Сыздықбековтің қанша «сенім кредиті» бар?

Oinet.kz 24-10-2024 298

20240215103603656_big.jpg

 Өткен аптада ақпарат құралдарында Қазақстанның қоғамдық даму иституты өңір әкімдерінің рейтингісін түзгенін жариялады. Рейтингке қарағанда, әкімдердің жұмысы Президент жүктеген міндеттерді қаншалықты орындағанымен, тұрғындардың өмір сүру сапасына қаншалықты көңілдерінің толатындығымен, халықтың әкімдерін қаншалықты жақсы танитындығымен бағаланған көрінеді. Осы рейтингте бірінші орынды Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков иеленген.

Үшінші мегаполистің әкімі 172,9 балл алса, одан кейінгі орында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов (172,5 балл), үшінші орында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров (158,7) тұр. Алайда...

Ақпарат құралдары осындай рейтингтің жасалғаны туралы мәліметті қайдан алғаны белгісіз күйде қалып отыр. Ақпараттың түпкі дереккөзі жоқ.

Біз әкімдердің рейтингісін жасады деген жоғарыда аталған Қазақстанның қоғамдық даму институтының ресми сайтын да қарап шықтық. Ештеңе жарияланбаған. «Апам да аң-таң, мен де таң-таң». 

Жалпы Ғабит Сыздықбеков Шымкент қаласының әкімі лауазымына былтыр қыркүйекте тағайындалған. Бір жыл ішінде біршама бастамаларды көтерді. Уақтысында «ұстағанның қолында кеткен» кеткен нысандар мен саябақтарды мемлекетке қайтарды. Жуырда Шымкент қалалық әкімдігінің ресми сайтында «Шымкент қаласының 2025-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы» деп аталатын құжат жарияланды. Бұл құжатты Сыздықбековтің алдағы жылдарға жоспарлаған жол картасы деп атасақ та болады. 

Осы құжатқа қарағанда, Шымкент қаласының бюджеті былтыр 656,4  миллиард теңгені құрап, оның 342,7 миллиарды жергілікті кіріс болған. Болжам бойынша ол келесі  жылы – 434 миллиард теңгеден  асса, 2026 жылы – 373 миллиардқа, ал 2027 жылы – 383 миллиардқа жетуі тиіс екен.  Қалада көптеген құрылыс нысандары салынып, 19 базар қайта құрылады. 2024 – 2028 жылдар аралығында мегаполисте құны 1,7 трлн теңгені құрайтын 219 инвестициялық жобалардың базасы жасақталған. Осы арқылы жаңа 31 мыңнан аса жұмыс орны ашылмақ. Шымкентте жалпы аумағы 1 276 гектарды құрайтын 7 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істемек.

Осы орайда уақтысында «Шымкенттің зың әкімі» атанған Ғабидолла Әбдірахымовтың да дәл осындай құжатпен жұмыс істегенін айта кетейік. «Шымкент қаласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы» деп аталатын құжатты ол 2015 жылдың күзінде бекітті. Осы тұжырымдама бойынша Шымкент ертегідегідей әсем, инфрақұрылымы дамыған мегаполистердің біріне айналуы тиіс еді.

Әбдірахымовтың осы жобаларды жүзеге асыруға қажетті 600 миллиард теңгені инвесторлардың есебінен табатыны, егер бес жылдан кейін тұжырымдама іске аспаса, командасымен қызметінен кететіні жөнінде батыл мәлімдеме жасағаны есте қалыпты. Кейінірек тұжырымдама да, тың жобалар да ауызға алынбайтын болды.

Бес жыл емес, екі жарым жылға жетпей, дәлірегі, 2017 жылдың күзінде Әбдірахымов ойда жоқта қызметінен босатылды.

2018 жылың маусымында Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін алған соң, ол Шымкентке екінші қайтара әкім болып оралды. Сол баяғыша Шымкентті Еуропа мен Американың атақты қалаларының тәжірибесімен дамыту басталды. «Зың әкімнің» шайтанарбаға отырып, Еуропаның мэрлеріне еліктеген әрекеттері біреулерге қызық, біреулерге күлкілі көрінгені рас. Әбдірахымовтың әкімдік дәуірінің екінші кезеңі аналардың бас көтеруімен есте қалды. Қалаға жаңадан қосылған елді мекендердегі өзекті мәселелер шешімін таппай, шиеленісе түсті.

2019 жылдың шілдесінде Әбдірахымов қызметінен «сенім кредиті таусылды» деген «диагнозбен» босатылды. Сыздықбековтің 2029 жылға дейін болжамының қаншалықты расқа айналатынын да уақыт көрсетеді.

 Айтпақшы үшінші мегаполис әкімінің қаншалықты «сенім кредиті» бар?

«Рейтинг» газеті, 23 қазан 2024 жыл.



Жерлес журналистердің мерейі тасыған күн!
Түркістан облысында сұйытылған газ көлемі әділетсіз бөлінген
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу