Жұмағали Исмайлов атышулы, қымбат адвокатты жалдады
Талай шулы істерді қатысып, лаузымды, қалталы тұлғаларды сотта қорғап жүрген әрі гонорарды да көптеу алатын адвокат Николай Кемерді кім білмейді дейсіз. Кезінде оның Түркістан қалалық ішкі істер басқармасының бастығы лауазымында жүріп, есірткі саудасымен айналысқаны үшін сотталған Дәрібай Шалаевтың, Шымкенттегі атышулы «дәрігерлердің ісіне» қатысқанын білеміз. Міне, сол азулылардың адвакаты Кемер Оңтүстік Қазақстан мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында облыстық денсаулық сақтау басқармасының мүддесін қорғап жатыр. Өте қымбат гонорармен жұмыс істейтін адвокаттың мемлекеттік мекеменің ісіне араласқанын бірінші рет естуіміз.
Бұған іске төрағалық етіп жатқан судья Ләззат Тұрғараеваның өзі де таңданыс білдірген сияқты. Ол сот басталысымен мінбеге шыққан басқарманың заңгеріне:
-- Басқармадағы заң бөлімі бар және онда екі-үш заңгер жұмыс істейді екен. Олай болса, танымал, облыстағы нөмірі бірінші әрі қымбат гонорармен жұмыс істейтін адвокатты жалдаудың қаншалықты қажеттілігі бар еді? Жеке адвокаттың қызметіне ақыны кім төлейді? Мекеменің басшысы ме әлде мемлекет пе?—деді. Бұл сауалға жауап беруге басқарманың заңгері емес, Кемердің өзі араласты.
--Мемлекет төлейді. Бар-жоғы 20 мың теңге,--деді ол.
-- Мейлі 20 мың теңге түгілі, 2 мың теңгеге де мемлекеттік сатып алу өткізіледі емес пе?—деген судьяның сауалына Кемер нақты жауап бермей, мәселені жұмсартуға көшті.
-- Мен 2-топтағы мүгедекпін. Сондықтан емдеу мекемелерінің көмегіне жиі жүгінемін. Мынау сотта қаралып жатқан 10 істің кейбіріне 5 мың теңгеден төлейді. Мен облыстың патриотымын,--деген ол денсаулық сақтау басқармасына жанашырлық пейілмен көмектесіп жүргенін білдірді.
Ақпан айында қаржы полициясы агенттігінің төрағасы Рашид Түсіпрбековтың блогына соңына «ОҚО медицина саласы қауымдастығының өкілдері» деп жазылған (мұндай ұйымның бар-жоғынан бейхабармыз) хат жарияланған болатын. Исмаилов пен оның орынбасары Г.Шайхыбекованың былық-шылығын жіпке тізген хат иелері облыстың бас дәрігерінің Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан жеке баспана және «Ренж Ровер» джип автоколігін сатып алғанын жазып, бұлайша шалқып өмір сүру мемлекеттік қызметкердің жалақысына қаншалықты сәйкес келетініне таңданыс білдіріп еді. Әрине, хаттағы көрсетілген дерек шындық па әлде жел сөз бе, ол жағын білмедік. Десек те, жел тұрмаса шөп басының қимылдамайтыны тағы бар. Қымбат көлік мінетін Жұмағали Исмаиловтың енді қымбат адвокат жалдағанын көрмейсіз бе?!
Ойды ой қозғайды демекші, былтыр медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Исмаиловтың барлық бас дәрігерлерден 30 мың теңгеден ақша жинап, Шымкентте аста төк дастархан жайып, оған тек өзіне ұнайтын дәрігерлерді ғана шақырғанын, осы думанды кешке адвокат Кемердің отбасымен арнайы қонақ ретінде шақырылып, құрметті төрден орын алғанын естігенде сенер-сенбесімізді білмегенбіз. Кемер мен денсаулық сақтау басқармасы арасындағы жақындықтың сыры тереңде жатқанын енді түсінгендейміз. Бірақ Жұмағали Исмаиловтың алтын уақытын қор қылып, бақандай он іске қорғаушы ретінде қатысып жүрген Кемердің жанашырлығын тиын-тебенмен бағалағанын көрмейсіз бе? «Сыйға сый, сыраған бал» демеуші ме еді.
Б. Ерназар.