Күлтөбе - көне заман көзі
Күлтөбе Түркістан қаласында орналасқан ежелгі бекіністі қоныс және археологиялық ескерткіш. Нысан – ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енген ескерткіш – Түркістан қаласының шығысындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі буферлік оңтүстік аймағында, 480 метр жерде орналасқан. Күлтөбе қазіргі таңда туристердің қызығушылығын оятып жатыр.
Түркістан қаласының бертінгі ортағасырлық тарихының соңғы кезеңінде, бәлкім, 19-ғасырда Күлтөбе қыраты, бүкіл Оңтүстік рабат сияқты, бекініс қабырғаларымен қоршалғандықтан, Күлтөбе ортағасырлық Түркістанның әскери құрылыс жүйесіне жатады. Осы жағдай 1940 жылдың аяғында Оңтүстік Қазақстан экспедициясы Түркістан бекінісінің орнын алдын ала зерттеген кезде Күлтөбені бертінгі ортағасырлық заман қабаттарындағы дербес ескерткіш ретінде анықтауға мүмкіндік бермесе керек.
Күлтөбе жөніндегі алғашқы археология материалдарды Т.Н.Сенигова басқарған Түркістан отряды берді. 1972 жылы қазба жұмысы қыраттың батыс бөлігінен басталды, бірақ 18–19 ғасырларға жататын әдеттегі тұрғын үй кешендерінің жоғары қабаттары топырақтан аршылғаннан кейін ондағы жұмыс тоқтатылды, Күлтөбеден кездейсоқ табылған 7–8 ғасырлардағы Отырар зергерлігінің теңгелері мен аршылған төмненгі қабаттардан жиналған ерте ортағасырлық қыш ыдысы туралы мағлұматтар ғана жарияланды. Осының негізінде ертедегі Иасы қонысының іздерін бертінгі ортағасырлық Түркістан қаласы қабаттары астынан емес, керісінше, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен біршама оңтүстікке қарай іздеу керек деген М.Е.Массонның болжауы тұжырымдалды.
Соңғы жылдары Күлтөбеде жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде Түркістанның болжамды жасы анықталды. Былтыр Түркістанда отандық, шетелдік тарихшылардың қатысуымен өткен жиында қаланың негізі осыдан 3 мың жыл бұрын қаланған деген пікірлер айтылды. Алайда бұл пікірмен көп тарихшылар келіспейді. Олар мұны дәлелдеу үшін Күлтөбеде кешенді қазба жұмыстарын жүргізу керек дейді.
«Күлтөбе қалашығы тарихи объектілерін қалпына келтіру» жобасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 29 желтоқсандағы № 938 қаулысымен бекітілген Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі Кешенді жоспарын іске асырудың маңызды бөлігі болып табылады. Жобаның басты мақсаты -«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи - мәдени қорық-мұражайының маңызды объектісі-«Күлтөбе қалашығы» заманауи археологиялық паркін құру. Осы орайда 2019 жылы 27 гектарды құрайтын қалашықтың барлық аумағында толығымен ауқымды георадарлық сканерлеу жасалды. Нәтижесінде археологиялық қазба жұмыстары жүргізілетін нақты әрі перспективті нысандар айқындалды.