Шымкенттің қызғалдағы Душанбеде гүлдеді
Душанбе қаласының Рудак даңғылы бойындағы әкімшілік-іскерлік маңайына Шымкенттен жеткен қызғалдақ түбі егіліп, бүгінде жайқалып жатқан жайы бар екен.
Естеріңізге салсақ «Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы 2020» жылының салтанатты жабылу рәсімі онлайн форматта «Цитадель» тарихи-мәдени кешенінде өткен болатын. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мерекелі жылды қорытындылап, ТМД мәдени астанасы эстафетасын Душанбе қаласының төрағасы Рустами Эмомалиға табыстады. Тәжікстандық делегация өкілдеріне эстафетаны тапсыра отырып, қонақтарға "Достық сыйы" атты топтама тарту етті. Қазақ халқының дархан да қонақжай болмысын білдіретін "Достық сыйына" Шымкенттің 2200 жылдық тарихы жазылған 2200 кітап, қаламыздың символына айналған қызғалдақтың 2200 түбі және қала тұрғындарының душанбеліктерге ыстық лебізі мен сәлемі жазылған 2200 тұмар қосылған болатын.
Қаланы көріктендіруші мамандар гүлдерді арнайы кескіндердің ізімен еккен. Қызғалдақтар, мысалы, ұлттық ою-өрнектер, қаланың логотипі мен геометриялық кескін пішінінде гүлдеп тұр. Мамандардың айтуынша, қызғалдақ бір айға жуық уақыт бойы гүлдеп тұрады. Содан кейін жазға қарай олардың орнына басқа гүлдер егіледі. Жаздық гүлдер де көгалдардың, субұрқақ кешендері мен қала көшелерінің көркін аша түспек.
Қазіргі таңда әлемде қызғалдақтың 3 мыңнан астам түрі бар. Оның ішінде 75-ке жуығы жабайы және кең жайылған 150 түрі кездеседі. Елімізде қызғалдақтың 30-дан астам түрі болғандықтан, «Қазақстан – қызғалдақтың отаны» болып есептеледі.