Мұрат Әйтенов сотта жауап бере ме?
Шымкентте қала әкімінің бұрынғы орынбасары, былтыр шілдеде жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған Мақсұт Исаховтың соты өте қызу басталды. Экс-орынбасар өзін кінәлімін деп есептемейді. Сот барысында қылмыстық іске қатысты біраз мән-жайлар айтылып, елді елең еткізіп тастады. Исаховтың берген жауабына қарағанда, қылмыстық істі жабу үшін одан ҰҚК департаменті бастығының бірінші орынбасары 500 мың доллар талап еткен. Алайда ол пара беруден бас тартқан.
Қарама-қайшылыққа толы, қым-қиғаш істің немен аяқталарын кім білсін?!
Айта кетері, Исаховқа аса ірі көлемде пара берді деген айып тағылып отыр. Қылмыстық кодексте аса ірі көлемде пара беру бабы бойынша он жылдан он бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Исаховтың қорғаушысының ақпарат құралдарына берген сұхбаттарына қарағанда, 2020 жылы Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасы Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының тапсырысы бойынша жылу құбырларын ауыстыруға тендер жариялаған. Лотқа қойылған ақшаның көлемі 685 миллион теңгені құраған. Конкурсқа бірнеше компания қатысып, «Сити строй» компаниясы жеңімпаз атанады. Ол аванс ретінде құбыр ауыстыруға қаралған қаражаттың 30 пайызын, нақтырақ айтқанда 260 миллион теңгесін алып, жұмысты бастаған. Алайда арада бір ай уақыт өткенде тендерге қатысқан тағы бір компания «Старт-Строй» компаниясы сотқа жүгінеді. Сот оның талап арызын қанағаттандырып, конкурс хаттамасы жарамсыз деп танылады. Қайта жарияланған тендерде «Старт строй» компаниясы жеңімпаз болған. Алайда тендерді ұтып алғанымен, «Старт строй» жұмысына кірісе алмаған. Келісім-шарт қазынашылық органдарында тіркелмейді. Бірақ Шымкент қалалық әкімдігінің өтініші бойынша «Сити строй» компаниясы жылу құбырларын ауыстырады. Бұған 400 миллион теңге қаражат кеткен. Осы кездері Мақсұт Исахов жұмысты орындаған «Сити строй» мен тендердің жеңімпазы атанған «Старт строй» компанияларын өзара бірігіп жұмыс істеуге шақырғанға ұқсайды. Бұл жұмыстар нәтиже бермеген. Тәртіп бойынша «Сити строй» алдын ала алған авансты қайтаруға тиіс болады. Алайда қаражат уақытында қайтпағанға ұқсайды. Ақыр аяғында тендерге қаралған қаражаттың бір бөлігі басқа мақсатқа жұмсалған. Бір сөзбен айтқанда іс осылайша шым-шытырыққа айналып барып, тығырыққа тірелген.
Прокурордың сотта оқыған айыптау қорытындысына қарағанда, 2020 жылдың 9 қыркүйегінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Исахов тендерлерге бақылау жасамайтынына қарамастан «Старт строй» ЖШС-і директорының орынбасарын әңгімеге шақырған. Әңгіме барысында ол "Сити-Строй" компаниясына артықшылықтар беру мақсатында, яғни мемлекеттік қызметтегі мүддесіне қайшы, өзінің лауазымдық өкілеттіктерін пайдалана отырып, кәсіпкерлік мүддені лоббилеп, Егізбаевтан («Старт строй» компаниясы директорының орынбасары) "Сити-Строй" ЖШС-інің пайдасына конкурстан бас тартуды талап еткен. Екіарадағы әңгіменің ең маңызды деген жерлері бұған дейін әлеуметтік желіде, ақпарат құралдарында жарияланды. Исахов «Старт строй» ЖШС директорының орынбасарына жалпы сомасы 11 млрд теңгені құрайтын басқа екі конкурста жеңімпаз атануға көмектесетінін, ол үшін 187 миллион теңге алып келу қажеттігін айтқан. Директордың орынбасары бұл әңгімені Исаховқа білдірмей таспаға басып алған. Әкім орынбасарының талабына келіспеген серіктестік басшылары осыдан кейін құзырлы органдарға арызданады. Алғашқыда істі антикор «билік немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» бабы бойынша жүргізген. Бұл іс былтыр Исахов ұсталағанна кейін, қыркүйек айында қылмыс құрамы жоқ деген негізбен қысқартылған. Неге қысқартылған?
«Orda.kz» порталында жарияланған ақпараттарға қарағанда, Исахов шын мәнінде мердігер компанияның өкілінен ешқандай да пара сұрамаған. 187 миллион теңгеге қатысты іс 2015 жылы басталған Бозарық қосалқы электр станциясының құрылысымен байланысты. Әбдірахымовтың кезінде басталған нысан уақытында пайдалануға берілмеген. Осы құрылысқа мердігерлер арқылы жеткізілген құрал жабдықтардың бір бөлігі далада бір жарым жыл жатып қалып, жарамсыз күйге түскен. Шымкент қалалық әкімдігінің жауапты басшыларына осындай көлденең шығындарды жабу үшін біраз тер төгуге тура келгенге ұқсайды. Олар бюджеттен тыс қаражаттармен көп жұмыстарды тындырыпты. Ақыр соңында 2021 жылдың тамызында қосалқы станция іске қосылды. Осы кездері нысандағы көп жұмыстарды «бюджеттен тыс қаражаттармен» жүргізген әкімдік бір компанияға 187 миллион теңге қарыз болып қалған. Исахов «Старт строй» компаниясының өкілінен 187 миллион теңгені осы қарыз үшін сұраған сияқты. Ал бұл компания әкімдіктің өтініштерін орындап, қиын кездегі құтқарушысы болып жүрген сол баяғы «Сити строй» серіктестігі көрінеді. Әңгіменің төркіні қайда жатыр десеңізші. Сонда сол кездегі әкім Әйтеновтің командасы «Сити строй» компаниясына 187 миллион теңгенің жұмысын тегін істетіп, «ақшаңды кейін мына жақтағы тендеріңнен шығарып аласың» деген болып тұр ғой? Солай ма? Мұны басқаша қалай түсіндіруге болады? Жалпы, Исаховты қорғаушы жақтың осы айтқан әңгімелері қаншалықты қисынды? Сенуге бола ма? Сенбейін десеңіз, Исаховтың үстінен осыған қатысты қозғалған қылмыстық іс неге қысқартылды?
Ал енді сотта қаралып жатқан негізге іске, дәлірегі Исаховтың Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шымкент қаласы бойынша департаменті бастығының бірінші орынбасары Сарбасовқа 200 мың доллар пара бергеніне қатысты мәселеге тоқталайық. Тергеу тұжырымына қарағанда, Исахов параны жоғарыдағы қылмыстық істі жабу үшін берген. Бірақ сотта Исахов мұны мойындаған жоқ. Ол Сарбасовпен әңгімелесу барысында бірінші орынбасардың алдымен өзін қамап қоямын деп қорқытқанын, жоғарыдан сондай тапсырма түскенін, ақыр аяғында бұл іс бойынша көмек бере алатынын, сол үшін 500 мың долларды тұспалдап сұрағанын мәлім етті.
-Алғашқыда мен оның не екенін де түсінгенім жоқ. Мен пара беруден бас тарттым. Себебі өзімді кінәсіз сезіндім. Менің бұл құбырларға ешқандай қатысым жоқ. Мен «Старт стройды» білмеймін,-деген Исахов 5-6 күн бойы жалғыз адамға арналған абақтыда отырғанын, өздерін ҰҚК-нің орталық аппаратынан келдік деп таныстырған қызметкерлердің кінәні өз еркімен мойындауға көндірмек болғанын алға тартты.
-Менің көргенімді ешкімнің басына бермесін,-деген Исахов шарасыз халге түскенін айтып, жылап та жіберді.
Қазіргі уақытта ҰҚК Шымкент қаласы бойынша департаменті бастығының бірінші орынбасары М.Сарбасов та қамауда отыр. Келесі аптада Исаховтың ісі қайта жалғасады. Енді куәлардан жауап алынады. Олардың арасында Исаховтың тікелей бастығы болған, Шымкентте талай тірліктерді «бюджеттен тыс қаражаттармен» шешіп жүретін Мұрат Әйтенов бар ма, жоқ па, ол жағы әлі белгісіз. Әйтенов Исахов ұсталғаннан кейін былтыр қыркүйекте Шымкент қаласының әкімі лауазымынан босатылған болаты. Содан бергі аралықта оның не істеп жүргені белгісіз.
Егер әділдік болса, Мұрат Әйтенов те сотта жауап беру тиіс емес пе?
«Рейтинг» газеті 13 наурыз 2024 жыл.