«ПетроҚазақстан» – қамқорың болсын!
Еліміздегі ірі компанияларының өкілдері 1 қыркүйек – Білім күні мектептерге қарай бет алды. «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШСі – Шымкент мұнай өңдеу зауыты да айналасындағы мектептерге жомарт қолын созуды мұрат етіп, Шымкент қаласының Еңбекші ауданына қарасты №94 жалпы орта мектебіне ат басын тіреді. «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» компаниясының әкімшілік және қоғаммен байланыс менджері Еркін Жұмаділ мырза мектеп оқушылары мен ұстаздар қауымын Білім күнімен құттықтап, адам мен адамды бір-бірімен теңестіретін білім екенін, білім адамды биік шыңдарға жеткізетінін баса айтты. Компания ұзақ жылдар бойы осы №94 мектепке қамқорлық жасап келеді. Бұл сапар «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» компаниясы қайта құрылған мектептің Акт залы, оқу кабинеттері мен дәліздердегі терезелеріне перде тіктіріп беріпті. Компания бұған дейін сыныптарды парталар және орындықтармен жабдықтауға атсалысқан. Зауыт айналасындағы мектептерге де қомақты қаржы бөліп, қамқорлық көрсетуді «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» компаниясы өзінің әлеуметтік жауапкершілігінің құрамдас бөлігі деп қарайды.
№94 жалпы орта мектептің директоры Қайрат Арыковтың айтуынша, мектеп ғимараты 1983 жылы құрылған екен. Өткен жылға дейін оқушылар көп болғандықтан, балалар үш аусыммен оқып келген. Биыл мектеп қайта құрылып, 150 орындық асхана, 648 шаршы метрлік спорт залы, 180 орындық мәжіліс залы, кітапхана, медициналық кабинет, ағаш пен металл өңдеуге арналған станоктар, сондай-ақ, тігін машиналарымен жабдықталған еңбекке баулу шеберханалары оқушыларға қызмет ете бастады. Енді қыста оқушылар жаурамайтын болды: мектептің жылу жүйесі қайта жабдықталып, көгілдір отынменмен істейтін 2 қазандықпен қамтамасыз етілді. Жалпы сметалық құны 551 миллион 316 мың теңгені құрайтын мектептің басты жаңалығы – оқушылар енді жарық әрі ыңғайлы сыныптарда екі аусыммен оқитын болды. Мектеп 552 орындық, ал оқушылар саны – 900. Оқушылар саны өсу үстінде. Осыған орай, мектеп оқушылары мен ұстаздар оқу процесінің 2 аусымға өтуін үлкен жетістік деп бағалап отыр.
Жоғарыда айтқанымыздай «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» компаниясы басқа мектептер мен ағарту саласының түрлі мекемелеріне де өз қамқорлығын көрсетіп келеді. «Мектепке жол» акциясы Оңтүстік Қазақстан облысында үлкен қарқынмен өтіп, көптеген аз қамтылған отбасыларына айтарлықтай көмек болды. Түрлі компаниялар мен азаматтық қоғам институттары тартылған бұл акцияға «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» компаниясы да белсене қатысты. Әлеуметік жағдайы төмен отбасыларының балаларына «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» компаниясының қызметкерлері көмек қолын созды.
Зауытқа жақын орналасқан Қарабастау және Жұлдыз елді мекендеріндегі қырыққа жуық балдырған мектеп киімімен қамтылды. Айта кетейік, Қарабастаудағы №99 мектепте 1485 бала оқиды. Оның 200-і әлеуметтік көмекке зәру. Жомарт жандардың келетінін естіген балдырғандардың қуанышында шек жоқ. Тағатсыздана қонақтарды күткен оқушылар сыйлықтарын алғанша асық болды. Ағаларына алғыс ретінде концерттік бағдарламаларын дайындапты. Балдырғандардың қуанышын бөлісуге келген ауыл ақсақалдары Шымкент мұнай зауытының жиі көмектесетінін айтып, ризашылығын білдірді. «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» компаниясының әкімшілік және қоғаммен байланыс бойынша менеджері Еркін Жұмаділ мырза: «Біз қайырымдылық акциясына көп қатысамыз. Мұны әдетке де айналдырдық. Балалар қатарынан кем болмасын, оқуда озат болсын деген ниетте көмек қолын созып отырмыз. Ендігі тілегіміз — балалардың амандығы, елдің көрікті азаматы болып өсуі» - дейді.
Аты аталып, сыйлығы табысталған балдырғандардың қуанышында шек болмады. Қолдарына тапсырылған қорапты ашып, ішіндегісін көруге асықты. Бір-біріне мақтанып, көрсетіп жатыр. Айта кететін бір жайт: №99 мектептке өткен «Мектепке жол» акциясына Шымкент мұнай өңдеу зауытынан бөлек облыстық мәслихаттың өкілдері, ауылдың кәсіпкерлері, ауыл билері мен мешіт ұжымы да атсалысты. Осылайша 150 балаға көмек берілді.
Шымкент мұнай өңдеу зауыты құрамдас бөлігі болып табылатын «ПетроҚазақстан » тобы – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне айрықша көңіл бөлетін компания. Әдеттегідей «ПетроҚазақстан» өзінің қызмет аймақтарында түрлі жобаларға демеушілік қолдау көрсетуін тоқтатқан емес. «ПетроҚазақстан » тобы қолға алған әлеуметтік жауапкершілік міндеттердің барлығы – дәстүрлі демеушілік жобалар, қамқорлықтағы мекемелерге қолдау көрсету немесе облыс әкімшіліктерімен ынтымақтастық туралы меморандум шеңберіндегі жұмыстар қашанда сәтті аяқталып, әлеуметтің ауырын жеңіл, алысын жақын етіп келеді. Жалпы алғанда «ПетроҚазақстанның» 2014 жыл бойынша әлеуметтік жобаларға жұмсаған қаржысы 7 миллион АҚШ долларынан асты, соның ішінде – 150 млн. тенге облыс әкімшіліктерімен ынтымақтастық туралы Меморандумдар шеңберінде Шымкент қаласының әлеуметтік жобаларға жұмсалыпты. Спорт саласындағы жобалар – компанияның сыртқы және ішкі саясаты үшін аса маңызды. Оған мысал ретінде «ПетроҚазақтсан» Спартакиадасын атап өтуге болады. 2014 жылдың қыркүйек айында өткен 5-ші мерейтойлық Корпоративтік Спартакиадаға ұйымдастырушы компанияның қызметкерлерінен тыс «ПетроҚазақстанның» бірлескен кәсіпорындары – «Қазгермұнай» ЖШС және «Торғай-Петролеум» АҚ-нан 100-ден астам жұмыскерлер қатысты. Ал іс-шараның ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қатысуы корпоративтік ортадағы бұқаралық спортты дамытудың маңызды екенін тағы бір мәрте паш етті. 2014 жылдың күзінде «ПетроҚазақстан» басшылары қамқорлыққа алған мекемелердің өкілдерімен есеп беру кездесуін өткізді. Осы кездесу шеңберінде, Ұлы Отан соғысының 70 жылдығы қарсаңында, Оңтүстік Қазақстан облысының Ардагерлер кеңесіне 5 миллион теңге ақшалай сертификат ұсынылды. Жыл санап қатары сиреп келе жатқан Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне көрсетілген бұл көмек ұйым қызметінің жемісті болуына өз үлесін тигізді деуге болады.
Қамқорлық акцияларын өткізуді әдетке айналдырған ПетроҚазақстан Ойл Продактс ЖШС – Шымкент мұнай өңдеу зауытының бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқтай кетейік. Жалпы Шымкент мұнай өңдеу зауыты – шикі мұнайды жоғары сапалы мұнай өнімдеріне айналдырумен шұғылданатын компания. 1985 жылы тұрғызылған зауыт Қазақстандағы үш мұнай өңдеу зауытының ішіндегі ең жаңасы болып табылады. Зауыт Қазақстан Республикасындағы мұнай өнімдері өндірісінің жалпы көлемінің 30 пайызғаға жуығын қамтамасыз етеді. ПетроҚазақстан Ойл Продактс ЖШС – Шымкент мұнай өңдеу зауытының алға қойған мақсаты – мұнай саласындағы көпшілік таныған қазақстандық көшбасшыға айналу.
2005 жылдың 26 қазанында Қытайдың CNPC компаниясы зауыттың акциясын сатып алды. Қазіргі уақытта ПетроҚазақстан Ойл Продактс ЖШС – Шымкент мұнай өңдеу зауыты паритетті негізде басқарылады, яғни «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен «ҚазМұнайГаз – өңдеу және маркетинг» АҚ және CNPC Қытай Ұлттық ГазМұнай Корпорациясымен басқарылады. Зауытта өңделетін шикізат – бұл негізінен Құмкөл және Кеңқияқ кендеріндегі қазақстандық мұнай мен Ресейдің Батыс Сібір мұнайы.
ПетроҚазақстан Ойл Продактс ЖШС – Шымкент мұнай өңдеу зауыты жоғары сапалы бензин мен дизельдік отынның бірнеше маркасын, пешке жағылатын отын, вакуумдық газойль, мазут, реактивтік отын мен сұйылтылған газ шығарады. 2013 жылдың 18 қазаннан бастап Зауыт ТС-1 авиациялық керосинін (ТР ТС 013/2011, ГОСТ 10277-86), ал 2013 жылдың 21 желтоқсаннан бастап Зауыт мазуттың M-100 мазуты (ТР ТС 013/2011, ГОСТ 10585-99) шығара бастады.
Шымкент Мұнай өңдеу зауытының жобалық қуаттылығы 5,25 миллион тоннаны немесе жылына жобамен 40,65 миллион баррель мұнайды құрайды. Зауыт қызметін «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» және үшінші тараптардың мұнайын өңдеу арқылы толлинг негізінде атқарады. Мұнай өнімдерінің ассортименті өзіне бензиннің түрлі сұрыптарын, дизельді отынды, авиациялық керосинді, сұйылтылған газды, вакуумды газойл мен мазутты қамтиды.
«ПетроҚазақстан» компаниясының өнімі өңдеу процесінде кәсіби және жоғары технологиялық мүмкіндіктерді қолдану нәтижесінде жоғары сапаға көтерілді, сондай-ақ, құмкөлдік мұнайдың сапасы да аса жоғары.
Бүгінгі таңда осы зауытта үлкен жаңғырту жобасы іске енгізілуде. Бұл – болашақта жоғары сапалы әрі үлкен молшерде жанармай шығарыла бастайды деген сөз.
Қазақстан Республикасының үш мұнай өңдеу зауытының бірі болып табылатын ПетроҚазақстан Ойл Продактс ЖШСі Оңтүстік өңірі тұрғындары алдында өзінің әлеуметтік жауапкершілігін абыроймен атқарып келеді. Әлеуметтік салаға, соның ішіінде ағарту саласының мекемелеріне көрсетіліп жатқан қамқорлық алдағы уақытта да жалғаса бермек. ПетроҚазақстан Ойл Продактс ЖШСінің өкілі Еркін Жұмаділ мырза: «Компанияның демеушілік және қамқорлық бағдарламалары – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінен шығып, Компания қызметкерлерінің рухани қажеттілігіне айналды, ғасырлар бойы барымен бөлісуді ұлттық болмысына айналдырған қазақы менталитеттің жаңа, нарықтық жағдайдағы сипатын қалыптастыра бастады» - дейді.
Ия, барымен бөлісу, айналасына көмек қолын созу – қашанда жетістікке ұмтылған компаниялардың әлеуметтік миссиясы болған. Осы Миссия қашанда жалғасын таба бергей.