Турнир басталды
Отырар ауданы орталығындағы «Оқсыз» спорт кешенінде Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері, КСРО-ның еңбек озаты Төлеген Омаровты еске алуға арналған 2006-2007 және 2008-2009 жылдары туылған жасөспірімдер арасында бокстан республикалық турнир басталды. Биыл Х-шы рет ұйымдастырылып отырған дәстүрлі турнирге Түркістан облысынан 12, Шымкент қаласынан 4, Жамбыл және Қызылорда облыстарынан 6 команда қатысты.
Он бес салмақ дәрежесі бойынша 260-қа жуық балғын боксшылар қатысқан сайыстың ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Әбдіғали Жүнісов «Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев спортты дамытуға, салауатты өмір салтын ұстануға айрықша мән беріп келсе, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында 2020 жылға дейін Қазақстан халқының 30 пайызын бұқаралық спортқа тарту міндетін жүктеді. «Ұлылар елі Отырарда» өтіп жатқан Ұлы Отан соғысының ардагері Төлеген Омаровты еске алуға арналған бокстан жасөспірімдер арасындағы Х-республикалық турниріне қатысушыларға сәттілік тілеп, шын жүректен құттықтаймын» деді. Мұнан соң ізгі тілегін білдірген осы турнирдің бас демеушісі белгілі кәсіпкер Бақытгүл Төлегенқызы мен турнирдің бас төрешісі, Еуропа чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұрғали Беласаровтар спорт - тек салауатты өмір салтын ұстану құралы ғана емес, ұлттық намыс пен Отанға деген сүйіспеншілікті айшықтайтын ерекше өнер екендігін айрықша атап өтіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Шара барысында аудан басшысы бокс саласының ауданымызда қарыштап дамуына сүбелі үлес қосып жүрген Бақытгүл Омарова мен Райхан Құртаеваларға аудан әкімінің алғыс хатын табыстады.
Биыл оныншы рет шымылдығын түрген республикалық турнир төрт күнге жалғасады. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы дипломдар мен естелік медалдарға және бағалы сыйлықтарға ие болады.