«Greenfield» және «Brownfield» типті өндірістік аймақтарында жұмыс қызу
Түркістан қаласындағы «Turkistan» арнайы экономикалық аймақтың аумағы 3987,39 га құрайды. 6 қосалқы аймақтан тұрады. Оның ішінде, тарихи орталыққа – 861,75 га, әкімшілік-іскерлік орталыққа – 1578,64 га, Оранғай ауылында орналасқан Greenfield-қа – 365 га, Кентау қаласындағы Brownfield өнеркәсіптік қосалқы аймағына – 35 га, Түркістан қаласындағы Brownfield өнеркәсіптік қосалқы аймағына 180 га, әуежайға 967 га жер берілген.
Тарихи-мәдени орталық Түркістан қаласының басты жәдігері болып табылады. Ол Түркі халықтары арасында маңызы жоғары құндылықтардың бірі және «екінші Мекке» аталып кеткен Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің аумағын қамтиды. Онда шетелдік және отандық туристердің қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында көптеген қонақүй кешендері, «Қожа Ахмет Ясауи музейі», «Ұлы дала елі», «Шығыс моншасы», «Визит орталығы» сондай-ақ, халықаралық маңызы бар «Керуен Сарайы» көп салалы туристік кешенінің және басқа да туристік нысандардың құрылыстары жүргізілуде. Іске асырылып жатқан жобалардың нәтижесінде Түркістан қаласына келетін туристер санын 2024 жылға дейін 5 миллионға жеткізу жоспарланған.
Әкімшілік-іскерлік орталық Түркістан қаласының жаңа іскерлік ауданы болып саналады. Аталған аймақта заманауи соңғы үлгідегі үлгідегі ғимарат мен тұрғын үй кешендері, «Көп бейінді аурухана құрылысы», «Олимпиадалық резерв дайындау кешені», «Назарбаев атындағы зияткерлік мектебі» және бұдан бөлек мамандандырылған мектептер, ойын-сауық орталықтары, бизнес жүргізуге арналған басқа да орталықтар салынуда.
«Turkistan» арнайы экономикалық аймағында «Greenfield» типті және «Brownfield» типті өндірістік аймақтар да бар. Жалпы, аумағы 365 гектарды құрайтын «Greenfield» өндірістік аймағы мүлде жаңа, бұрын салынбаған, инфрақұрылыммен қамтылмаған жер телімінде, нақты айтар болсақ, Түркістан және Кентау қалаларының ортасындағы Оранғай ауылында орналасқан. Бүгінде онда бизнес нысандарын көтеру және кәсіпкерлікті дамыту үшін ірі инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде.
«Brownfield» өндірістік аймағы Кентау қаласындағы бұрынғы Экскаватор зауытының аумағында орналасқан. Бұл аймақта өнеркәсіптік ғимараттар мен қажетті инфрақұрылымдар бар. Қалаға экологиялық әсері бар, қолданыстан шыққан зауытты жаңа технологиялық стандарттарға сай қайта жаңарту әрі шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында аймаққа инвестициялық жобалар тартылуда. Ал, әуежай аймағы Кентау қаласына қарасты Шаға елді мекенінің маңынан орын тепкен.
Жоғарыда аталған жұмыстарды жүргізу «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» акционерлік қоғамына жүктелген болатын. Басқарушы компанияның инвестициялық портфелі жалпы құны 408 миллиард теңгені құрайтын 23 жобадан тұрады. Оның ішінде 115 миллиард теңге көлеміндегі инвестиция игерілді. Құны 1,16 миллиард теңге болатын «Неке сарайының» жобасы қолданысқа берілді. Құрылыс кезеңінде жұмыспен қамтылғандардың саны 5978-ге жетті.
Аталған аймаққа келетін әлеуетті инвесторларға қолайлы инвестициялық жағдайлар жасау мақсатында 2043 жылға дейін оларды кеден салығынан, корпоративтік табыс салығы, жер салығы, мүлік салығы, қосымша құн салығынан босату және өтеусіз негізде жер телімін беру қарастырылғанын да айта кетейік.