Омарбек Нұржановтың «жыл соңына дейін қызметімнен кетемін» дегені қаншалықты рас?
«Мақтарал аудандық мәслихатының хатшысы Омарбек Нұржанов жыл соңына дейін қызметінен кетіп, жәй депутат болады екен» деген әңгіме қазір ел арасында гу-гу әңгімеге айналды. Бейресми ақпарат көздерінің дерегіне қарағанда жуырда аудандық мәслихаттың сессиясында Нұржановты орнынан кетіру туралы мәселе көтеріліп, бірақ ол ойламаған жерден күн тәртібінен түсіп қалған. Дегенмен сессияда ойын іркіп қалғысы келмеген депутаттардың бірі хатшыға «Жұмыс істеуді қойдыңыз Омекеңе, жастарға орын беру керек қой» деген емеурін танытыпты. Омекең алғашқыда аң-таң қалған күй танытып «Кеше өздеріңіз сайладыңыздар, енді бүгін келіп «кет» дегендеріңіз қалай? Егер анық кетуімді қаласаңыздар, жыл соңында орнымды босатып, жәй депутат болып қаламын» депті. Мұның бәрі жөн сөз бе, әлде жел сөз бе?
Мақтаралды бір емес бірнеше мәрте басқарып, «незаменимый» кадр атанған О.Нұржановтың қызметінен жыл соңында кетуді қалыптасқан үрдіске айналдырғаны бұрыннан белгілі емес пе?! Естеріңізде болса, 2006 жылы әкімдік реформаның нәтижесінде облыста сайланған төрт аудан әкімнің бірі-- Омекең 2008 жылды аяқтап барып, орнын Қасымбек Хаметовке тапсырып кеткенін білеміз. Шекара асып, Өзбекстандағы елшілікке кеткен Нұржановтың осыменен Мақтаралдағы дәурені бітті дегенбіз. Жоқ, төрт жылдай сонда еңбек еткен ол зейнеткерлікке шыққанына қарамастан биыл жыл басында у-шуы басылмайтын Мақатаралға қайта оралды. Жәй оралған жоқ, мәслихат депутаттығына таласты. Көздегені мәслихат хатшылығы шығар деген елдің жорамалы расқа айналды. Сайлауда өзінің туып-өскен Қызылқұм ауылдық округінен түсіп, қарсыласынан бар-жоғы 130-дай артық дауыспен жеңіске жеткен ол қаңтарда өткен мәслихат хатшысы сайлауында аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Мүтәліп Байысбаевпен бірге бақ сынады. Бұл сайлаудың күдік-күмәнмен өткенін, депутаттардың сайлауды жабық түрде өткізу туралы ұсынысының далада қалғанын, тілшілердің оған қатысуға жіберілмегенін кезінде «Рейтинг» газетінде жазғанбыз.
Осы мәслихат сайлауынан кейін Омарбек Нұржановпен үзеңгі қағыстырған Мүтәліп Байысбаевпен тілдескенімізде ол:
--Болар іс болды. Енді «анау-мынау» деп айтқаным азаматтыққа жараспас,-- деп, сөзін қысқа қайырған-ды. Ал, «Пайғамбар жасынан асқанда күдік-күмәнмен төбе би болғаным ақсақалдыққа жараспас» деген Нұржанов болған жоқ. Енді міне, Омарбек Нұржанов жыл өтпей жатып, хатшылықтан өз еркімен бас тартып отырғаны рас па? Неге өйтеді? Мәслихат хатшысының мақтаралдық депутаттардың басым көпшілігімен дәм-тұзы жараспағаны шындық па? Егер депутаттармен шығыса алмаса хатшылыққа қалай сайланды? Мәслихат хатшысы Омарбек Нұржанов пен аудан әкімі Серік Тұрбековтың арасынан «қара мысық» жүгіріп өткен дей ме? «Ауданнан арысы Астанаға, берісі облыс әкімдігіне ағылған арыз-шағымдардың артында Нұржанов тұр» деген ауыр айыптау ақиқат па? Әйтеуір, ел аузында осындай ащы ішекше шұбатылған сауал өте көп. Оның қайсысы қаншалықты рас-өтірігін білмедік, бірақ Мақтаралда «екі қошқардың басы бір қазанға сыймай жатқаны» сияқты. «Нұржанов Шардараға әкім болып тағайындалған інісі Қамытбек Айтөреевты Мақтаралға әкім етіп әкелуге әрекет жасап жүр, Тұрбековты түртпектеуі содан екен» деген әңгіме босқа өрби ме? Егер осы ақпарат расқа айналса, кезінде ауданды «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстап үйренген Нұржановтың дәурені әлі де дүрілдей береді деген сөз. Бірақ бұған халық көне ме? Қазіргі аудан әкімі Серік Тұрбеков екеуіне қатысты әр алуан алыпқашпа сөздің көбеюі осы айтқанға көнбеуден шығып жатқан жоқ па?
«Әдемі қартаю да өнер» дейді атам қазақ. Баяғыда біреу «Тоқсан жасайын деген жасым ба еді, быламық ішейін деген асым ба еді?» деген екен. Кішіге ақылын айтып, бейнетінің зейнетін көрер жастағы Омекең, Омарбек Нұржанов білмейтіні жердің астындағы адам бола тұра осыны ойланбауы мүмкін емес қой.
Мұрағаттан: 15.11.2012