«Шал кел, шал кел!»: Назарбаевтың билікке оралуы мүмкін бе?
Ғаламторда «шал кел, шал кел» деген ұрандардың пайда болуына билік кәдімгідей алаңдай бастады. «Шал» деп кімді меңзеп отырғаны айтпаса да түсінікті. Ақордадағылар төтенше жағдай туындап, ел іші абыр-сабыр болып жатқан кезде билікке қарсы көңіл-күй өрістеп кетеді ма деп қорқатын сияқты.
Телеграмдағы «Нурсултанский соловей» каналының жазғанына сенсек, «Шал кеттің» авторы «Ескі Қазақстанның» өкілдері көрінеді (дәл өзі ғой, басқа кім болуы мүмкін). Дәлірегі мұндай бастаманың артында «Назарбаев қоры» тұр. Қазіргі уақытта аталған қордың айналасында жүргендер Қазақстанның қоғамдық-саяси ахуалына талдау жүргізіп, сын посттарды жинап жатыр-мыс. Мақсаттары - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен үкіметтің атқарған жұмысын сынау екен. Сол арқылы биліктің абырой-беделін түсіруді жоспарлап отырғанға ұқсайды. Бұл жұмыстарға біраз адам араласып жатқан көрінеді. Мәселен...
Биліктің авторитетін түсіру шараларына Біріккен Араб Әмірлігінде жүрген Дариға Назарбаева да білек сыбана кіріскен дейді. Сонымен бірге Назарбаевтың көмекшісі, Президенттің іс басқармасының бұрынғы жетекшісі Абай Бейсембаев пен Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай бар көрінеді. Ал шараларды атышулы миллиардер, «Қазақмыстың» қожайыны Владимир Ким екен. Егер «Жаңа Қазақстанға» жасалған ақпараттық шабуыл сәтті жүзеге асып, Тоқаев отставкіге кеткен жағдайда оның орнын бұрынғы премьер Әлихан Смайылов басады-мыс. Сенуге бола ма? Қисынға келетін болжам ба?
Аталған канал су тасқыны сияқты табиғи апаттардың Назарбаевтың кезінде де орын алғаны алға тартады. Мақалада 2010 жылы Алматы облысы Ақсу ауданы Қызалағаш ауылында су қоймасындағы бөгеттің жарылуынан сұмдық тасқын болып, 45 адамның, оның ішінде 8 баланың қайтыс болғанын, 300 адамның жарақат алғаны атап өтілген.
«Жаңа Қазақстанның» жарқын өкілдерінің бірі, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Abay.Live жобасына берген сұхбатында:
- Реванштық күштер мемлекетімізге түскен әрбір ауыртпашылықты пайдаланып, бүгіні таңда Мемлекет басшысын жамандауға дайын отыр. Президент Тоқаев Конституция бойынша Қазақстанның легитимді президенті. Олар саяси тұрақсыздық жасауға тырысып отыр. Бұл реванштың күштерге керек. Олар қиын-қыстау кезді пайдаланып, билікке қайта келуге тырысып отыр. Реванштық күштер кім десек, олар бұрынғы Мемлекет басшысының айналасында жүріп, байып, қалтасын толтырып алғандар. Халықтың ақшасын жеп үйренгендер. Бұл ешқандай да сын емес, іріткі салу. Заңға қайшы келетін әркеттер,- деді.
Бұдан «Шал кеттен» биліктің бекерге қауіптеніп отырмағанын байқауға болады. Әлде бұл бір жағы биліктің өзінен өзі қуыстанып отырғанын аңғарта ма? Әйтеуір, мұның арғы жағында біз біле бермейтін бір текетірестің бары анық сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?