Профессор Төлеген Жұмабеков жәйлі бір үзік сыр

Oinet.kz 02-02-2018 1007

«Өмір де мысал өлең секілді, ұзақты-ғымен 

 өлшенбейді, мазмұнымен өлшенеді».                                         

Сенека.

Өмір деген қызық қой өзі. Зер салсаңыз өмірдің соқпағында, тіршілік барысында көп адаммен кездесіп жүрсең де ілуде біреумен ғана ағайындай жақындасып, уақыт келе тонның ішкі бауындай болып араласып-сыйласып кетесің. Сондай жандардың бірі мен үшін Алматы дәрігерлер білімін жетілдіру институтының деканы әрі анестезиология және реанимация кафедрасының меңгерушісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері,  медицина ғылымдарының докторы, профессор Төлеген Әлтайұлы Жұмабеков болды. Халық арасындағы «Белгілі тұлғалар мен дарынды жандар қарапайым келеді» деген сөздің жаны бар екенін осы абзал да ақжарқын ағамен кездескенде толық сезінесің. Елім деп емірене еңбек еткен қазақтың қай жақсысы болмасын ұлттың ортақ байлығы екені белгілі. Тегі, адамзатты биіктерге жетелейтін жүрген ортасында ізгілік нұрын төгіп жүрген жақсы адамдар емес пе?! Сондықтан, кей кезде «Ортамызды ізгі жүректі, көңілі дархан, жаны жайсаң,  ойы терең азаматтар молырақ болса, шіркін!» деген тәтті  қиялға берілесің.

Screenshot_14.jpg

Соңғы кезде «Зиялы деп кімді атаймыз?» деген сұрақ төңірегінде сөз бен пікір көп. «Зиялы қоғам», «зиялы орта», «зиялы жан», «зиялы іс» мына тынымсыз  бір тынбай дөңгелеген дүниеде молырақ болса екен деп тілейсің. Зиялы жандармен қатар жүргеніңді мақтан етіп, көңілің шалқып, жүрегің жылып, мерейің таситыны, айналаңның көкжиегі кеңи түсетіні хақ. 

Дәрігер-ғалым Т.Жұмабеков Оңтүстік Қазақстандағы Ащысай кентінде 1938 жылы қарапайым шаруа отбасында дүниеге келіпті. Балалық базар шағы Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарына тұспа-тұс келіп, өмірдің қиыншылығы мен ауыртпалығын бір адамдай-ақ көріпті. Оқуы мен ойы зерек  Төлеген орта мектепті күміс медальмен тәмамдап, қолына кәмелеттік аттаестат тиісімен арман-қиял жетегімен Алматыдағы медицина институтының емдеу факультетіне құжаттарын тапсырады. Емтихандардан сүрінбей өтіп, бағы жанып, үміті ақталып, студент атанады. Қызығы мен қиындығы мол студенттік жылдар желпіп өткен тау самалындай боп әп-сәтте өте шықты. Білімге құштар да алғыр жас білімін толықтырып, мамандығын терең меңгеріп, 1964 жылы емші-дәрігер дипломын қолға алып, үлкен өмір жолын  респбликамыздың ең шалғай қияңдағы аудандарының біріне саналатын Созақ ауданында бастады. Алғашқы жылы Бабата ауылдық учаскелік ауруханада бас дәрігер қызметін, содан кейін аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары әрі бас хирургі болып еңбек етті.

– Сол алғашқы еңбек жылдарымды осы күнге дейін сағынышпен еске аламын. Несін жасырамыз, ол уақытта шалғайда тұрып жатқан елдің тұрмысы төмен, ауру-сырқау көп, маман дәрігерлер жетіспейтін ауыр кезең болатын. Сондықтан халық денсаулығын жақсарту, дер кезінде медициналық жедел жәрдем беру үшін күн-түн демей сарқыла еңбек еттік.  Ол жастықтың, елге деген  ыстық ықыластың, халық алдындағы парызымызды орындау   үшін алға қойған биік идеалдарымыздың арқасында болу керек. «Терапевтпіз», «хирургпыз», «гинекологпыз» деп бөлініп жатпайтынбыз. Алдымызға келген сырқатқа мүмкіндінше дәрігер ретінде қол ұшымызды беруді мақсат тұтатынбыз. Талай рет қиналған сәттеріміз де болды. Облыс орталығынан көмек шақырайын десек жер шалғай, көмек келіп жеткенше уақыт өтіп кетеді, сондықтан, білмегенімізді кітаптан оқып алып, «тәуекел» деп батыл іске кірісіп, білгенімізше ем-дом жүргізіп, талай жанды ажал тырнағынан алып қалдық десем артық айтқаным болмас. Ол кезде ауыл дәрігерінің қолынан бәрі келу керек (операция жасау, әйелдерді босандыру, сүйек сынықтарын салу, терапиялық ем және т.с.) еді. Уақыт талабы солай болатын-ды. Патшалық  Ресейде оларды «земский врач» деп, осы күнге дейін ерекше құрметтпен атайды емес пе? Біз де солар тәрізді  болдық. Еңбегімізге қарай елдің батасын алып, көңіліміз марқайып жүретін. Қазір ойласам, ол дегенің өткір ұстараның жүзінде жүргенмен бірдей екен ғой. Сәл мүлт кетсең опық жейсің. Бірақ біз сол қиындықтарды өткере білдік, жеңісті күндеріміз мол болды, – деп сонау алыста қалған мұнарлы жылдарын еске алады Төлеген аға.

Сол еңбегін тоқ санап, күнделікті күйбің тірліктің күйін күйіттеп, уақыт доңғалағын одан әрі дөңгелетіп, ай мен жылдарды жылжытып жүре берер ме еді, қайдам, бірақ білімге деген құштарлық Төлеген ағаның жанын жай таптырмады. Алматыдағы Денсаулық сақтау министрлігіне «білімімді одан әрі жетілдіруді қалаймын» деп бірнеше рет өтініш жазып жүріп, елімізде кенжелеп қалған балалар хирургиясы бойынша 1967 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық Педиатрия ғылыми-зерттеу институтына аспирантурасына жолдама алды.  Бұл жылдар Төкең үшін білімге терең сусындау, мол тәжірибе жинау, тағлымы мен пайдасы  зор тамаша, әйбет жылдар болды. Көп нәрсені үйреніп, көңілге тоқып, ысылып, кәсіби шеберлігін арттыра түсті. Көше аралап, бос жүрмей «Балалардың спецификалық емес өкпе аурулары» тақырыбы бойынша ғылыми ізденіс жүргізіп, ол еңбегін аспирантура соңында, яғни 1970 жылы Мәскеуде сәтті қорғап шықты. Ойлап отырса, ғылымның сырлы әлеміне бойлай кіріп, кандидаттық диссертация қорғау қазақтың  алыс ауылында, қарпайым отбасында өскен Төлеген ағаның  ұмытылмас өмір белестерінің бірі болды. Бұл болашақ ғалымның  үлкен ғылым жолындағы алғашқы баспалдағы еді.

Жас ғалым  Т.Жұмабеков елге оралып, Алматы мемлекеттік медицина институтының балалар хирургиясы мен анестезиология-реанимация кафедрасына қызметке орналасып, құлшына еңбек етті. Студенттерге дәріс бере жүріп, бір тынбай, кейбіреулер тәрізді  тоқмейілсімей ғылыми ізденісін одан әрі жалғастырды.  

– Бұл кафедраның меңгерушісі болып менің бағыма қарай КСРО-ға аты белгілі балалар хирургы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Камал Саруарұлы Ормантаев еңбек ететін еді. Ол маған ерекше қамқорлықпен қарап, мол тәжірибесін үйретті. Білімділігі, парасатылығы мен адамгершілігі, өзін сабырлы ұстауы, сөз саптауы, жылылық ескен жүзі, жас балаларға деген ерекше  көңілі  мені осы күнге дейін өзіне тәнті етеді. Біздің елдегі балалар хирургиясының негізін қалап, көптеген шәкірттер дайындауда мол табыстарға қол жеткен, республикамыздың медицина ғылыми кеңістігінің  «Аспантауы» атанған, өмірден ойып өз орнын алған, артына өшпес із қалдырған, елі мен жерін жанындай сүйетін азамат осы Камекең  десем артық айтқаным болмас. Білгір дәрігер-хирург, ұлағай ғалым-академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Камал аға алдында әрдайым құрметпен бас иемін. Ол кісі біздің елдегі балалар медицинасының титаны ғой,  – деп ойын жалғастырды  Төлеген Әлтайұлы өзінің өмірлік ұстазы жайлы ағынан жарылып. Несі бар, «сүйер ұлың болса сүй» демей ме халық даналығы...

1988 жылы оны Қазақ мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру инситутына шақырып, республикада алғаш балалар анестезиологиясы мен реанимация кафедрасын ұйымдастыру  тапсырылды. Бұл сыннан Төлеген аға мүдірмей өтті. Жанына білімді жас дәрігер-ғалымдарды топтастырып, беріле еңбек етіп, көп ұзамай-ақ бұл кафедра институттағы беделді кафедралардың қатарына қосылды. Содан бері, қарап отырса, міне 30 жыл жылжып артта қалыпты. Ол жылдар босқа өткен жылдар болмапты: жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен жүздеген дәрігерлер келіп, білімдерін толықтырып, шеберлігін артырып келіп-кетіп жатады. Республикамыздың  қай аймағына бармаңыз анестезиолог-дәрігерлер профессор Төлеген Жұмабеков жайлы ыстық лебізі мен жүрекжарды жылы пікірлерін білдіреді.  

Төлеген аға 1992 жылы көп жылдардан бері жинаған ғылыми еңбектерін саралап, бір жүйеге келтіріп Мәскеуде докторлық диссертациясын қорғады. Ғалымның қорғаған тақырыбы – «Балалар бас сүйегі мен миының ауыр жарақаттары мен зардаптары кезінде көрсетілетін интенсивті терапия». Бұл қазіргі күннің күйіп тұрған актуалды тақырыбы.  Не дегенмен әлі де балалар арасында сан түрлі жарақаттар көбеймесе азаяр емес. 

Сол жылдың күзінде оған ғылымдағы және кадр-мамандар даярлауда сіңірген еңбегі  үшін профессор деген ғылыми атақ берілді. Ал 1995 жылы ол Халықаралық информация академиясының мүше-корреспонденті деген құрметті атаққа ие  болды. 

Профессор Төлеген Жұмабеков көп жылдардан бері Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас анестезиолог-реаниматологы, бірнеше ғылыми кеңестердің мүшесі. Оның қаламынан шыққан көптеген ғылыми еңбектері мен ұсыныстары дәрігерлер арасында кең қолдау тапқан. Мезгіл-мезгіл еліміздің шет аймақтарда орналасқан облыстарында болып, әріптестеріне тиісті ақыл-кеңес, практикалық жәрдем көрсетуден ол еш аянып қалған емес. Сондықтан болар ондағы әріптестері білімді де білікті Төкеңді ағасындай әрдайым жылы қарсы алады, арқа сүйейді. Ғылыми ортада  есімі таныс ғалымның конференцияларда, семинарларда білгір маман, профессор Т.Жұмабековтың баяндамалары мен пікірлері көпшіліктің қызығушылығын тудырады, ұсыныстары қолдау табады. Сондықтан болар, ол кезінде «КСРО денсаулық сақтау үздігі», «КСРО  тапқышы» («Изобретатель СССР») деген төсбелгілермен, ондаған мақтау грамоталарымен марапатталған, бірнеше ұсынысына авторлық куәлік берілген.. 

Ғылымдағы мол жетістіктері мен енгізген жаңалықтары үшін академик К.Ормантаев басқарған еліміздің бір топ балалар хирургтары мен анестезиологтары (медицина ғылымдарының докторлары Абубәкір Ерекешов, Ағабек Қарабеков және т.б.)  1999 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Солардың арасында профессор Төлеген Әлтайұлы да бар болатын. 

– Шынымды айтсам, біз, балалар дәрігерлері, сыйлық үшін еңбек еткен жоқпыз. Бар ниетіміз еліміздегі балалар денсаулығын жақсарту, оларды әртүрлі сырқаттар мен зардаптардан  арылту, профилактикалық жұмыстарды жөнді жолға қою болды. Сол көпжылдық еңбегіміз орынды бағаланып, Мемлекеттік сыйлыққа іліккеніміз біз үшін күтпеген оқиға болды. Елімізге, халқымызға, билік басында отырған азаматтарға ризашылғымыз шексіз. Еңбегің жанып, дер кезінде бағаланып, құрметке бөленіп жатса -  бұл адамның еңбектен тапқан бақыты  емес пе?! – дейді Төлеген аға терезеден айбарлы Алатаудың ақ басты шыңдарына көз тастай. Сөйтті  де ол бір сәт ой құшағына беріліп кетті. Не ойлады екен сол сәтте? Мүмкін қазақ тарихының куәгері, киелі Қаратаудың бөктерінде өткен қиындыққа толы жастық шағы, немесе Мәскеуде білім берген ұлағатты ұстаздары, немесе күнделікті қиындық пен қуанышты бірге бөлісіп қатар жүрген әріптесері, немесе  еркелеп алдынан шығып, «ата» дей келіп жабысып, мойнына асылатын немерелері келді ме екен ойына? Кім білсін...

– «...Мен бірде-бір адамның, мейлі ол кім болмасын, қай ұлттан болсын, меселін қайтарып көрген емеспін. Үміттің аяқасты болуынан артық қорлық жоқ. Жердің үстімен келіп, астымен қайтқаннан асқан азап болмайды. Жақсылығыңды адамға жаса. Күнде жұмысқа келе жатқанда осы ой жетелеп кеп табалдырықты аттатырады» - деп жазған ұлтымыздың кемеңгер перзенті Дінмұхамед Қонаевтың даналық сөзі менің әрдайым жадымда жүреді. Санасында саңлауы бар адамға «Ұлық болсаң, кішік бол» деген қазақтың қанатты  сөзі де керемет,  – деп ойын жалғастырды Төлеген аға. – Адамның күні адаммен. Сенің алдыңа адам болғасын келіп отырған кісінің  ісіне көмектесу, өтінішін барынша орындау парыз. Өйткені ол сенің мүмкіншілігіңді пайымдап алдыңа келіп отыр ғой. Адамзат қолдан келгенінше біріне бірі жәрдем беруі керек. Алдыңа өтінішпен келген адамның көңілін қалдырмауға тырыс, қол ұшын бер, көмектес. Сонда ғана сені ел сыйлайды, құрметтейді, абыройлы боласың. 

Сөздің бір реті келгенде «Төке, қазақ «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деп жатады. Өзіңіздің ізіңізді басып келе жатқан шәкірттеріңіз, белгілі ғылыми еңбектеріңіз жайлы қысқаша болса да әңгімелеп берсеңіз», - деп  сөзге тарттық.

– Ғылыми ортада жүргеннен соң міндетті түрде ғылыми еңбектерің, шәкірттерің болу хақ. Жұмыс істей жүріп, 300-ден астам ғылыми еңбек жазыппын. Оның алтауы ғылыми  монография, бірнешеуі дәрігер-курсанттарға арналған оқу құралдары. Әдістемелік құралдар мен тиімді ұсыныстарымыз да жоқ емес. Бүгінгі таңға дейін 3 докторлық, 19 кандидаттық, біраз магистрлік диссертацияға жетекшілік етіп, оларды ойдағыдай қорғатып шығарыппын. Бұл бағалай білген жанға жаман жетістік емес. Алда тұрған әлі де талай жоспар, мақсаттар бар. Бұйыртса, ел тыныштығы мен деннің саулығы болса, ол биіктер де алынар... 

– Баларыңыздың бірі Әуезхан сіздің жолыңызды қуып, дәрігер-хирург болды. Қатардағы жәй дәрігер емес, ғылымдағы Сіздің жолыңызды қайталап кандидаттық, докторлық диссертация қорғады. Қазір сол  ұлыңыз  өзіңіз еңбек етіп жүрген  Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтында хирургия кафедрасының меңгерушісі. «Балаға әке сыншы» дегендей, сол балаңызға бір сәт сын көзбен қарап көрдіңіз бе?  

– Әркім «шыққан тауым биік болса екен» деп армандайды емес пе? Мен де балаларымның өмірден өз орындарын тауып, «кірпіш болып қаланып», халқына бір кісідей беріліп еңбек етсе, таза еңбегімен елдің сый-құрметіне бөленсе деп қиялдаймын. Шүкір, балаларым  менің сенімімді ақтап, еңбексүйгіш, ұлтжанды, саналы болып өсті. Олардың қалыптасуына қолымызда болған қарт әкем мен шешемнің әсері, тәрбиесі мол болды. Балаларым Алматыда өссе де елдің салт-дәстүрін, ұлтымыздың тілі мен мәдениетін бойларына терең сіңіріп өсті. Алматыдағы көп отбасындағыдай не қазақша, не орысша білмейтін «дүбара» болып кетпегендеріне тәубе деймін. Болашақ мамандықтарын өздері қалады. Әуезханым жайлы жаңа өзің айттың, оған қосар ештеңем жоқ. Оның болашағын  алдын ала болжамай-ақ қоялық. 

Басқа балаларыма келсек: үлкен қызым Алмаш та  дәрігерлік мамандықты таңдады. Қазір ол Қазақ мемлекеттік медицина университетінің инфекциялық аурулар кафедрасында дәріс береді. Қызым Сәуле музыкант, Германияда тұрады. Гүлшаш қызым парсы тілінің білгір маманы. Кіші ұлым Әділхан экономист. Кенжетайым  Мәдина университеттік білім алы, мандығы бойынша қызмет етуде. Жұбайым Менсұлудың мамандығы дәрігер. Құдайға шүкір, отбасымыздың тату-бірлігі, тыныс-тіршілігі ойымыздағыдай, балаларым сенімімнен шығып жүр.

Қазақта «Адам өзін бақытты сезіну үшін үш нәрсе болу керек: бірінші, жаныңа ұнайтын, қуаныш әкелетін, сүйікті, күнделікті еңбегің; екінші, сені әрдайым түсіне білетін, сыйлайтын, құрметтейтін өмірлік жарың; үшінші,  қуаныш пен қиындығыңды бөлісе білетін, сырыңды ұғатын сенімді достарың». Тәубе, менің ойымша, соның барлығы менің басымда бар сияқты. Мен сонымен бақыттымын. 

– Жаңа, әңгіме  арасында әкеңіз бен шешеңіз жайлы жақсы  пікір айтып қалдыңыз. Олар  қолыңызда, қалады болды ма?

– Мен Алматыға келісімен-ақ әкем мен шешемді қолыма алдым. Өйткені елде оларға қарайтын ешкім қалмады. Алғашқыда ауылды, туған елді көп уақыт бойы ұмыта алмай қиналып, қатты аңсап жүрді. Бірте-бірте қаланың өміріне үйренді, қалыптасты. Олар менің балаларымды жөн-жосықпен тәрбиелеуге  зор үлес қосты. Сол үшін оларға шексіз ризамын. Әйтпесе, егер олай  болмаса  ұл-қыздарымның барлығы  қаладағы шүлдірлегеген шала қазақ болып кететін еді. Әкем  мен анам екеуі де 90 жасқа жақындап  барып дүниеден озды. Бірімізге біріміз өмірлерінің соңғы күніне дейін иш демей, түс шайытпай өттік. Керісінеше қолдан келгенше көңіл бөліп, жас баладай мәпелеп, сыйлап, құрметтеп өттік. Жатқан жерлері жайлы болғырлар, менің өсіп-жетілуіме, азамат болып қалыптасуыма, ғылыми жетістіктерге жетуіме, балаларымның тәрбиелі болып өсуіне  олардың еңбектері ұлан-ғасыр. Өмірлік тіреуім де, сүйеуім де,  жарықтық, әкем мен анам болды. Жандары пейіште шалқысын, жарықтықтардың рухтары әлі  де  біздердің жүрегімізді жылытып жүре бергей...

– Кейде  біреуді мақтағымыз келсе «бақытын еңбектен тапқан жан» деп жатамыз. Оған сіз қалай қарайсыз? 

– Адам адамдар арасында ғана бақытты. Егер олай болмаса өмір сүрудің мәнісі, тіпті, қажеті болмас еді. Адамзаттың игілігі үшін білікті, шебер маман болып, елге қалтқысыз беріле еңбек етсек, одан рахат сезімге, құрметке  бөлінсек – бұл деген адамның баға жетпес  үлкен бақыты. Жалғыз адам ешқашан бақытты бола алмайды. Қолдан келсе басқаларға жақсылық жаса, қуаныш сыйла, игілікті іспен жәрдем беруге тырыс. Сонда ғана сен қоғамға пайдалысың, адамзатқа керексің. Өкінішке орай, соңғы кезде тек өз басының қамы мен қалтасын, баю мен дүние жинауды мақсат еткен  рухсыз жандар ортамызда көбейіп барады. Бұл – қоғам үшін қауіпті. Барлық адами қасиетті, кісілікті   басыңдағы байлықпен, қалтаңдағы теңгемен, жинаған дүниеңмен есептеуге  болмайды. Жастар тәрбиесін қазір уыстан шығарып алып, келешекте өзек өртер өкініштен бармағымызды тістеп жүрмесек болғаны... Сондықтан, сіз болып, біз болып бұл бағытта  ойланар, толғанар, айтылар проблемалар  жеткілікті. 

– Халық аузынды «Адамдар жасаған қайырымдылығы үшін алғыс алмаса, күндердің күнінде жақсылық жасаудан жалығады» - деген сөз бар. Сіздің, Төлеген аға, бұған пікіріңіз қалай? 

– Адами қасиеттер, адамгершілік құндылықтар әрдайым жоғары тұру керек. Бұл күндері өмірге деген көзқарас елеулі өзгеріске ұшырады. VII ғасырда өмір сүрген Шығыс ғұламаларының  біріне «Білім артық па, байлық артық па?» деген сұрақ қойыпты. Сонда ғұлама «Білім сені бағады, байлықты сен бағасың. Білімді іздей берсең көбейеді, жұмсағанмен азаймайды. Байлықты жұмсай бастасаң азаяды. Білімнің артықшылығы сонда» деген екен.  Қазіргі көп адамдар, жаңа мен айтқандай, ақша мен дүниеге қызығып, қорқау аш қасқырдай күндіз-түні баюдың жолын іздеп «қайдан ақша тапсам екен», «қалай байысам екен» деп әлек болып жүр. Ондайлардың бүкіл өмірі ақшаның, қу дүниенің, мүліктің төңірегінде өтіп жатыр. Бірақ, адам өмірінен құнды не бар? Тәңірдің берген сол өлшеулі өмірін жақсылықты, игілікті іске неге арнамасқа?! Соны ұқпайтын жандарды кездестіргенде көңілің пәс түсіп қалады. «Жақсылық адамнан қайтпаса, Алладан қайтады» деген қағида бар ғой халық арасында.  Жақсылыққа жаны құмар кісілерді көргенде жаным жадырап, көңілім марқайып қалады. Сондықтан жақсылыққа ұмтылу, өзгелерге қайырымдылық жасау  ешкімді жалықтырмау керек. Қолдан келсе қол ұшын беріп, жәрдем бер, басқаға көмегіңді аяма. 

...Далаға шықсақ жапалақтап қар жауып, әп-сәтте  көшені де, ағаштарды да, үйлердің  шатырларын да, бүкіл дүние-әлемді аппақ  ақ  түске малып тастапты. Табиғат ұлпа қарға оранып, балалардың ертегісіндегідей мүлгіп тұр. Ызғарсыз, кіршіксіз қар ақ мамық көрпедей аяқ астымызға төселіп жатыр. Жер де, көк те, қоршаған дүние де түгел аппақ. Қиялдағы нағыз әдемі қыс. Алдына көмек сұрай келген жас сәби баларды жүрегінің жылуымен жылытып, бар саналы өмірін балалар жанын арашалауға арнап, ізгілікті ісімен, жоғары адами қасиеттерімен ел құрметіне бөленіп жүрген білікті дәрігер, профессор Төлеген Жұмабеков сияқты  ақ пейілді абзал жанмен осындай қыстың  бір әдемі күнінде жолыққанымызды біз жақсылыққа жорыдық.         

«Әрдайым отбасыңыз аман болып, елге жасаған игілікті еңбегіңіз жанып, жолы ауыр ғылымның соқпағында мерейіңіз үстем болғай, жақсы аға!» - деген  ізгі  тілекпен абыройлы  абзал азамат Төлеген Әлтайұлымен қоштастық. 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина  ғылымдарының  докторы, профессор

Ғазиз жан еді Ғанизат Асабаев...
Анасын өлтіру үшін киллер жалдаған рэп жұлдызы 99 жылға сотталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу