Дауысты онлайн береміз бе?
Ары барғанда келесі жылдың қаңтарында өтеді деген Мәжіліс пен мәслихат сайлауына қатысты күдік күшейе түсті. Кейбір сарапшылардың пікірінше, дауыс беру онлайн түрде жүргізілуі мүмкін. Билік пандемияны сылтауратып, саяси доданы электронды форматта өткізіп жіберуі әбден ықтимал деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Осыған байланысты Қазақстанда парламенттік сайлауда онлайн-дауыс беруге қарсы петиция құрылды. Жуырда денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың елдегі эпидемиялогиялық ахуалға байланысты сайлауды өткізудің түрлі нұсқалары қарастырылып жатқанын хабарлаған болатын. «Ойбай, онлайн даусы беруге дайындалып жатыр» деген дүрбелеңге осы жәйт әсер еткен сияқты.
«HAQ» қозғалысының белсендісі Тоғжан Қожалиеваның ойынша, жақында өткен «Нұр Отан» билеуші партиясының праймеризі болашақ онлайн сайлауға дайындық болды.
- Егер Денсаулық сақтау министрінің қаңтар-ақпан айларында локдаун енгізу туралы соңғы мәлімдемесін ескеретін болсақ, расында бізді онлайы дауыс беруге дайындаған болуы мүмкін. Осыған байланысты біз мұндай сайлауға қарсы өз пікірімізді білдіргіміз келіп, петиция әзірлеп шығардық. Онлайн-дауыс беру кезінде сайлау құпиясы бұзылады, әртүрлі айла қолдану арқылы бұрмалау жасалып, тәуелсіз бақылау жүргізу мүмкін болмайды. Әлемде онлайн-дауыс беруді қолданған тәжірибе жоқ. Рас, интернетте референдум өткізу, немесе әртіске дауыс беруде жүзеге асырылып жүр. Ал партия сайылауына немесе заң шығарушы органға сайлау өткізуде әлі қолданылып көрмеген, - дейді Т.Қожалиева.
Петицияны қолдаушылардың пікіріне құлақ түрсек, онлайн дауыс беру өткізгенше, сайлауды кейінгі шегерген жақсы. Мәселен мұндай тәжірибе Ұлыбритания, Сербия, Оңтүстік Корея секілді елдерде қолданылған. Сонымен қатар, өтініште тәуелсіз exit-poll жүргізу және сайлаушыларға «Барлығына қарсы» дауыс беруге мүмкіндік беретін талаптар қойылған.
Алайда кешегі күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауды 10 қаңтарға белгіледі. Президенттің елге арнаған үндеуінде онлайн дауыс беру туралы ештең еайтылған жоқ.