Ғазиз жан еді Ғанизат Асабаев...
Өмір-ай десеңші... Тағы да бір дарынды медицина қызметкері, өлкемізге танымал дәрігер, көптің алдында ерекше құрметке ие болған Ғанизат Қуатбекұлы Асабаевтан айырылып қалдық. Өлім – табиғи нәрсе дейміз ғой. Дегенмен Ғанизат Асабаев бұл өмірде, мынау қоғамда өзіндік үлкен орны бар азамат еді. Сондықтан оның қазасы жанымызға қатты батады.
Ғанизат Асабаев бүкіл өмірін медицинаға арнаған азамат болатын. Институтты бітіргеннен бастап медицина саласында талмай еңбек еткен ол екі жыл бұрын зейнеткерлікке шыққан еді. Бірақ бергенінен берері көп білікті маман еңбектен қол үзген жоқ. Еңбек жолын ол қатардағы дәрігер болып бастады. Шымкенттегі жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының кардиология бөлімшесінде, одан кейін теміржол ауруханасында бірнеше жыл жұмыс атқарды, бөлімше меңгерушісі болды. Қазығұрт аудандық орталық аурухананың бас дәрігері қызметін атқарды. Ол өте білімді, білгір дәрігер болатын. Көптеген адамды өлім аузынан алып қалған, ажалға араша түскен азамат еді. Бар қажыр-қайратын адам өмірін сақтап қалуға арнаған жұмсаған жан.
Көп ізденетін. Ғанизаттың ұстаздарын да жақсы білеміз, олар белгілі кардиологтар болды. Антонина Андреевна Соколова, Сәуле Райымбекқызы Әбсейітова сияқты сондай білгір мамандардың қасында жүріп үлкен тәжірибе жинады. Соның арқасында Ғанизаттың алдына барған әрбір науқас өмірге қайта келгендей болатын, жазылып кететін. Өз мамандығын жанымен сүйген, оның жауапкершілігін терең сезіне білген Ғанизаттың алдынан көптеген адамдар шипа тауып, денсаулықтары түзеліп кетіп жатқанының куәсі болдық. Медицина қызметкерлері арасында осынысымен шоқтығы биік, абыройы жоғары еді.
Ғанизат Асабаев жан-дүниесі өте таза, рухани байлығы зор азамат болатын. Көп оқитын, кейбір ақындардың өлеңдерін жатқа білуші еді. Әсіресе Абайдың, Олжас Сүлейменовтің өлеңдерін жатқа айтатын. Науқастарды осындай өлеңдермен де сергітіп, қанаттандыра білетін азамат еді ғой. Авиценна: «Ең бірінші науқасты сөзбен емдеу керек. Сөз әсер етпесе – дәрімен, дәрі әсер етпесе, онда пышаққа жүгіну керек», – деп бекер айтпаған ғой. Сол айтқандай, Ғанизат та сөздің әсері де ауруларға шипа болатынын өте жақсы білетін. Науқастардың шағымдарын мұқият тыңдап, әрбір сөзіне үлкен мән беретін. Көңіл-күйі түсіп отырған науқастарға әзілдей сөйлеп, өмір сүруге, ауруды жеңуге деген құлшынысын заматта оята алатын мұндай қасиет екінің біріне берілмеген.
Әріптесіміздің адами қасиеті де ерекше болатын. Мысалы, біздің үйге келіп жүріп менің анаммен туған бауырындай етене араласып кетті. Анамның көзі тірі кезінде үйге інісі ретінде жиі іздеп келіп тұрушы еді. Науат, қант, мейіз, өрігін көтеріп келіп: «Апа, ініңіз сізді іздеп келіп қалды. Міне, сізге әкелдім, шай ішіңіз», – деген сөзінің өзі оның адамға бауырмалдығын, қамқорлығын білдіреді емес пе? Мұндай мейірімділік екінің бірінің бойынан табыла бермейтінін мойындау керек.
Ғанизаттың өзі де өлең жазатын. Оның жүректі жарып шыққан өлеңдері, оқығанда балалық шаққа саяхат жасағандай көңіліңді бір серпілтіп тастайтын, ой салатын әңгімелері көптеген республикалық газеттерде жарияланған. Оның шығармаларын оқығанда ысылған, жаттыққан жазушы туындысын оқығандай әсер алушы едік. Елге бергенінен берері көп, керек азамат еді-ау. Осының бәріне үлгеріп жүретін асыл да абзал азамат енді арамызда жоқ.
Осындай сегіз қырлы, бір сырлы абзал азаматтан айырылып қалу қандай қиын десең-ші! Алланың ісіне шара бар ма? Өткен іске салауат айтудан басқа шарамыз қалмады. Әттең дегеннен басқа қолымыздан келер қайран жоқ. Ұзақ жасаса қасындағы шәкірттеріне әлі де үйрете түскенде, өскелең ұрпақ өнеге алғанда ғой деген ойда, арманда қалдық.
...Ғанизаттай дәрігердің есімі жүрегімізде мәңгі сақталады.
Икрам ТУЛЕЕВ.
«Оңтүстік» медицина қызметкерлері Қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы