Ханзада Есенованың қызметінен кеткені рас па?
Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Ханзада Есенованың қызметінен кеткені туралы ақпарат пайда болды. Басқарма басшысының әріптестерімен жылы қоштасып, қызметінен кеткені бүгін әлеуметтік желіде жазылып жатыр. Сонымен бірге Х.Есенованың «қоштасу жазбасы» мессенджерде пайда болды. Сөздің мән-мағынасына қарағанда, ол бұл жазбаны әріптестер арасындағы чатта жариялаған сияқты. Сондай-ақ бүгін Есенова фейсбуктегі парақшасында 2020 жылдың қарашасында жариялаған постын қайта көшіріп тастап, соңына NO COMMENTS… деген сөзді жазған. Дегенмен әзірге басқарма басшысына қатысты ресми мәлімет жоқ.
Ханзада Есенова мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы лауазымына 2020 жылдың қыркүйегінде келген болатын. Былтыр, биыл мегаполистің мәдениет саласынан көп шу шықты. Соңғы уақытта ол тіптен ушықты десек артық айтпағандық. Былтыр Наурыз тойын тойлауға бөлінген 500 миллион теңгеден астам қаражаттың дауы әлі басылған жоқ. Ал жақында мегаполистегі бір топ өнер қайраткерлері Есенова басшылыққа келгелі қызметкерлерді «өз еркімен» жұмыстан шығарудың белең алғандығын, басқармада сыбайлас жемқорлықпен байланысты күдікті істердің көбейгенін айтқан. Басқармадығы лауазымды қызметкерлердің «пара берді» деген айыппен ұсталғаны бұған дейін де белгілі болған еді. Жуырда басқармадағы бөлім басшысының Алматы қаласында пара алды деген күдікпен құрықталғаны, ал артынша Есенованың Алматыдағы пәтерінде тінту жұмыстарының жүргізілгені айтылды. Әзірге бұл алыпқашты әңгімеге әкімдік те, құзырлы органдар да түсінік берген жоқ.
Ханзада Есенова 1972 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген.
Педогогика ғылымдарының кандидаты, іскерлік әкімшілендіру шебері.Еңбек жолын 1989 жылы Шымкент қаласы Еңбекші ауданы комсомол жастар ұйымының тіркеу секторының маманы болып бастаған. Ол 2018-2019 жылдары Алматы қалалық мәдениет және мұрағаттар басқармасының басшысы болып істеген. Сонымен бірге Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы жанындағы Материалдық емес мәдени мұраны қорғау Ұлттық комитетінің төрайымы болып еңбек еткен.