Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Атақты Уинстон Черчиль «Мен капитализмді ұнатпаймын, бірақ, өкінішке қарай, адамзат әзірге мұнан жақсыны ойлап тапқан жоқ» -- деген екен. Осы бағытты ұстанған Батыс, оларға үлгілі шәкірт бола білген Азия-Тынық мұхит аймағы әзірге өндірістік-техникалық, қоғамдық прогресте алдына жан салмай тұр. Жер аумағының, қазба байлығының, халық санының азы да, көбі де өз мүмкіндіктерін ұтымды пайдалануда. Жер-суымыз мол, табиғи байлығымыз жеткілікті деп кеудесін соғып, оны тауысқанша асыққан, бірақ қоғамдық катынаста, адам құқығын аялауда кенжелеген, билері мен «би түсетін үйлері» қарабүдіндерді құрғақ сөзбен тойдырған елдердің өзі жоғарыдағы мемлекеттерге тамсана қарауын жасырмайды.
Мұндай игіліктердің сыры неде? Жетістіктерге жетуінің жолы қандай? Бұл сұрақтар да ешкімге таңсық емес: Жеке меншікке деген мызғымас құқық, көпменшікті өндірістік жүйе құқығы, азаматтық құқық және т.с.с. басқа да құқықтар легі. Бір сөзбен айтқанда қоғамдық құқықтық қатынас. Жеке меншікке негізделген «капиталистік» қатынас осының ішіне кіріп, еріп кетіп тұр. Жету жолы қандай? Классикалық демократиялық тәртіпке қол жеткізу! Әрине, оған қол жеткізу бір елге ұзақ, біреулеріне санқилы, біреулеріне тура, біреулеріне күрделі жол. Мысалы, Италияда капиталистік қатынастар XY-ғасырдың аяғында-ақ пайда болды. Ал Жапонияда аталмыш өндіріс тәсілі XIX-ғасырдың аяғына таман ғана өз орнын тапты. Осы мерзімдік айырмашылыққа қарамастан екеуінде де заманымыздың үлгілі деп танылып отырған қоғамдық қатынасы мен құқықтық тәртібі XX-ғасырдың екінші жартысында негізінен бір мезгілде орнықты.
Ал, бізде ше? Демократиялық қоғам орнату үшін қажетті пісіп-жетілуге тәуелсіздік алғаннан бергі ширек қана ғасырымыз жете ме? Тіке қарасаң әрине, аз сияқты. Арқамызға қарасақ ше?! Жетпіс жыл бойы қырғыны да, үйренгеніміз де мол кеңестік кезеңнен өттік емес пе? Жазғыруға асықпаңыз, құрметті оқушы. Ура-патриотизмге сәл ауыздық сала тұрайық. Қазіргі өркениеттік қоғамға жету үшін бастапқы капитализм феодалдық тәртіпке ойсырата соққы беріп, оны тарих сахнасынан ысырып тастады. Біздің өткендегі социализміміз де тағылыққа да, көшпенділікке де, феодализмге де капитализмен де аяусыз соққы берген жоқ па? Жалпыға бірдей зайырлы білім беру, жұмыс беру, мамандық беру мәселесін шешіп кеткен жоқ па? Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының іргетасы мен жүйесін мұраға алдық. Ұлттық денсаулық, мәдениет, жоғарғы білім жүйесі қалыптастырылды. Сапасы мен құндылығын едеуір түсіріп тастағанымызға құрдымға кеткен кеңестік тәртіптің меніңше еш кінәсі жоқ. Қондырғыны ауыстырып, базисті дамыта түсетіндей тарихи мүмкіндік беріп кетті. Кім болса да өткенді қарғап-сілей бермегені жөн. Классикалық демократиялық тәртіпке адымдап жылжуға толық мүмкіндігі бар мұраның иесі болдық. Кеңестік заманның қай бір сынығы болмасын өркениетті тәртіпке, постиндустриалды қоғамға өтпелі дәуір болып табылатын кезеңді бастан кешірді. Тіптен, Тәжікстан сияқты елі де шалғайда, даму нәтижесі де шалғайдан орын алған республиканың өзі болашақта өркениеттіліктен дәмесі бар қоғамға айналды. Бүгінде Пәнжі өзенінің солтүстігі мен кеңестік «тәрбие көрмеген» оңтүстігіндегі сол тәжіктің өмірі салыстыруға келе ме? Сол себепті де Одақтан еншісін алғандардың бәрі бірдей ойланбай-ақ демократиялық басқару үрдісін қабылдады. Осы үрдісті енгізу жолында «Пәнжінің солтүстігіндегі ел» клерикалды(діни) басқару әдісін тысқыру жолында азамат соғысын да бастан кешірді.
Өкінішке қарай, ешқандай мүмкіндігі болмаса да, халқының басым көпшілігі қабылдамаса да, ортағасырлық рухани құндылықтар мен идеологиялық үрдісті ту етіп көтеру арқылы биліктен есек дәмелі топтар әлемнің біз өмір сүріп отырған бұрынғы кеңестік аймағында әлі де болса қиқулап қояды. Бұл құбылыс нені білдіреді? Бұл –қанша жерден өркениетті тіршілікті өз талап-деңгейінде орнату мен орнықтырудың шаруашылық базасы мен халықтың саяси ынта-жігері болғанымен, объективтік қажеттілік итермелегенімен ұмтылған мақсатқа қол жеткізу «автоматты режимде» жүзеге аса қоймайды деген сөз. Бұдан басқа да субъективті ықпалдың теріс іс-әрекетінен туындайтын ішкі проблемалар аз болмайды деген сөз.
Плюрализм, ашықтық, социалистік демократия деп атойлаған өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңы кеңестік қоғамды экономикалық, саяси, әлеуметтік дағдарысқа тұншықтырып, ақыры келмеске біржолата жіберді. Демократиялық үрдістерді бұрын бастан кешпегендіктен оларды шектеусіз еркіндіктің бастауы деп те түсінетіндер де топтап-топырлап пайда болды. Бұл құбылыс демократиялық басқару, құқықтық мемлекет жарияланған соң оның талаптарымен, қабылданған заңдарды сөзсіз сақтау қажеттілігімен қарама-қайшылыққа енді. Бұл қарама-қайшылықты тереңдетпей шешудің бір ғана жолы болатын: бүкілхалықтық, тікелей дауыс берудің нәтижесінде сайланған мемлекет басшысының билік құқығын қажетті дәрежеге дейін көтеру және өкілді билік органдары құқығын осыған сәйкес қоғамдық жағдай реттеліп, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық дамудың тиімді деңгейіне жеткенше шектей тұру. Онан соң барып, депутаттар корпусының, қоғамдық құрылымдардың тағы басқа да қоғамның саяси ұйымдары субъектілерінің құқықтарын кеңейте түсу арқылы Ата заңда көрсетілген халық билігін нығайта беру.
Осы айтылған үрдіспен халқының саяси және құқықтық мәдениетін салыстырғанда жоғары Прибалтика республикаларынан басқалары Президенттік билік өкілеттілігін күшейтті. Демократиялық ұрандарды Ту етіп көтерген Ресейдің өзі алғашқы онжылдықтағы былық-топалаңнан соң атқарушы билікті қатайтуға мәжбүр болды. Әзірбайжанға да осындай шараларға баруға тура келді. Есесіне бұл жолға ілеспеген Украина сияқты бірлі-жарым елдерде баяғы былық сол былық.
Орыстар медальдың екі жағы бар дейді. Қазақ таяқтың екі ұшы бар дейді. Сол айтқандай халық билігі, демократиялық деген тәртіптің өзінде биліктің үш тұғырының біреуін күшейтіп жіберсе, әсіресе шектен тыс күшейтсе, Шығыс, Евразия елдерінің байырғы ауруы дейміз бе, «айрылмас серігі» дейміз бе, әйтеуір «жемқорлық», «парақорлық», кейіннен «еңбексіз табыс» деп жұмсартылған, ең жаңа тарих тұсында «коррупция» деп айдар тағылған жарықтықтар шыға келеді.Бұл мерезді төмендету үшін онсыз да айдарынан жел ескен тұғырды одан да әрі аспандату керек. Сонда қалай болды? Күресті күшейтпесең, -- халық ырза болмайды, оған демократиялық тәртібіңнің де керегі болмай қалады. Жаңағы айтқандай атқарушы биліктің, онымен тарамдас «силовой» құрылымдардың құзіретін әрі қарай көтерсең, -- ол неге алып келеді?! Шенеуніктерге қарсы шенеуніктердің, олардың «жұмыс берушілерінің» тірлігі «қарға қарғаның көзін...» дегенге көп жағдайда алып келмей ме екен? Оның үстіне атқарушы билік табиғаты, міндетін атқару ерекшелігі бойынша шешім қабылдау да, оның жауапкершілігі де жеке тұлғаның құзіретінде болуға тиісті. Алуан түрлі алқалар, активтер, комиссиялар заң жүзінде орындалуы міндетті шешім қабылдай алмайды. Тек ұсыныстар мен кеңесші шешімдер ғана. Сондықтан да сол жеке тұлғалардің билігін демократиялық шектен тыс көтерудің ақыры халық билігінен жеке билікке – авторитаризмге ұласып кетпесіне кім кепіл? Біздің оңтүстігімізде орналасқан кейбір «кеңестің сынықтарында» бұл құбылыс авторитаризмнен асып, «бай-батшаизмге» ұласып кеткендей әсер қалдырады. Шенеуніктер мен криминалдардың «мызғымас» бірлігіне келе жатқандай сияқты. Сондықтан да ел болып, билік болып, демократиялық басқару үрдісінің бірінші тармағының ықпалын тиісті деңгейге жеткізуге бағытталған іс-шаралар легі керек-ақ деп ойлаймын. Ең алдымен сайлау туралы заңды аяқпен таптаған оны «ұйымдастырушылар», «мырзалығы тасыған үміткерлер» және оларға дем беруші шенеуніктер альянсына күйрете соққы берген жағдайда ғана халықтың демократияға да, билік органдарына да сенімі толық орнына келеді. Халық пен билік арасына сенімсіздік ұрығын себетіндер де, арақатынасына сызат түсіретіндер де, ру-тайпалық араздық отын тұтатату әрекеті арқылы өз пиғылын жүзеге асырғысы келетіндер де осы пысықайлар.
Жеке ойы мен пайдасын күйіттеген «өз депутатын сайлағыштарға» бәрібір. Заңдарға, ресми саясатқа кереғар әрекетімен демократиялық биліктің бір тұғырын ақсатып тастаса да. Биліктің атын жамылып өздері іс жүзінде оның беделіне соққы берсе де. Сайлау науқанындағы «тірлігі» халықты биліктен аластатып, ұлттың бірлігі мен қауіпсіздігіне қатер төнгізсе де.
Ия. Қазіргі заманда халық пен биліктің арасында жоғарғы дәрежедегі өзара сенімділік болуы керек. Оны тек демократиялық басқару тәсілі мен заңдылықтың тиісті дәрежеде сақталуы қамтамасыз ете алады. Осыдан барып ұлтжандылық та, ұлттық бірлік те, жоғары моральдық-адамгершілік құндылықтар да, ұлттық қауіпсіздіктің ең басты тірегі де шығады. Өткен ғасырдың ортасынан өте Кубада «социалистік революция» деп аталған мемлекеттік төңкеріс орын алды. Че Гевара мен Фидель Кастро ат төбеліндей ғана содырлармен ел билігін басып алды. Куба билеушісі Батиста халық қолдауынан алшақ болуы себепті. Егер сонда осы ел тұрғындарының көпшілігі ресми билік жағында болғанда, онда аталмыш «революционерлер» бандиттің, қылмыскердің кейпін киер еді.
Іс жүзінде біздің жағдайда, бақытымызға орай, ондай нәрсе орын алуы мүмкін емес. Ал, теория жүзінде бір басқа. Десек те, жетістігімізге мақтана, кемістігімізбен күресе отырып, халық арасындағы идеологиялық, тәрбие жұмысының нәтижелілігін көтеруіміз керек. Ол үшін ең алдымен аты бар да заты жоқ, еңбек ұжымдарына, жер-жердегі тұрғындар арасына барып, мемлекеттік саясаттың, үкіметтің, билеуші партияның сөзін жеткізуден тырақайлап қашатын «идеологтардан» тазару қажет. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында әр бейсенбі күні ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен әкімшіліктің, оның құрылымдарының басшы қызметкерлері, депутаттар «Халықпен кездесудің бірыңғай күні» іс-шарасы кестесіне сәйкес қала-аудандардағы ұжымдармен, халық өкілдерімен кездесуге шығатын. Нәтижесі – сұрақтар, ұсыныстар, проблемалар, арыздар – жазба нұсқасында өңір басшысына жететін. Тиісті шешімдер қабылданатын. Халықтың көңіл-күйі анықталып, сарапталатын. Жер-жерде шешілуі мүмкін мәселелер – шешілетін. Іздеген сұрақтарға жауап ауызша да, БАҚ арқылы да, лауазым иелері арқылы да берілетін.
Сапарбек САХОВ, тарих ғылымдарының кандидаты,
2016 ж