«Энергетикалық патша» Школьник қай елдің қамын күйттеп жүр?

Oinet.kz 23-04-2019 1194

8f14970f7ce8b35d2e98a24266258bf1-small.jpg

Қатардағы инженер-физик айналдырған 20 жыл ішінде қалайша Қазақстанның «энергетикалық патшасына» айналды? Оның отандық саяси элитасының тұрақты мүшесіне айналып, сол биіктей түспей келе жатуында не құпия-сыр жатыр? 

Тәуелсіз еліміздің минералды ресурстарының қызығын дәл Владимир Школьниктей ешкім көрмеген шығар. Оның карьерасына қарасаң, билікке ойда-жоқта кездейсоқ келген адам сияқты әсер қалдырады. Оның үстіне Владимир Сергеевич  өзінің саясаткер емес, тек физик екенін айтудан жалықпайды. Сөйте тұра, билік эшелонындағы  23 жылдан астам тәжірибесімен мақтана алатын шенеунікті тауып көріңізші. Терещенко, Қажыгелдин,  Балғымбаев, Тұяқбаев, Бүркітбаев секілді 90-шы жылдардағы «жұлдызды саясаткерлердің» бірі де қазіргі билік басында жоқ. Кейбірі  оппозицияда, енді бірі жеке бизнеске кетіп қалған. Ал Школьник – сол баяғы Школьник.  

Владимир Школьник Ресейде туылған, сонда оқып, еңбек жолын бастаған, тіпті ақыр аяғы құдасын да осы елден тапқан. Бұдан соң «Матушка Руське» деген махаббатың қалайша оянбасын? Сол махаббаты мен адалдығын Школьник мырза сөзбен емес, іспен дәлелдеп келе жатқандай. Тарқатып айтайық. 

Физик па, саясаткер ме?

 1966 жылы жас маман Владимир көрші елдегі Серпухов қаласының радиозауытында аз уақыт еңбек еткен соң Маңғыстаудағы энергокомбинаттың қатардағы физигі болып жұмысқа тұрады. Сол кездегі Школьниктің бар арманы – осы  энергокомбинатта карьера жасап, бірте-бірте басшылық қызметке ойысу еді. Ойындағысын іске асыра бастап, кәсіпорындағы барлық дерлік карьералық сатылардан өткен ол ақыры комбинат директорының орынбасарлығына дейін өсті. 

Алайда, 1992 жылы күтпеген жерден Атом энергетикасы жөніндегі ұлттық  агенттігінің төрағалығына тағайындалуы талайларды таңқалдырды. Білетіндердің айтуынша, бұған тұңғыш премьер-министр Сергей Терещенко мен сол жылдары Маңғыстауды басқарған Федор Новиков жан-жақты қолдау көрсеткен.  Бұдан кейінгі карьерасына үңілсеңіз, басыңыз айналады. Ғылым және жаңа технологиялар министрі, ғылым және жоғары білім министрі, бұдан соң энергетика, индустрия және сауда министрі, 2000-жылы тіпті премьер-министрдің орынбасары қызметіне дейін көтерілді. Энергетика және минералды ресурстар саласын басқарып, Президент әкімшілігінде де орынбасарлық қызметті атқарып көрді. Бұдан соң Школьник қатардағы физик пе, әлде әккі саясаткер ме, өзіңіз  шамалай беріңіз. 

Владимир Сергеевич  премьерлердің барлығымен де тіл табыса алды. Терещенко, Қажыгелдин, Балғымбаев, Тоқаев, Тасмағамбетов, Ахметов пен Мәсімов – бұлардың қай-қайсысы болсын Школьникке шүйліккен емес.  Үкімет басшысы сыни пікір айтса да Владимир әзіл-қалжыңмен құтылып кете беретін. Айтпақшы, Школьникті  министрлер кабинетінде «басты анекдотшы» деп те атайды екен. Әзілін айтып жүріп, талай лауазым иелерінің көңілін аулай білген мақала кейіпкерінің атқарған тірлігіне келсек қайран қаласыз. 

 Отандық командалық-әкімшілік жүйеде өзін емін-еркін сезінетін Владимир Школьник кланаралық талас-тартысқа араласпаған, сонымен қатар өзінің есімін сыбайлас жемқорлыққа байланысты дау-дамаймен де былғамаған. Сөйте тұра көп жылдан бері лоббистік іс-әрекеттерге етене араласып жүргені жасырын емес. Онда да өз еліміздегі олигархтардың емес, өзге елдің мақсат-мүддесін күйттейтін әрекеттері жетіп артылады.  Бұл әсіресе, оның «Қазатомпромның» басшылығына келген сәттен бастап қатты байқалды. 

«Қазатопромда» Жәкішев дәуірлеп тұрған кезде Қазақстан мен Ресей біріне-бірі бәсекелес атанып, халықаралық уран нарығының көшбасшылығы үшін таласа бастаған еді. Мұхтар Жәкішев байытылған уранды шығару арқылы қосылған құны аса жоғары өнім шығаруды, сол өнімді алпауыт елдерге тікелей сатуды көздеген. Көпжылдық стратегияның нәтижесінде отандық атом саласы бұл межеге жетуге сәл-ақ қалғанында «Қазатомпромның» басшылығына Школьник келді. Осы сәттен бастап  ұлттық компаниядағы тірліктің барлығы дерлік кері кете бастады. 

Суға салса батпайды, отқа салса жанбайды 

Школьниктің «Қазатомпромдағы» былығын бір кездері Есеп комитеті әшкере етті. Арнайы жүргізілген сараптаманың нәтижесінде  атом саласын дамыту бағдарламасының кешеуілдеуі анықталды. Атап айтқанда, 2011-2012 жылдарда жоспарланған 46 іс-шараның тек жартысына жуығы атқарылып, 4 миллиардтан астам теңге игерілмей қалып қойған. Онда да тек шикізат өндіруге қатысты шаралар дер кезінде орындалып, есесіне өңдеу бағытындағы бастамалар тұралап қалғаны белгілі болды. Екі жарым  миллиардқа жуық  теңге тиімсіз жұмсалғаны мойындалды. Жалпы, сол жылдарда саланы дамытуға қарастырылған 306 миллиард теңгенің тек 174 миллиарды ғана игерілген екен.  

«Қазатомпромдағы» кадрлық саясаттың да мәнісі кетті. Бірінші кезекте бұрынғы кадрлар шеттетіліп, орнына бұл саладан хабары жоқ адамдар келе бастады. Ең бастысы, Қазақстан геосаяси тұрғыдан ұтыла бастады. Ресей көптен бері уысына түсіре алмай келген үш уран кенішіне қол жеткізді. Сонымен қатар, Кремль елімізде бірқатар атом электр стансаларын салатын болып шешілді. Өкініштісі сол, Қазақстан сол күйі тек уран шикізатын  шығаратын ел мәртебесінен құтыла алмады. Ел мүддесіне қайшы келетін мұндай әрекеттердің басты себептерінің бірі ретінде Школьниктің басты бәсекелесі болуға тиіс ресейлік уран саласының тізгінін ұстаған Вадим Живовпен құда атанғаны жиі айтылады. 

Осы дөкейдің қызын алған Школьниктің ұлы Игорь дәулеті жағынан  «Форбстың» тізімінде 40-орынға жайғасқан. Ол Ресейдегі  «Орскнефтеоргсинтез» атты ірі мұнай өңдеу  зауытының қожайыны ретінде аталып жүрді. Ондағы активтердің  құны 280 миллион долларды құрайтыны жайлы ақпарат таратылды. Биыл Игорь зауытты сатқаны жайлы да мәлімет жарияланды.  35 жасар Игорь Школьниктің жеке байлығы 150 миллион долларға бағаланады. 

 Қысқасы, Школьник пен Живовтың құдалығынан екі жақ та ұтылған жоқ. Жағдайлары жақсарған үсті жақсара берді. Жуырда ресейлік уран саласының басшылығы мойындағандай, «Живов небәрі бірнеше жыл ішінде «Росатом» компаниясын әлемдегі ең ірі уран өндіруші корпорациялардың біріне айналдыра білді». Сарапшылардың пікірінше, «Росатом» қазақстандық активтерсіз мұндай биікті бағындыра алмас еді. 

Ұлттық қазба байлықтарын сатудан түскен қаржыны оңды-солды шашудың бір мысалы ретінде Школьниктің құны 55 миллион долларлық люкс дәрежесіндегі яхтаға тапсырыс бергені жайлы деректі келтіруге де болады. Әрине, оның ақшасын өз қалтасынан емес, «Қазатомпромның» есебінен шығарған. Салыстыру үшін, Роман Абрамович секілді олигархтар мен араб шейхтарының яхталары да дәл осындай сомаға бағаланады.  Ең сорақысы сол, миллиардтаған теңге жұмсалған сол «Бәйтерек» атты яхта  дәл қазір Бұқтырма бөгенінде тот басқан күйінде шіріп тұр. 

Міне, осы секілді толып жатқан кемшіліктер мен күдікті жайттарға қарамастан, Школьникті ешкім жауапкершілікке тартқан жоқ. Ол ол ма, Владимир Сергеевичтің ықпалы күшейгені соншалық, оны элитадағылар Қазақстанның «энергетикалық патшасы» ретінде атай бастады. «Қазатомпромнан» кейін Школьник энергетика министрі  креслосына жайғасты. Бұған қатысты қоғамда наразылық туындап,  бір топ белсенділер Школьникті отставкаға жіберілуін де талап етті. Бірақ, бұл бастамадан түк те шыққан жоқ. 

Жуырда Владимир Школьник еліміздің энергетикалық байлығын түгендеп шықты. Үлкен форумдардың бірінде министр Қазақстанда 90 жылға жетерліктей  энергоресурстар барын мәлімдеді. «Бұл – тек барланған қорлар,  шын мәнінде ресурстардың көлемі бұдан да көп екеніне кәміл сенемін» деп мақтана сөйлеген Школьниктің дәл осы ресурстарға қатысты қандай ішкі бақай есебі барын  дөп басып айта алмасақ та, қомағайлығы арта түсетінін, өзінің «энергетикалық патшалығын» тек кеңейте беретінін ішіміз ептеп сезеді. 

Мұрағаттан, 2015 ж

«Ресейден ешқандай жақсылық күтпеңдер». Путин Еуроодақты осылай деп қорқытты
Назарбаев жаңадан сайланған Президентке жұмыс істейтінін айтты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу