Сеулде оқитын шымкенттік студент Оңтүстік Кореядағы коронавирустық жағдайды баяндады

Oinet.kz 07-04-2020 1361

Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында орналасқан университеттердің бірінде тіл курсын оқитын шымкенттік бойжеткен Берекет Заманханова сол елдегі эпидемиологиялық ахуалмен бөлісті. Оның айтуынша, коронавирустың ауыздықталуына қатаң сақтық шаралары себеп болған, деп хабарлайды Oinet.kz сайты KAZ.NUR.KZ порталына сілтеме жасап.

Screenshot_2.jpg

Берекеттің айтуынша, алғашында мұнда тәулігіне 700-800 адамнан коронавирус анықталған. Сол кезде вирус жайлы барлық ақпарат хабарлама ретінде телефондарына келіп отырған. 

"Әрине, бәріде дүрлікті, қорықты, бірақ та бұлар үкіметтің барлық ескертпе ережелеріне құлақ асты, халық кәдімгідей тәртіпке бағынды. Халыққа үкіметтен маска киіп жүру керектігі туралы хабар жеткен соң, халық оны 100 пайыз орындады деуге болады. Себебі көшеде маскасыз жүрген адамды көр­медім. Сырттан тамақ ішіп үйренген кәрістердің ешбірі де сол аралықта көшеге шыққан жоқ. Барлығы түгел дерлік қауіпсіздік шарасын сақтады", - дейді студент. 

Бойжеткеннің сөзінше, Тэгу қаласы ғана карантинге жабылғанымен сақтық шаралары барлық аймақта қолға алынған. Тіпті, көпшілік орындарға маскасыз мүлдем кіргізбеген. 

"Университетке де біз тек маскамен ғана кірдік. Ол жоқ болған жағдайда сол университеттің әкімшілігіне барып, тегін маска алуға рұқсат берілді. Сабақ басталар алдында және әрбір үзілістен кейін студенттердің қолды тазалап кіруін мұға­лімдер қатаң қадағалап отырды. Ол үшін арнайы антисептиктер қойылған. Кіре­берісте міндетті түрде температураны тексеретін адам отырады", - дейді Берекет. 

Сондай-ақ сауда орталықтарына кірерде тек қолды ғана емес, азық-түлік салатын арбаның ұстайтын жерін, кассаға төлем жасаған соң да қолды антисептикпен шаю міндетті болған. Студенттің сөзінше, Кореяда коронавирус жұқтырғандар туралы ақпарат ашық берілген. Яғни, арнайы телефонға арналған қосымшалар құрастырылып, сол жерде барлық ақпарат көрсетілген. 

"Corona alіmі", "Corona 100 m" атты телефонға жүктейтін бағдарламалар пайда болды. Онда Кореяның картасы бейнеленген және соңғы екі аптада коронавируспен ауырған адамның қай жерлерге барғаны көр­сетіліп тұрады. Оның қай күні, қай уақытта қай дүкенге, қай мекемеге барғаны, қай автобусқа қаншада мініп, қаншада түскені туралы бүкіл ақпарат беріледі. Егер ауырған адам қандай да бір ғимаратқа кірген болса, ал мен сол аймаққа жақын жерде жүрген болсам, сол бағдарлама арқылы менің телефоныма "Бұл жерде коронавируспен ауыр­ған адам болған, жақындама" деген секілді ескертпелер хабарлама түрінде келіп отырады. Мұнда полиция коронавируспен ауырған адамның соңғы екі апта ішінде қай жерлерде жүргенін оның телефоны мен банк карталары арқылы анықтайды", - дейді Берекет Заманханова. 

Оның сөзіне сүйенсек, Кореяда да маска тапшылығы орын алған. Тіпті біреуінің өзі 1500-1600 теңгеден сатылған кездер де болыпты. Тіпті адамдарға пошта арқылы күніне екі маскадан ғана берілген екен. Дегенмен азық-түлік тапшылығы байқалмаған. 

Еске сала кетсек, әлем бойынша COVID-19 жұқтырғандар саны 1 346 000 асты. 

Ал елімізде 7 сәуірдегі жағдай бойынша 670 адамнан коронавирустық инфекция анықталып отыр.

Филиппинде карантин ережесін бұзған қарт кісі оққа ұшты
Назарбаевтың қазақстандықтарға үндеуі жарияланады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу