Видеодағы әкімнің орынбасары мәжбүрлеп вакцина салдыруға қатысты пікір білдірді
OINET.KZ - Күні кеше танымал өнер адамдары Алтынай Жорабаева, Балғынбек Имашевтар мәжбүрлеп вакцина салдыруға қарсы шықты. Олар парақшаларына Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанның тиісті мекемелерге вакцина салдыруды тездетуді тапсырып жатқан онлайн жиналыстағы видеосын жариялады. Өнер жұлдыздары вакцина салдыруға қатысты тапсырманы сынға алып ашуға ерік берді.
Осы шуға байланысты Шыңғыс Мұқан Facebook парақшасында жауап берді. Ол вакцина салдыруда міндеттеу бар, бірақ мәжбүрлеу жоқ екенін айтты.
- Вакцина салу міндет па? Иә, міндет! Үкіметтің қаулысы шықты. Коронавирус міндетті түрде вакциналанатын инфекциялық аурулардың қатарына кірді.
Міндет бар, бірақ мәжбүр жоқ. Ешкімнің аяқ-қолын байлап вакцина салып жатқан жоқпыз. Санасына жетсе, салдырады, жетпесе, салдырмайды. Салдырмай жүрген адам ертең ауырып жатса, өзінен көреді. Айту, ескерту - парыз.
Осы аптада Шымкентте коронавирус пен пневмониядан 8 науқас қайтыс болды. Егер вакцина салдырмай ертең ауырып қалсаңыз, жолыңыз бола ма, болмай ма, ешкім дөп басып айта алмайды.
Кеше әкедей болып кеткен Есенғали (Раушанов - автор) ағамыз ковидтен қайтыс болды. Қабырғалы қаламгер Қабдеш (Жұмаділов - автор) атамызды да тәжтажал алып кетті деп естідім. Иманы саламат болсын! Вакцинация ертерек басталғанда тірі жүрер ме еді деп ойлайсың. Осыны ойлайсың да, күн демей, түн демей, даусың қарлыққанша иландыруға тырысасың. Өзіңді де қамшылайсың, өзгеге де тыным бермейсің. Қарқынға ілеспегендер қастық қылып, жиналысты видеоға түсіріп алып, үзіп-жұлып жариялайды, аудиохабар жіберсең, оны бір-біріне жалғап, айтпағанды айтты қылып шығарады. Кейбір “достар” оны жерден жеті қоян тауып алғандай таратады. Маған өз абыройым емес, халықтың денсаулығы қымбат, - деп жазды қала әкімінің бірінші орынбасары.
Еске сала кетейік, 15 сәуір күні Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес, Шымкент "сары" аймақтан "қызыл" аймаққа көшті.
Коронавирусты жеңу, оның алдын-алу мақсатында Үкімет жыл соңына дейін 6 миллион адамға вакцина салуды жоспарлап отыр.