Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы – қазақ медицинасының атасы

Oinet.kz 23-12-2017 2454

Көршілес Ресей мемлекетінде клиникалық ауруханалар мен емханалардың атаулары медицина саласындағы көрнекті ғалымдар мен атақты дәрігерлердің есімдерімен аталады. Ал, біздің елде тек ғылыми-зерттеу институттары, медициналық  кейбір оқу орындары мен жекеменшік емдеу мекемелері болмаса отандық медицинаға елеулі үлес қосқан азаматтармыз бұлайша бағаланып жатқан жоқ. Тек қана Шымкенттегі бароорталық қана Т.О.Орынбаев атын иеленген. Қазақтан шыққан ешкім жоқтай, әлі күнге дейін отандық медицинасының алғашқы тұлғалары ретінде сол баяғыдай Гипократты немесе Ибн-Синаны алға тартып отырмыз. Әйтпесе, өз елімізден, жергілікті өз ұлтымыздан шыққан дарынды шипагерлер болған жоқ па еді?! Әрине, олар болған...

Screenshot_15.jpg

Ізденсек бәрін де табуға болар еді. Р.Қ.Биғалиева 2009 жылы «Бүкіл әлемдік медицина тарихы» атты оқулық ретінде баспадан шыққан кітабында 1397 жылғы Жетісу өңірінде, қазіргі Алматы қаласы Нарынқол ауданында туылып, 95 жас өмір сүрген ғұлама, қараүзген шипагер, жаһангер, этнограф, тарихшы, философ, ақын, астроном, биолог, химик, психолог, ұстаз Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы туралы біраз тарихи деректер келтірген. Ол шипагерлік жолында теңдессіз, терең еңбек етіп, аса құпия түрде 1050 дәрі түрін жасап, 4577 шипа шағым ұсынған. Дәрі-дәрмектің 728-ін өсімдіктен, 318-ін құрт, жан-жануарлар мүшелерінен жасап, 60-ында асыл металл-металлиттерді пайдаланған. Шипагер Өтейбойдақ ғылыми-зерттеулерін өзі өскен кең далада әр түрлі малды сойып, тексеріп, даланың неше түрлі шөбін, өсімдігін және емге қажетті минералды заттарын алдымен өзі ішіп, өзі жеп талай уланып, өзін-өзі емдеген. Ол Лұқпан Хакімнің шәкірті болған, Жәнібек ханның денсаулық сақтау жөніндегі көптеген көкейтесті сұрақтарына жауап беріп, ұрпақ амандығын сақтауға бағытталған небір құнды ұсыныстарын жасаған. Соның ішінде «Жеті Атадан» бері үйленбеу керектігін алғаш дәлелдеген де осы Өтепбойдақ болған. 

Жәнібек ханның сынынан өткен Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы хан әмірімен «Шипагерлік баянды» жазыпты. Бұл кітапта 350-ден астам дене мүшелерінің анатомиялық терминдері жазылған. Еуропалық ғылыми медицинаға кейіннен белгілі болған қан айналым шеңберін В.Гарвейден бір ғасыр бұрын ашқан. Сондай-ақ, ағылшын ғылымы Эдуард Дженнерден 350 жыл бұрын шешекке қарсы вакцинаны жасап, егуді бастаған. Бұл туралы оқулықтағы деректен бөлек мынадай жағдай болғанын да айта кетейін. Қайбір жылы марқұм академигіміз Б.Балабековтің іссапармен Англияға барғанда оны қарсы алған ғалымдар «Бұл ғалымымыз сонау жылдары халықн шешектен аман алып қалған Өтейбойдақ елінен келді» дегенде Өтейбойдақты білмей қалғанына қатты ұялғанын әңгіме еткені туралы профессор Лесбек Тәшімов қызықты етіп айтып бергені әлі есімде. 

Ұлы ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы – қазақ медицинасының негізін қалаушы. Ғалымның қолжазбасы өз заманынында жарық көргенде, әлемдік медицина ғалымдары арасынан өз орнын тауып, Қазақ медицинасының отауын тігіп кетер еді. Әттең, Қытайдағы мәдени революцияның салдарынан еңбектерінің көбі жанып кеткен дейді. Шипагер өзінен не ұрпақ, не шәкірттері қалмағанымен өшпес мұра қалдырғаны туралы  былай деген:

«Қалмады ұрпақ, Өтейбойдақ  ояндалды;

Мені өшірмес «Шипалық баян» қалды.  

Бұ да менің ұрпағым жөн білгенге,  

Тілкімменен жалғасқан аян қалды».

«Менен ұрпақ қалмаса да, күндердің күнінде мені әйгілі ететін  «Шипагерлік баян»  артымда  қалмақ.  Бұл саңғылықтар қадірін  біліп, ұстана білсе, қанғысыз бұлақ қадірін білмесе, отбасы аяқпен тозатын тулақ» деп кітаптың қасиетті екенін ескертіп кеткен. Бұл шығарма әлі де егжей-тегжейлі зерттеліп, ұлтымыздың медицинасының ежелден дамығанының айғағы ретінде көпшілікке белгілі бола қойған жоқ. «Тек  әркімнің өзі» «Шипагерлік  баяннан» тікелей оқығанда немесе кәсіп етіп әмәлиятына араласқанда ғана  ұғына алатын жұмыс» деген  Ә.Тышанұлы (1996).

«Шипагерлік баян» 1994 жылдың желтоқсан айында Үрімжі қаласындағы Шыңжаң ғылыми техникалық денсаулық сақтау баспасында 20 мың данамен араб әріпінде басылып шығарылды. Қытай үкіметі 1997 жылы осы кітапқа мемлекеттік сыйлық берген.  

Қазақстанда тұңғыш рет «Жалын» баспасынан 1996 жылы 30 мың  данамен басылып шыққан (Араб каріпінен көшіргендер – Ақан Елемес, Дүкен Мәсімхан). 

«Шипагерлік баянды» зерттеуші ғалымдардың (М.Жолдасбеков, Ә. Нұрмухамедұлы, З.Қожалымов, М.Сапарбеков, және т.б.) айтуынша бұл ғылымнамалық еңбек медицинаның барлық салаларын қамтыған.

Шығыс медицинасы мен Қытай медицинасының қалай және қандай  дәрежеде дамығаны, олардың жазылуы медицина қауымдастығында жақсы  таныс. Алайда осы жағдайларды біле тура ол елдегі медицина ісіне  Өтейбойдақ еңбектерінің қаншалықты үлесі және ықпалы болғандығын  зерттеуді әлі қолға алар емеспіз. Осыдан 5-6 жыл бұрын Ұлттық Медицина Ассоцияциясының кезекті Ассамлеясы Түркістан қаласында «Халықтық медицинасының дамуы» тақырыбымен өткен еді. Сол форумға қатысқан қытайлық өз ұлтымыздың өкілдері Өтейбойдақтың еңбектерінің қытай, шығыс медицинасындағы көп кездесуін алға тартқан да болатын.

Жалпы алғанда, ұлы кеменгер ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы – қазақ   медицинасының негізін қалаушы. Сондықтан да, ол ұлттық  медицинамыздың  ірі  тұлғасы  ретінде  жан-жақты бағалануы қажет. Оның  еңбектерін түбегейлі зерттеу келер күндердегі ғылыми-зерттеу  институттарының үлесінде болатынына көп үміттенеміз. 

Осыдан он жыл бұрын Түркістан қаласында алғаш рет салынған «Дәрігерлер аллеясының» ортасында Ибн-Синаның ескерткішін қойып,  оның оң жағындағы мәрмәр тасқа Өтейбойдақтың, ал сол жағына  Гипократтың қысқаша еңбек деректері қашалып жазылған болатын. Ол  қыруар жұмысқа сол кездегі Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ-нің президенті Л.Тәшімовтың еңбегі орасан болды.  

Ғаламторда Қытайдың Шынжаң өлкесінде Өтейбойдаққа ескерткіш  орнатылып, оның еңбектерін ескеріп Үкіметтен оған Мемлекеттік сыйлық  беру керектігін қазақ қандастарымыздан ұсыныс жасалғаны да айтылған. Ал, біз Өтейбойдақтың өз еліндегі атақоныста ескерткішін орнатып, өсер ұрпаққа оны дәріптеуді жөн көрдік. Осы мақсатта Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты халыққа Жолдауы аясында биыл «Оңтүстік» медицина қызметкерлері қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің бастауы және Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен Шымкент қаласындағы «Абай» саябағында Медицина қызметкерлерінің аллеясы салынды. Оны Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 26 жылдығына орай салтанатты түрде 15 желтоқсан күні облыс әкімі Ж.Түймебаев ашты. Қала және  облыстың аудандарынан келген медициналық, қоғамдық және басқа да мекемелерден келген азаматтардың қуанышында шек болған жоқ.

Бұл жолы аллеяның ортасына Өтейбойдақтың бет пішіні биік гранит тастың үстіне мыстан жасалып қойылды. Оның оң жағына Қазақстан дәрігерлерінің антынан үзінді, ал сол жағына өзгені құтқарамын деп өз жанын пида еткен медицина қызметкерлеріне арналған  гранит тас қойылды.  

Ескерткіш салудың негізгі мақсаты  қазақтың алғашқы шипагерін өсер ұрпақтың есінде ұзақ сақтау, Шымкенттің мәдениет орталығы болып қалыптасуына денсаулық сақтау қызметкерлерінің өз үлесін қосу, сонымен қатар осы қызметтегілердің ауызбіршілігін, ынтымағы мен қоғамдық ұйымшылдығын айғақтайтын символ ретінде таныту болып табылады.  Аллея бюджеттік қаржы есебінен емес, облыстағы медицина қызметкерлерінің демеушілігімен салынды. Бұл – ұлыларымызды ұлықтай білетініміздің көрінісі. 

Келешекте аллея медициналық оқу орындарын үздік бітіргендерге  диплом табыстайтын, Қазақстан дәрігерлерінің антын қабылдайтын,  сонымен қатар, кәсіби мерекенің бастауы болатын орынға айналуы тиіс. Ол өскен өлкенің медицина тарихын білуге ықпал етеді. Ары қарай  әріптестеріміздің медиина саласындағы үлкен ғылыми-практикалық жетістіктеріне Өтейбойдақ Тілеқабылұлы атындағы сыйлық (төсбелгі) және  үздік студенттерге шәкіртақы белгілеу өте дұрыс болар еді. Ұлы бабамыздың  «Шипагерлі баяны» атты кітабын көп таралыммен қайта бастырып шығарудың уақыты да әлдеқашан жетті. 

Икрам ТӨЛЕВ, 

«Оңтүстік» медицина қызметкерлері қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Қажымұқанды жеңген қазақ
Марапат алғандар тізімі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу