Қашып кетті әлде қашырып жіберді

Oinet.kz 05-04-2023 470

Алматы облыстық Полиция департаментінің бұрынғы басшысы, қаңтар оқиғасына байланысты айыпталып, сот үкімімен  бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін деген Серік Күдебаев қашып кетті. Кейбір ақпараттарға қарағанда, ол Бішкек арқылы Түркияға ұшып кеткен. Генералға халықаралық іздеу жарияланды. 

b7e5ef57-12b2-47df-951d-128484faf336.jpeg


   Алайда Шекара қызметі Серік Күдебаевтың  ресми жұмыс істеп тұрған өткізу пункттері арқылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан өтпегенін хабарлады.

-Бүгінгі күні шектес мемлекеттердің шекара өкілдері аппаратымен өзара іс-қимылда тексеру тағайындалды. Тексеру нәтижесі қосымша хабарланатын болады,-делінген Шекера қызметінің таратқан ресми мәлдімдемесінде. Бірақ бұл ақпарат Күдебаевтың шетелге қашып кеткенін жоққа шығара алмайды. Алматы облысының бұрынғы бас полицейі шекарадан өткізу пункттерін айналып өткен. Қалай айналып өтті? Оған әлдебіреулердің көмектесу әбден мүмкін.    

Серік Күдебаев 2020 жылдың қаңтарынан 2022 жылдың қаңтарына дейін Алматы облысының полиция департаментінің бастығы қызметін атқарған. 2022 жылдың 18 ақпанында ішкі істер органдарынан өз еркімен босатылды. Былтыр мамырда ол қаңтар оқиғасы бойынша күдікті деп танылды. Оған “ауыр зардаптарға әкеп соқтырған қызметтегі әрекетсіздік” деген айып тағылды. 

Күдебаевтың соты биыл қаңтарда Алматы облысында басталған болатын. Прокурор судьядан оған  9 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.  Бұған дейін сот отырысы сотталушының ауруханаға түсуіне байланысты бірнеше мәрте кейінге қалдырылған болатын. Өткен аптада сот Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 157 және 335-баптарына сәйкес  Күдебаевты мәжбүрлеп әкелу туралы қаулы шығарған еді. 

Тергеу амалдары жүріп жатқан тұста генералға елден шығуға шектеу қойылған. Бірақ қызық болғанда оның мерзімі өтіп кеткен.

Күдебаевтың шетелге қашып кетуі қоғам арасында резонанс тудырды. 

-Серік Күдебаевтың Қазақстаннан қашып кетуі, "Ескі Қазақстанның" мемлекетке қарсы заговоры! Мұндай "тұтқиыл қашуды" ІІМ, шекара қызметі өкілдерінсіз ұйымдастыру мүмкін емес. Бұл эксцесс жіті тексеріліп, кінәлілер жауапқа тартылып, Серік Күдербаев Қазақстанға экстрадиция жасалуы тиіс. Бұл мәселе Мәжіліс депутаттары бақылауында болады,-деп жазыпты өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров. 

Бұған дейін шетелге қашпақ болған Елбасының немере інісі Қайрат Сатыбалды әуежайда ұсталды. Ол сот үкімімен бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Назарбаевтар әулетінің құдасы, белгілі бизнесмен Қайрат Боранбаев та шетелге ұшқалы жатқан кезінде тұтқындалды. Ол да тиісті жазасын алды. 

Ал күштік құрылымдар  Күдебаевтан қалайша көз жазып қалды?  Ел сенбей екіұдай күйде.  


Иманғали ма әлде Иванғали ма?
Әйтенов күніне 600 миллиард шешім қабылдайды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу