Қуаныш наразылыққа ұласты. Берік Әбдіғалиұлы елдің үмітін ақтай алды ма?
«Ауыл» фракциясының депутаттары жаңадан құрылған Ұлытау облысының түйткілді мәселелері бойынша Премьер-Министрге сауал жолдады.
«Президенттің 2022 жылдың маусымындағы Қазақстанда жаңа үш облыс құру жөніндегі жарлығын сүйіншілеп хабарлағанымыз бәріміздің есімізде шығар. Сол кезде Мемлекет басшысы Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты Үкімет пен аймақ жетекшілеріне нақты тапсырмалар берген болатын. Өкінішке орай, Ұлытау облысы тұрғындарымен кездескенімізде сол жаңалықты естіген ұлытаулықтардың қуанышы бұл күнде наразылыққа ұласқанын, ал берілген уәденің орындалмауы халықтың билікке сенімсіздік тудырғанын көз көрді», - деді депутат Қарақат Әбден.
Оның айтуынша, ұлытаулықтар облыстағы жол құрылысының аяқталуын, заманауи әлеуметтік инфрақұрылым нысандары салынуын (аурухана, мектеп, театр және ЖОО) және жаңа баспаналарды көбейтіп, аймақты көгілдір отынмен қамтамасыз етуді күтті.
«Алайда, 1,5 жыл бойы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында болуы тиіс ілгері жылжу байқалмайды. Мәселен Жезқазған-Қызылорда тасжолын төсеу ұзаққа созылып кетті. Еуразия кіндігі саналатын еліміздің қақ ортасында орналасқан Ұлытау – әлі күнге дейін «қиыр-қиян» аймақ болып отыр. Оған бір себеп, бәлкім, басты себеп, жобалық-сметалық құжаттаманың уақытылы жасалмауы», - дейді Қ. Әбден.
Сондай-ақ бөлінген бюджеттің жетіспеушілігінен және жобалардың қымбаттауынан бірқатар маңызды іс-шаралар жүзеге аспай отыр. Мысалы, қалаішілік су құбырлары жүйесін, шаруашылық және ауыз суды тазарту ғимараттарын қалпына келтіру, жылу жүйелерін жандандыру жұмыстары бар.
Үшіншіден, жергілікті бюджет көлемінің аздығы және жаңа бастамаларды жүзеге асыру бойынша бюджеттік өтінімдердің болмауы өңір үшін өте маңызды жобаларды бастауға қолбайлау болып отыр.
«Жобалық-сметалық құжаттамалардың көбі республикалық бюджетті бекітуден кейін шыққан. Демек, аталған жобаларды іске асыру үшін жаңа бюджеттік кезеңді күту керек. Облыс халқы маңызды, тіпті өте маңызды мәселелер легін алға тартып отыр. Мысалы, өңірде ветеринарлық зертхана жоқ. Естеріңізге сала кетейін, бұл – еліміздегі ауылшаруашылығы, оның ішінде, мал шаурашылығын дамытып отырған бірден-бір өңір. Сол малшылар, төрт түлігінің ауруын анықтауы үшін оның сынамасын 500 шақырым жердегі Қарағандыға, не одан әрі жатқан Астанаға апаруға мәжбүр», - дейді депутат.
Жаңа облыстың құрылуы тұрғындар тығыздығы коэффициентінің 40%-ға дейін төмендеуіне әкелді. Бұл облыс орталығының медициналық ұйымдарын қаржыландыру мәселесіне тікелей ықпал етті.
«Сайып келгенде, халық мемлекеттік жүйедегі процедуралық іс-әрекеттерді немесе түйткілді мәселелерді түсінуге еш міндетті емес. Олар үшін басты ұстаным – Президент пен оның «өңірді көтеру, азаматтардың әл-ауқатын жақсарту керек» деген уәдесі. Құрметті Әлихан Асханұлы! Осы өзекті мәселелерді шешудің бірқатар нақты ұсыныстарын өзіңізге жолдаймыз», - деді Қ. Әбден.
Фракция депутаттары Қызылорда-Жезқазған тас жолы жобасын жүзеге асыруды жедел арада қолға алуды, өңірде басталған және жүзеге асуы тиіс жаңа жобаларды қаржыландыруға арнайы қаражат бөлуді, облыста Ветеринарлық зертхана ашуды, Ұлытау облысының 2022-2026 жылдарға арналған әлеуемттік-экономикалық даму жоспарының іске асуының қазіргі сараптамасын қолға алуды ұсынды.
Айта кетері, Ұлытау облысы 2022 жылы Президент жарлығымен бұрынғы Жезқазған облысының аумағында құрылған болатын. Аталған облыстың тізгін қолға алған әкім Берік Әбдіғалиұлы өкінішке қарай, елдің күткен үмітін ақтай алмаған сияқты.