Сенгеніңіз атақты Сейітжанов болса...

Oinet.kz 26-06-2024 829

Screenshot_6.png


 “Мешкей деген жақсы ат емес” дейсіз бе? Әлде “Сенгенім сен болсаң күйсеген аузыңды ұрайын” деген елдің сөзін еріксіз еске түсіресіз бе? Бәлкім сырт көзге періште көрінгендердің бәрінің түбінде пендешілігі әшкереленіп “маскасы” шешіледі деп жорамалдайтын шығарсыз. Қалай десеңіз де жұрттың аузында қайырымдылығы, имандылығы, меценаттығы, өте бай әулет екені жиі насихатталып жүрген атақты Сейітжановтарға қатысты жақында  тым жайсыз ақпарат тарағанда біз де сенер-сенбесімізді білмей біртүрлі қабылдадық. Жел сөз дейін десек, құзырлы органдардың өздері ресми ақпаратты халыққа жарияласа, тіпті соттың шешіміне дейін шығып үлгерсе, шымбайға батар шындыққа мойынұсынбасқа амалымыз қайсы? Жалған өмірдегі қарама-қайшылықты қарасаңызшы. Сейітжановтар әулеті Шымкентте еліміздегі ең үлкен мешіттің бірін пайдалануға ұсынған жарнамасының ыстық-суығы басылмай жатып соның артынша осы әулет туралы әр алуан ойға жетелейтін қолайсыз ақпарат бұрқ ете қалды. Сонымен...

Шымкентте 2017 жылы жекеменшікке, дәлірегі алпауыт кәсіпкер Серікжан Сейітжановқа  сатылып кеткен Мұз сарайы прокуратураның араласуымен қайтадан мемлекеттің бақылауына қайтарылды. Уақтысында әкімдік пен Сейітжановтың иелігіндегі компания арасындағы келісімшарттан ешқандай кемшілік көрмеген құзырлы органдар жеті жылдан кейін құжаттарға қайта үңіліп, кемшілік түгілі ұлттық қауіпсіздікке қайшы келетін заңсыздықтарды тапты. Бұл нені білдіреді? Шын мәнінде «Әділетті Қазақстанның» орнағанын ба?

Шымкент, Түркістан өңірінің №1 байы Серікжан Сейітжанов жалпы республикаға белгілі бизнесмен. Осыдан бірнеше жыл бұрын Нұрcұлтан Назарбаевтың немере інісі, сол кезде түкірігі жерге түспей тұрған Қайрат Сатыбалдымен құда болып, Шымкентте дүркіретіп той өткізген Сейітжанов. Сол той ақпарат құралдарында 179 мың долларға бағалаған биіктігі 4 метрден асатын, көрген адамды есінен тандыратын тортпен есте қалған еді. Әңгіме етіп отырған Мұз сарайы Сейітжановқа осы тойдан 3-4 ай алдын ғана сатылған екен.  Нысанды сату туралы шешім сол кездегі қала әкімі, Қайрат Сатыбалдының досы Ғабидолла Әбдірахымовтың кезінде қабылданған. Әйтеуір, бір-бірімен сабақтасқан, байланысқан дүние. Әрине, Мұз сарайының сатылуына Сатыбалдының да, Әбдірахымовтың да ешқандай қатысы жоқ шығар. Бірақ, сауда-саттықтың басы-қасында жүрген шенеуніктердің бүйрегі ақшалы алпауытқа қарай бұра бергені байқалады.

Жалпы Шымкенттегі Мұз сарайының заңсыз жекешеленіп кеткенін былтыр жыл соңында «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов жария еткен болатын. Шамасы аталған нысанға қатысты тексеру амалдары осы кездері басталғанға ұқсайды.

– Мемлекеттік сатып алу порталының мәліметіне сүйенсек, 2016-2023 жыл аралығында осы өзіміз сатып жіберген Мұз сарайын №8 қысқы ойындар бойынша олимпиадалық резервті дайындайтын жасөспірімдер мектебінің балалары жаттығу үшін жалпы сомасы 1 миллиард теңгеге жуық ақшаға жалға алып отырған. Нысанды жекеге 128 миллион теңгеге сатып жіберіп, жыл сайын 100 миллиондаған ақшаға жалға алу қаншалықты тиімді? – деген еді Смағұлов.

Енді міне, жуырда біраз уақытқа созылған сот процесінен кейін Мұз сарайының мемлекеттің бақылауына қайтарылғанын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бастығы Дәурен Ерғарин әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

«Департамент қала прокуратурасымен бірлесіп Мұз сарайын мемлекет меншігіне қайтару бойынша шаралар қабылдады.

Ағымдағы жылдың 27 мамырында бірінші сатыдағы сот «Спорт сарайы» ЖШС үлесін (67%) жеке меншікке 128 млн теңгеге сатып алу-сату шартының күшін жойды», делінген Ерғариннің жазбасында.

Сот шешіміне тоқталмас бұрын біз алдымен Мұз сарайының өткен-кеткен тарихынан қысқаша сыр шертіп көрейік. Аталған нысанның құрылысы Спорт сарайы ретінде екі мыңыншы жылдардың басында сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың тұсында басталған болатын. 2003 жылдың күзінде Спорт сарайын сол кездегі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп ашқан. Бірақ, тәп-тәуір нысан 2006 жылы облысқа Өмірзақ Шөкеев келген соң ту талақайға ұшырады. Жаңылыспасақ, ғимараттың жарғылық үлесінің бір бөлігі, құрылыс жұмыстарын жартылай қаржыландырған «СаутсОйл» компаниясына (бұл компания қазіргі уақытта Серікжан Сейітжановқа тиесілі) осы кезде өтті. Дегенмен, Спорт сарайын Мұз сарайына айналдыру жұмыстарына кеткен шығынның негізгі бөлігі бюджеттен бөлінген.

Сот шешіміне қарағанда, Мұз сарайының меншік иесі саналатын «Шымкент қаласының спорт сарайы» ЖШС заңды тұлға ретінде 2017 жылы тіркелген. Оның құрылтайшысы Шымкент қалалық әкімдігі болған. Дәлірегі әкімдік 1 миллиард 237 миллион теңгеге бағаланған нысанның жарғылық капиталының 67,09 пайызына иелік еткен. Қалған 32,9 пайызын жоғарыда аталған «СаутсОйл» компаниясының үлесінде болған.

2017 жылдың сәуірінде әкімдік Үкметтің күні бұрын бекітіп берген кестесіне сәйкес Мұз сарайындағы 67,09 пайыз үлесті бәсекелес ортаға беру үшін сатуға кіріседі. Үлесті жекешелендіру әкімдіктің экономика және қаржы бөліміне жүктелген. Сол жылдың маусымында әкімдіктің нысандағы 67,09 пайыз үлесінің бастапқы бағасы 996 миллион 944 мың теңгеге бағаланған.

2017 жылың 30 маусымында бөлім бағаны жоғарылату тәсілімен алғашқы электронды аукцион өткізген. Алайда сауда саттық өтпеді деп танылады. Себебі оған қатысуға ешқандай кәсіпкер шықпаған. 1 тамызда бөлім бағаны төмендету тәсілімен екінші аукционды өткізеді. Алайда оған да қатысушы табылмаған.

31 тамызда үшінші мәрте өткен аукционда Сейітжановқа тиесілі «МұнайҚұрылысСервис» серіктестігі Мұз сарайын сатып алған. Бар-жоғы 128 миллион 119 мың теңгеге. Аукционның хаттамасы негізінде 8 қыркүйекте қаржы бөлімі мен серіктестік арасында келісімшарт жасалады. Осы келісім бойынша әкімдіктің нысандағы 67,09 пайыз үлесі Сейітжановтың қарамағына өткен. Мұз сарайының қалған 32 пайызына онсыз да Сейітжановқа тиесілі «СаутсОйл» компаниясының иелік ететінін жоғарыда айттық. Миллиардқа жуық теңгеге бағаланған нысанды «алымсақ жоқ» деген сылтаумен бірнеше есе төмен бағамен сату, сол арқылы Мұз сарайын Сейітжановтың қанжығасына толықтай өңгеріп беру алдын ала ойластырылған сценарий ме?

Мұның арғы жағында біраз күдіктің құлағы қылтияды. Мәселен, сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, аукцион өткізу туралы хабарландыру «Аймақтар ақпараты» деп аталатын газетте жарияланған көрінеді. Мұндай басылымның барын кім біледі?

Енді міне, арада жеті жыл өткенде прокурорлар сотқа талап арыз береді. Осы уақытқа дейін Мұз сарайына қатысты келісімдерге көз жұмып келген прокурорлар сауда-сатықтың, нысанды жекешелендірудің өрескел заңбұзушылықтармен өткенін мәлімдейді. Мұндай жекешелендіру «Мемлекеттік мүлік туралы», «Дене шынықтыру және спорт туралы», қала берді «Қазақстан Республикасының Ұлтық қаупсіздігі туралы» заңдарға қайшы келеді екен.

Мәссаған! «МұнайҚұрылысСервис» серіктестігінің Мұз сарайын сатып алғаны былай тұрсын, аукционға қатысуға жіберілуінің өзі заңға қайшы болған. Өйткені бұл компания құрылыспен айналысады, спорт саласына үш қайнаса сорпасы қосылмайды.

Мұз сарайы заң бойынша аукцион емес, тендер арқылы және осы салаға маманданған ұйымға ғана берілуі тиіс болған. Себебі Мұз сарайы Оңтүстік өңіріндегі бірнеше облыста қысқы спорт түрлерімен айналысуға арналған, жасанды мұз айдыны бар, баламасы жоқ, бірден-бір нысан екен. Сонда мұны уақтысында шымкенттік шенеуніктер білмеген бе? Кеше нысанды бәсекелі ортаға береміз деп сатады, бүгін бәсекелесі, баламасы жоқ нысан деп қайтадан мемлекетке қайтарады. Қысқа күнде қырық құбылған заман-ай десеңізші.

Сотта «МұнайҚұрылысСервис» және оның құрылтайшысы есептелетін «Оңтүстік» корпорациясының өкілдері прокуратураның бұл талабымен келіспеген. Бір қызығы, қалалық қаржы басқармасының өкілдері сауда-саттықтың заңды өткенін алға тартса, сотқа үшінші тұлға ретінде қатысқан Шымкент қалалық әкімдігі прокуратураның талабымен толықтай келісетіндігін, Мұз сарайы жекешелендірудің заңға қайшы келетінін мәлімдепті. Сонда бұл қалай? Шымкент әкімдігі мен оған тікелей бағынатын қаржы басқармасының сотта қарама-қайшы ұстаным білдіргенін немен түсіндіруге болады?

Сот прокуратураның талап арызын қанағаттандырып, 2017 жылы Шымкент қалалық қаржы бөлімі мен «МұнайҚұрылысСервис» компаниясы арасындағы келісімшарттың күшін жойды.

Сотта анықталғандай, 2018-2022 жылдар аралығында Мұз сарайын жалға алғаны үшін Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы 778 миллион 855 мың теңге төлеген екен. Яғни, Сейітжановтың иелігіндегі «МұнайҚұрылысСервис» компаниясы 128 миллион теңге сатып алған нысан үшін бес жылда 778 миллион теңге ақы алған. Сонда мұны «шымкентше жекешелендіру» деп атайсыз ба, әлде «назарбаевша жекешелендіру», бәлкім «құдаларша жекешелендіру» деп атайсыз ба, өзіңіз біліңіз.

Серікжан Сейітжановтың сот шешіміне апелляциялық шағым беруі мүмкін. Өйткені ол соттың шешімімен де, прокуратураның талабымен де келісіп отырған жоқ. Сот шешімі күшіне енген күннің өзінде ол Мұз сарайының 32,9 пайызына «СаутсОйл» компаниясы арқылы иелік ете береді.

P.S. Ашық дереккөздерінен алынған мәліметтерге қарағанда, Сейітжановтар әулеті «Оңтүстік» корпорациясы арқылы мұнаймен айналысатын «СаутсОйл» ЖШС-інің 51 пайыз акциясына иелік етеді. Smart-Oіl бұрғылау компаниясының, «МұнайҚұрылысСервис», «Стандарт Цемент», «КАС-бетон», «Ак-жол ТрансСервис», «Стандарт Ресурсис» серіктестіктерінің қожайыны. Бұлардан бөлек меншігінде Rіxos Khadіsha Shymkent, Rіxos Turkestan қонақүйлері, Sattі Zhol жанармай бекеттері, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы, Инновациялық-технологиялық коллдежі бар. «Forbes Kazakhstan» басылымының тұжырымы бойынша Сейітжановтар отбасы былтыр «Қазақстанның ең бай 50 бизнесмені» рейтингісінде 23-орын алса, биыл 20-орынға көтерілген. Оның биылғы дәулеті 410 миллион долларды құраған. Былтыр 360 миллион доллар болған екен. Яғни, бір жыл ішінде отбасының байлығы 50 миллион долларға көбейген деген сөз.


«Рейтинг» газеті, 26 маусым 2024 жыл.


Жұмыс уақыты бір сағатқа ерте басталады
ҰҚК Түркістанда "сақалдыларға" қарсы операция жүргізді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу