлдыз» аймағы 170 гектарға дейін ұлғайтылады. Сонымен қатар, қаланың оңтүстік-батыс бөлігінде металлургия саласындағы жобаларға арналған жаңа индустриалды аймақ құрылмақ.

         Инвестициялар саласында да оң серпін байқалады. 2025 жылдың қаңтар-шілде айларында қала экономикасына 425 миллиард теңгеге жуық қаражат тартылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 26 пайызға артық. Оның ішінде мемлекеттік бюджеттен 110 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінсе, жекеменшік инвесторлар 315 миллиард теңгеден астам инвестиция салды.

         Сәрсен Абайұлының атап өтуінше, бұл жобалар тек экономикалық көрсеткішті көтеріп қана қоймай, қала тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Жұмыс орындарының көбейуі, заманауи өндірістердің ашылуы және инвестициялық ахуалдың жақсаруы Шымкентті тек Қазақстанның емес, Орталық Азияның да ірі индустриялық орталықтарының біріне айналдырып отыр. Қаланың индустриалды даму бағыты болашақта да жалғасады. Жаңа жобалар мен инвестициялар арқасында Шымкенттің экономикасы тұрақты өсіп, тұрғындардың тұрмыс сапасы жақсара бермек.

Шымкентте коммуналдық қызмет заманауи стандартқа өтті
Шымкенттің денсаулығы енді жи бақылауында
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу