Оразалы СӘБДЕН, мемлекет және қоғам қайраткері: Кім болса сол академик болып кеткен
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, академик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Оразалы Сәбденнің еліміздің нарықтық экономикаға өту барысын саралауға қатысты көптеген еңбектері жарық көрген. Ел дамуына қатысты ұсыныс-пікірлерін биік мінберлерде айтып жүрген ғалыммен бүгінгі қоғам, еліміздің келешегі, саяси-экономикалық даму үдерістері жайында әңгімелескен едік.
– Оразалы Сәбденұлы, кезінде Нұрсұлтан Назарбаев «алдымен экономика, одан кейін саясат» деген болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев керісінше, алдымен саяси реформаларды алдыңғы орынға қойды. Білікті экономист ретінде бұған не айтар едіңіз?
– Сол уақытта мен алдымен экономика дегенді дұрыс емес дедім. Экономика базис. Бірақ алдымен сара жолды білмей ұрынып қалуға болады. Әлемдік тәжірибені алсақ, саясат бірінші жүреді. Бұл жерде Тоқаев дұрыс айтып отыр. Қысқасын айтқанда Назарбаев тура жолдан адастырды. Тек баю керек деді. Өзі де, айналасы да байыды. Міне соның ақыры Қаңтар оқиғасына алып келді. Осының бәрін түзету үшін халық болып жұмылу керек. Финляндияда 5-ақ млн халық бар. 125 мың қоғамдық ұйым жұмыс істейді. Оған әкімшіліктер грант беріп қолдау көрсетеді. Экономиканы да саясатты да алып кететін солар – Үкіметтік емес ұйымдар. Бізде де бар, бірақ аз. Қазіргі жағдайда саясат, экономика, руханият, білімді қатар алып жүруге тура келеді.
– Түркістанды рухани астанаға айналдыру, ерекше мәрте беру, арнайы заң қабылдау идеясын 2017 жылы айтқан екенсіз. Сіз айтқан ұсыныстарыңыз бүгінде жүзеге асып жатыр. Дегенмен Түркістанда атқарылған шаруалардың ішінде әттеген-айы деп нені айтар едіңіз?
– Алдымен болған дүниені айтайын, кейін не істеу керектігін баяндаймын. Түркістанды жаңғыртуды 2012 жылы көтергенмін. Бұл идея 2011 жылы келген. Қытай басшысы Си Цзиньпин де сол кезде «Бір белдеу – бір жол» жобасын ұсынған. Экономист болсам да шумер заманынан бастап ізденіп, тарихқа бой ұруыма тура келді. Ұлы Жібек жолын жаңғырту үшін өсу нүктесі ретінде Түркістанды таңдадым. Түркістанды рухани, технологиялық қалаға айналдыру керектігін мәлімдедім. АҚШ-та Силикон даласы деген технологиялық аймақ бар. Онда нейро-биотехнология керемет дамыған. Ал рухани жағынан ешнәрсе жоқ. Капиталистік жүйенің қателігі осында. Түркістанды рухани астана, Кентауды технологиялық қалаға айналдырып, үлкен мегаполис жасау идеям еді. Өкінішке қарай, қазір олай дамып жатқан жоқ. Түркістанды 6 кластер бойынша дамытуды ұсындым. Ол – рухани, логистикалық, туризм, Кентау, ауыл секілді кластерлер. Содан соң Түркістанда су мәселесін түбегейлі шешу қажет. Мен осы аталған идеямды 2012 жылы Президентке жолдадым. Ол үкіметке тапсырған. Сол кездегі Мәдениет министрі М.Құл-Мұхаммед ЭКСПО көрмесін өткізбей жүзеге аспайтынын айтты. ҰҚК басшысы Н.Әбіқаев та идеям іске аспайды деген. Алайда 2018 жылы жоғары жақтан жобамның іске асатыны туралы хабарлады. Менің ойымша Өзбекстан Президенті Ислам Каримов Самарқандқа жерленген соң бұл ұсынысым қабыл алынды деп есептеймін. Жалпы Түркістан 5 жыл Президент бақылауында даму керек еді. Және оған арнайы заң шығарып, бизнесті уақытша салықтан босату керек. Сонымен бірге үлкен музей ашып, шумер заманынан бастап табылған жәдігерлерді сонда қою керек. Сонда әлемнің түкпір-түкпірінен халық музейді көруге асығады.
– Бір сұхбатыңызда Назарбаев ғылымға қиянат жасады деген екенсіз. Осы пікіріңізді неге ертерек айтпадыңыз? Бір кездері өзіңіз қызмет атқарған Ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе берілді. Жалпы о баста академияны жекеменшік ұйымға айналдырудың қажеті бар ма еді?
– Ғылымға шынымен де қиянат жасалды. Мен мұны дәлелдеп бере аламын. Ғылым академиясы атынан ең жас депутат болдым. Ол кезде ғылымға ішкі жалпы өнімнен 0.72 пайыз табыс бөлінетін. Кейін 30 жылда 0.13 пайызға түсіп кетті. Дамудың орнына құлдырадық. Ғалымдар 43 мың болатын, 12 мыңға азайды. Тоқаев келгелі кішкене көтеріліп, 18 мыңға жетті. Ғылымға қатты көңіл бөлініп жатыр. Оның басында Тоқаев тұр. Академик Салық Зимановпен Назарбаевқа хат жазғанбыз. Ғылым жеке министрлік болсын, ұлттық кеңес құрылсын дедік. Ол жасалмады. Біраз жылдардан кейін Ғылым академиясы тарап кетті. Қазір Президент біздің ұсыныстарға құлақ асып жеке министрлік пайда болды, ғылым жөнінде ұлттық кеңес құрылды. Кезінде кім болса сол академик болып кеткені рас. Мұны ұлттық кеңестің бірінші отырысында ашық айттым. Жаңа жылдың алдында академиктер алғашқы сыйақысын алды. Бірақ академиктер арасында шөп-шаламы көбейіп кетті. Сонда билік қайда қарап отыр? Ғалымдарға қазір жағдай жасалып жатыр, енді олардың да қайтарымы болу керек. Менің ұсынысым, Президент Жарлығымен Сәтпаев атындағы мемлекеттік орден тағайындалса. Бұл ғалымдарға жігер берер еді. Сон соң Үкімет басшысы болсам әкімдерді ғылымды қолдау жұмысымен бағалар едім.
– Бір кездері Мәжіліс депутаты болдыңыз. Сіз депутат болған шақырылымның құрамы қаншалықты мықты еді? Сол кездегі Парламентті де «қалталы Парламент» деп айтушы еді. Қазіргі Мәжіліс туралы не айтасыз?
– Күні бүгінге дейін депутат болған Жоғарғы кеңесте 53 ғылым докторы мен кандидаты, 12 академик болатын. Одан басқа өндіріс басшылары, зиялы қауым, жазушылар толып жатты. Қазақстанның бүкіл интеллектуалды потенциялы 12-шақырылымда болды. Біз 1990 жылы сайландық. Сонда егемендік алғанда өте қиын болды. Себебі Ресей, Украина басқа мемлекеттер тәуелсіздік алып қойды. Біздің жағдай қиын еді, өйткені кеңестер одағы, Горбачев басқарып тұрған. Ал біздің ішімізде жартымызға жуығы басқа ұлттан болатын. Олар егемендікке қалай дауыс береді, біз одақтан шықпаймыз деп айқайлап тұратын. Президиум жиналысында Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев сынды академиктер бәріміз орыстілді депутаттарды бөліп алып, дауыс беруге көндірдік. Дұрысын айту керек, Назарбаев та қатты жұмыс істеді. Ал қазіргі Парламентке депутаттар бұрынғы сценариймен келді. Біз демократияға көшпей ешнәрсе өзгермейді. Депутаттар Президент тапсырмасын орындай алмай жатыр. Айтып жүрген 2-3 депутат қана бар. Бірақ олардың саяси тәжірибесі төмендеу. Депутаттардың 50 пайызын халық сайлап, қалғаны партия атынан түскені жөн. Егер депутаттар үдеден шықпаса, күзде Парламентті де Үкіметті де тарату керек.
– Қолыңызда билік болса, еліміздің саяси-экономикалық жүйесіне қандай реформа жасар едіңіз? Президент соңғы Жолдауын экономикаға арнады. Жалпы Тоқаевтың экономика саласындағы реформаларына қатысты пікіріңіз қандай?
– Ақылымызды айтатын жасқа келдік. Қазір 77 жастамын. Құдайға шүкір, әлі толық күшімдемін. Өркениет тақырыбында жаңа кітабымды бітірдім. Күні-түні жұмыс істеп жатырмын. Кембриджде екі кітабым шықты. «Абай Қазақстанның болашағы» атты ағылшын тіліндегі кітабым іргелі 200 жоғары оқу орнына таратылды. Яғни әлем Абайды оқып жатыр. Жаңа шыққан кітабымда 45 ұсыныс айтқам. Бізге керегі біріншіден, рухани құндылықтар. Абайдың «Толық адамын» оқуымыз қажет. Екіншіден, жемқорлықтың тамырына балта шабуымыз керек. Соның ішінде бюрократия да бар. Шенеуніктерді 30 пайызға қысқартқан дұрыс. Үшіншіден, жаңа білім қажет. Назарбаевтың үлкен қателігі инженерлерді құртты. Ол билікке керек болды. Себебі бас көтерер жұмысшы табы. Экономика 6-7 пайызға өсіп отыруы керек. Оны әртараптандыра алмадық. Инновация өте аз. Төртіншіден, бізге демократия керек. Алдағы 10 жылда мемлекетті тиімді басқаруда қиындықтар болады. Құрылтай құру идеясын да Президентке бірінші мен айтқам. Енді тек жақсы өмір сүру үшін ұмтылсақ деймін.
– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рахмет!
Әңгімелескен Ә.ҚОНЫСБАЙ