Болатбек Әлиев мемлекеттік колледжді «түрме заңымен» басқармақ па?

Oinet.kz 12-03-2020 3532

Screenshot_1.jpg

"Рейтингтің" коллажы

Облыс әкімінің бұрынғы орынбасары, сыбайлас жемқорлықпен байланысты оқиғалардан кейін отставкіге кеткен, қазіргі уақытта кәсіпкерлікпен айналысып жүрген Болатбек Әлиевтің Түркістан облысындағы екі колледжді сенімгерлік басқаруға алатындығы туралы әңгімелер шыққан кезде-ақ, көпшілік мұның соңы үлкен дау-дамайға айналатынын айтқан еді (осы жөнінде «Рейтинг» газетінде бір емес бірнеше мақала жазылғанын да еске сала кетейік). Халық айтса, қалт айтпайды деген рас. Елдің пікіріне, оның ішінде Президентке дейін арызданып, араша сұраған ұстаздардың жанайқайына, Болатбек Әлиевтің «топорный методтары» талқыланған жиында облыстық мәслихат депутаттарының пікіріне құлақ аспаудың ақыры, міне, осыған алып келді.

 Өткен жұмада Түркістан  индустриалды-құрылыс колледжінің ұстаздары жиналыс өткізіп, облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшыларынан аталған білім ұясын «Dala constructіon.kz» серіктестігінен қайтарып алуды талап етті. 

Ұстаздардың айтуынша және олардың «Рейтинг» газетінің редакциясына жолдаған арыз -шағымына қарағанда, жаңа жылдан іске кіріскен жаңа басшылық жұмыстарын кадрлық тазалаудан бастаған. Директордың орынбасарлары, экономист, заңгер, бас есепші, бірқатар оқытушылар,  қарауыл мен жүргізушіге дейін жұмыстан шығарылған. Директордың орнын иемденген Бауыржан Қожатай айналасына колледждің жұмысынан бейхабар азаматтарды «көмекші», «заңгер» деген лауазыммен жинауға көшкен. Ал «Dala constructіon.kz» компаниясының басшылығы колледжге «смотрящий» тағайындаған. Болатбек Әлиевтің колледждегі «көзі мен құлағы» заң бойынша ешқандай құзырының жоғына қарамастан оқытушыларға тапсырмалар бере бастаған.

– Жуырда Назира Төлбасиева деген «көмекші» пайда болды. Кейіннен оның Білім министрлігінде жұмыс істейтіндігі, қазіргі уақытта бала күтіміне байланысты еңбек демалысында екендігі белгілі болды. Төлбасиева колледждің мөрлерін қолына алып, ұстаздардың жұмысын тексеруге кірісті. Кейін жоғалып кетті.  Жалпы жаңа басшылық келгелі оқытушыларға тыным жоқ. Тексеруден тексеру, тіпті кешкі сағат бестен кейін де шақырып, жиналыс өткізеді. Түскі ас ішуге де уақыт қалмай барады, – деді жұмадағы жұрт назарын аударған жиында шулаған ұстаздар.

Түркістан индустриалды - құрылыс колледжі облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін 2018 жылы «Жыл колледжі» номинациясын жеңіп алған. Білім ұясының студенттері талай мәрте республикалық конкурстардың жеңімпазы атанған. 2019 жылы колледж «Жас маман» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, 318 миллион теңгенің грантын ұтып алған. Аталған жоба оқу орындарын қайта жаңғырту, халықаралық тәжірибелерді енгізуді мақсат тұтады.

– Қазір біздің қолымызда Білім және ғылым вице-министрі Ш.Каринованың хаты бар. Хатта Президент Әкімшілігі басшысының 2019 жылдың 14 қыркүйектегі тапсырмасына сәйкес «Жас маман» жобасына қатысатын колледждердің сенімгерлік басқаруға берілмейтіндігі атап көрсетілген. Алайда облыстың басшылары осы хатқа қарамастан Түркістан индустриалды-құрылыс колледжін «Dala constructіon.kz» серіктестігіне беріп жіберді, – деді колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұрлан Ерғазы.

Аға шебер Мұхтар Әбдіқұловтың әңгімесімен сөзімізді сабақтасақ, жаңа басшылық колледждің мүліктерін тонауға кіріскен бе? Жуырда  қосалқы бөлшектерді металл сынығы ретінде өткізіп жіберген деген фактінің ақ-қарасын анықтау керектігі түсінікті.

– Бөлшектердің жоғалғаны туралы акті жасадық. Басшылар «ақшасын құямыз» деген. Бірақ, ақша жоқ. Бір ай болды. Түрмеде жүрген сияқтымыз. Жұмыс уақыты аяқталған соң кабинетіне шақырып алып, болмайтын әңгімелерді айтып отырады. Азанда бір, түсте бір тексеру келеді. Бауыржан Қожатайға «бұл қалай?» десем, «мен шеше алмаймын бәрін Бәкең шешеді» дейді. Шеше алмаса, неге келді? Мекемедегі қағазға  дейін өзіміз сатып алатын болдық. «Цехты жүргізіп, ақша табыңдар» дейді. Асхананы жауып, арендаға беріп қойды,– деген М.Әбдіқұловтың сөзін қостаған ұстаздар басшылардың тіпті оқу орнының спортзалын да арендаға беріп, пайда табудың көзіне айналдыруды жоспарлап отырғанын алға тартты. Ұстаздар бірауыздан колледжді сенімгерлік басқарудан қайтарып алуды талап етті. Талап орындалмаса Ақордаға дейін баратындарын ескертті.

Осы жиналысқа арнайы келген облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Рахия Асанованың айтуынша, колледж  «Dala constructіon.kz» компаниясына 20 жылға сенімгерлік басқаруға аукцион арқылы берілген. Енді кәсіпкердің жұмысына кедергі жасауға болмайды екен. Егер компания келісімшартта көзделген міндеттерін дұрыс орындамаса, онда оның ісі құзырлы органдарға беріледі. Яғни, басқарманың әзірге қолынан келетіні тек осы ғана сияқты.

Р.Асанова  «Жас маман» жобасына қатысушы оқу орындарын сенімгерлік басқаруға беруге болмайды деген Президент Әкімшілігі басшысының тапсырмасы нормативтік-құқықтық құжат болып табылмайтынын алға тартты.

– Біздің сүйенетініміз – Білім министрлігінің Қағидасы. Онда «Жас маман» жбасына қатысушы оқу орындарын сенімгерлік басқаруға беруге болмайды деп жазылмаған. Бұл мәселе бойынша даурығудың қажеті жоқ. Басқарма сіздерді далада қалдырмайды. Талап-тілектеріңіздің бәрін зерттейміз. Мерекеден кейін компания басшыларымен кездесу өткізіп, стратегиялық жоспарларын хабардар етеміз, - деді Р.Асанова.  Яғни, облыстық Адами әлуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Рахия Асанованың Президент Әкімшілігі басшысының тапсырмаларына пысқырмайтындай сөйлегеніне қайран қалдық. Сонда Президент Әкімшілігі мен Білім министрлігі екі бөлек елде өмір сүріп жатыр ма? Бір қызығы, басқарма Президент Әкімшілігі мен министрліктің  ұстанымындағы қарама-қайшылықты анықтау үшін ешқандай әрекет жасамаған сияқты. «Қағидада ондай талап жазылмаған» деп, колледжді аукционға қойып жіберген. Аукционға Әлиевтің компаниясы жалғыз өзі қатысқан.  Яғни, әлдебіреулер білім ұясын Болатбек Әлиевтің қанжығасына байлап беруге мүдделі болған десек қателеспеуіміз әбден мүмкін. Бірақ ондай ықпалды адамдар  қайда отыр? Білім басқармасында ма әлде облыстық әкімдікте ме?

«Dala constructіon.kz» компаниясының өкілі  Берік Кенжебаев ә дегеннен сабаққа оқушылардың қатысу көрсеткішінің төмендігін алға тартты (алайда сол жерде мұны ұстаздар жоққа шығарды). Колледжде кейбір заттар қағазда бар, бірақ шын мәнінде жоқ көрінеді. Осыған байланысты қазір аудиторлар тексеру жұмыстарын жүргізіліп жатыр. Ал жұмыстан қуылды дегендердің барлығы бұрынғы басшылықпен бірге кеткендер. Жаңа басшылық ешкімді қудаламаған, ешкімге қысым көрсетпеген.

– Компания колледжді не үшін сенімгерлік басқаруға алды? Бұл сонда қандай бизнес? – деген сауалымызға Берік Кенжебаев басты мақсат компанияға қажетті мамандарды даярлау екендігін алға тартты.  Алайда бұған оншалықты сенуге болмайтын сияқты.

Қазіргі уақытта Түркістан индустриалды-құрылыс колледжінде 11 мамандық даярланады. Автокраншы, автомеханик, жиһаз жасаушы, электрик, монтер, радиомеханик, тағы басқалар. Жылына 450-ге жуық жас осы мамандықтарды игеріп, диплом алып шығады. Ал «Dala constructіon.kz» ЖШС-ының соның бәріне жұмыс тауып бере алмайтыны айдан  анық. Компания маманға деген зәрулікті колледждермен келісім-шарт негізінде шеше алмай ма? Ол үшін міндетті түрде колледждерді қос-қостап сенімгерлік басқаруға алуы тиіс пе еді? Әлде бұл жерде басқаша жоспар бар ма? Түсініксіз.

Болатбек Әлиев бүгінде бизнесмен екендігі, ал бизнесте ставканың бәрі тек пайда табуға қойылатыны белгілі. Яғни, жоғарыдағы түсініксіздіктің түйінін тек теңге табумен де тарқатуға болатын сияқты. Компания колледжді пайдаланып түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы ақшаны күреп табуды жоспарлағаны ма? Басқаша қисын жоқ.  Алайда Болатбек Әлиевтің осы теңге табу жоспарында колледждегі ұстаздардың, студенттердің мүддесі ескерілді ме, жоқ па? Олардың келешектегі тағдыры не болады? Белгісіз. Белгілісі – дау-дамай бұдан әріге жалғаса береді.

P.S. Айтпақшы, біз колледжде қымбат тұратын қосалқы бөлшектердің металлолом ретінде сатылып кеткеніне қатысты директор Бауыржан Қожатайдан түсінік сұраған едік. Ол «мен ештеңе білмеймін» деп, басын ала қашты.

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ,

"Рейтинг" газеті


Cіз не дейсіз?

Screenshot_3.jpg

Рахымбек Жолаев: «Квалификациясы сәйкес келмейтін мамандарды алып келді»

 – Болатбек Әлиев Түркістан индустриалды-құрылыс колледжі мен Түркістан жоғары аграрлық колледжін алған. Біздегі деректер бойынша одағы білім алушылардың сабаққа қатысу көрсеткіші 90 пайызды құрайды. Ал, Әлиевтің жазбасындағы (фейсбуктегі жазбасында. ред.) мәселе мынау: колледждерде турникеттер орнатылған. Сол арқылы кіру карточкаларын студенттер сатып алу керек екен. Олардың 40 пайызға жуығы оны алмаған. Турникеттердің кейбіреулері істемей тұрған. Оның үстіне үшінші курс студенттерінің бәрі өндірістік практикада, 200-ден көп. 120-сы мемлекеттік бағдарламамен біліктілігін арттыруға барғандар. Олардың бәрі бірдей сабаққа бармайды. Ол кісі бұларды есепке алмай турникеттердің базасы бойынша мәліметке қарап, «балалар қайда?» деп байбалам салды. Одан соң колледж директорын, оқу ісі бойынша орынбасарын жұмыстан босатып жіберді. Сөйтіп өзінің квалификациясы сәйкес келмейтін мамандарын алып келді. Олар өзінің жұмыстарында мықты болғанмен білім саласын түсінбейді. «Топорный методпен» айқайлап-шулап бәрін шығарып жіберсе, адам қалмайды. Бұл колледждердегі оқитындардың 80 пайызы әлеуметтік жағдайлары төмен, мектепті де қатырмаған балалар. Оларды жалынып-жалпайып, «мамандық аласың» деп әрең алдыртып оқытып жүр. Рас, 20 пайызы оқиды. Маман болам, кәсіп ашам деп жүргендер. Ал, Әлиев «Менің шопырым 300 мың теңге, көмекшім 400 мың алады. 80 мыңға мұғалім қандай білім береді?» дейді. Сондай сумманы беріңіз, оқытсын десек, «онда мен білім алушылардың жартысын шығарам. Оқытушылардың да жартысын босатам. Соның есебінен үнемдеп жалақысын көтерем» деп отыр. Сөйтіп бюджетті үнемдеп дамытбақ. Солай конфликт болып, айқайлап шулап жүріп келістік. Бәрін түсіндіріп айттық. Сосын білім саласын түсінетін бір-екі маманды жұмысқа шақырды. 

(Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаевтың облыстық мәслихаттағы тұрақты комиссиясында айтқан сөздері. «Рейтинг» газеті №8 27 ақпан 2020 жыл).

Screenshot_2.jpg

Үмбет Жүсіпбаев: «Бөкеңнің жұмыс істеу тәсілін білеміз ғой...»

«Жекеге басқаруға өткізбес бұрын кімге беруді білу керек. Бөкеңнің облыс әкімінің орынбасары болғанында да (Болатбек Әлиев – авт.) жұмыс істеу тәсілін білеміз ғой. Ондайларға бермеу керек. Не керегі бар, белден баса беретін болса?! Қайтып алып қою керек. Неге береміз?». 

(Түркістан облыстық  мәслихатының тұрақты комиссиясында депутат Үмбет Жүсіпбаевтың айтқан сөзі. «Рейтинг» газеті №8 27 ақпан 2020 жыл). 

Назарбаев: «Еуразиялық экономикалық Одақтың келешегі зор деп санаймын»
​Сапарбаев неге сенбейтінін ашып айтты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу