Мұхтар Оразәлиев: «Мінезсіз мәслихат» кімге керек?

Oinet.kz 09-05-2009 1169

Screenshot_2.jpg

Мұхтар Оразәлиев, облыстық мәслихаттың депутаты, тексеру комиссиясының төрағасы:

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Өмірхан Өксікбаев бүгінде барлық аймақтарды аралау арқылы өзінің құзырын арттырып, құқығын кеңейтетін ұсынысын өткізуге күш салып жүр. Оны әр өңір әрқилы қабылдап, ұсынысына байланысты мәслихат депутаттары тарапынан әр түрлі көзқарас туындап тұр. Мәселен көршілес Жамбыл облысындағы мәслихаттың мандатын иеленген азаматтар алдын ала жүргізілген «үгіт-насихаттың» нәтижесінде Өксікбаевтың пікіріне айтарлықтай қарсылықтарын білдірместен қолдарындағы билігінен айырылуға амалсыздан келіскен сыңай танытыпты.  Таяуда ол Оңтүстік Қазақстан облысына ат басын бұрғанда өзара ортақ тоқтам жасай алмай депутаттармен арада әжептеуір айтыс-тартыс пікіралмасу өрбіп, екі жақ бір-біріне қатқыл сөздер айтуға дейін барды. Өзге өңірлердегі депутаттардың  көпшілігі де Өксікбаевтың ұсынысына қарсы болмаса қолдап жатқан жоқ. Сонда бұл соншалықты қандай маңызды ұсыныс деймісіз? Айтайық. Есеп комитетінің төрағасы мәслихаттардың құрамындағы тексеру комиссияларын жойып, оның орнына өз алдына бөлек қаржылық бақылау орган құруды ұсынады. Ең бастысы -  бұл органға депутаттар кіре алмайды, әрі төрағасы да депутат бола алмайды. Бұл ұсыныс Парламентте  талқыланғанымен, Заң әлі қабылданған жоқ. Заң жобасы жүзеге асып жатса мәслихаттың жұмысында қандай өзгерістер орын алмақ? Сайлаушылардың көкейіндегі сауалдарды алға тартып, облыстық мәслихаттың тексеру комиссиясының төрағасы, депутат  Мұхтар Оразәлиевпен ой бөліскен болатынбыз.

- Мұхтар Ниязбекұлы,  алдымен мәслихаттың мәртебесі, құзыры мен құқығы қаншалықты екенін елге қысқаша баяндап берсеңіз. 

- Конституцияның   86-бабында көрсетілгендей, “Жергілікті өкілді органдар – мәслихаттар тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністегі халықтың еркін білдіреді және мемлекеттік мүдделерді ескере отырып, оны іске асыруға қажетті шараларды белгілейді, олардың жүзеге асырылуын бақылайды”.  Яғни, мәслихат аумақты дамытуға арналған жоспарларды, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларды, жергілікті бюджеттегі қаржының жұмсалу механизмін талқылауға, оңды орындалуын қадағалауға атсалысып қана қоймай, өз құзыреттерінің шеңберінде әкім-қаралардың есептерін тыңдауға құқылы. Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қолдауға, қорғауға қатысты өзге де өкілеттіктерді иеленген мәслихатпен ақылдаспай, келісімін алмай жергілікті атқарушы органдар артық қадам жасамауы қажет. 

- Енді есеп комитетінің төрағасының ұсынысына  келсек. Бұл заң жобасы мәслихаттың құзырына қаншалықты әсер етеді? 

- Жалпы, бұл ұсыныстың заңға қайшы тұстары өте көп әрі жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне айтарлықтай нұқсан келтіретін бастама. Неге десеңіз, мәслихатқа белгілі бір органға тәуелді болудың қаупі төніп тұр. 

- Қалайша?

- Есеп комитетінің  ұсынып отырған заң жобасы тексеру комиссиясын мәслихаттан бөліп алып, өзіне  бағынышты етіп қоймақшы.   Жаңа құрылымның құрамына депутаттар енбейтін болса,  мәслихат ең маңызды құзырының бірін жоғалтады. Депутаттар бюджеттің орындалуын  тексере алмайтын болса сапалы жұмыс жүргізу мүмкіндігінен айырылады.  Қазір мәслихат пен есеп комитетінің құзыры бірдей дей  тұрсақ та, бұл ұсыныстар қабылданған жағдайда мәслихат есеп комитетіне белгілі дәрежеде бағынышты болып қалады. Жаңа органның нақты атауы да белгісіз. Әзірше жергілікті тәуелсіз сыртқы бақылау органы деп аталуда. Сол органның құрамын бекітудің жолы қызық. Біз Астанадағы есеп комитетіне үміткерлердің тізімін жібереді екенбіз. Олар өздерінше  қарап, таңдайды да  егер ыңғай  бермесе  бақылау органының құрамын мәслихат бекіте алмайды. Бір сөзбен айтқанда, «біз таңдаймыз, сендер бекітесіңдер» дегенге саяды.  Мұның өзі заңға да, Конституцияға да қайшы. Ата заңымыздың 89 бабы жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының дербестiгiне олардың заңмен белгiленген өкiлеттiгi шегiнде кепiлдiк берiледi. Ал «Жергілікті өзін өзі басқару туралы» Заңда былай делінген: «Мәслихат жергілікті бюджеттің атқарылуын бақылау үшін өз өкілеттігі мерзіміне тексеру комиссиясын сайлайды. Тексеру комиссиясының мүшелерінің санын мәслихат белгілейді. Тексеру комиссиясының төрағасын мәслихат депутаттары өз арасынан сайлайды». Ал, есеп комитетінің   ұсынған жобасы осы талаптардың бірде-біріне сәйкес келмейді.  Тағы бір түсінбейтініміз – ұсыныс бойынша жаңа органның штатында 30-40 маман жұмыс істеуі тиіс. Бұл көрсеткіш қайдан алынды? Жоба авторлары неге сүйенді? Жалпы, Есеп комитеті мәслихаттардың тексеру комиссияларының ережесін бекіту бойынша ұсыныс беруге құқылы, алайда, соны қабылдауды міндеттей алмайды. Мәслихат жұмысын өз регламенті бойынша жүргізуге құқылы. Бюджеттік кодексте  қаржылық бақылаудағы негізгі ұстанымы – тәуелсіздік  қағидасының сақталуы екенін ескере кеткен жөн.

- Жарайды, бақылау органының құрамы бекітілді дейік. Қаржылық бақылау органына депутаттар емес, сол комитет айтқан мамандар енді. Әрі қарай не болмақ?

- Бюджетті бекітетін депутаттар, ал орындайтын – атқарушы билік. Сол бюджеттің ойдағыдай  орындалуына депутаттардың мүдделі екені айтпаса да түсінікті.  Сондықтан, мәслихаттың негізі құзырының бірі – бюджеттің орындалуын қадағалау әрі осы арқылы  қарапайым халықтың құқығын қорғау.  Ал, тексеру комиссиясы төрағасының  депутат болмауы, комиссияның құрамына депутаттардың енбеуі  мәслихаттың сапалы жұмыс істеуіне үлкен кедергілер туғызуы мүмкін. Бізге облысымыздың түкпір-түкпірінен арыз-шағымдар түсіп жатады. Барар жері, басар тауы қалмаған жерлестеріміз соңғы үмітін артып, бізге келеді.  Соларға жауап беру үшін көп жағдайда тексеру жұмыстарын ұйымдастыру қажет болады. Осындай шұғыл жағдайлар орын алған кезде әлгі сыртқы қаржылық бақылау органы «бұл біздің жоспарымызға сай келмейді» деп қарсылық көрсетіп жатса не істейміз? Жаңа заң жобасында мұндай жағдайдың қалай реттелетіні жайлы ештеңе айтылмаған. Яғни, сыртқы қаржылық бақылау органы  мәслихатқа бағынбайтындықтан біздің талабымызды орындамаса да құқылы.  Ал тексеру жұмысын жүргізбесе мәслихаттың құзыры анағұрлым төмендеп кетеді. Былайша айтқанда, атқарушы биліктің алдында дәрменсіз болып қалатын түріміз бар.  Сонда «мінезсіз мәслихат» кімге керек?

- Сыртқы бақылау органы мәслихаттың алдында тұрақты түрде есеп беріп отырады деп Өксікбаевтің өзі айтып өтті емес пе? 

- Есіңізде ме, бұрын бақылау-тексеру басқармасы деген болатын. Ел аузында «КРУ» деп аталып кеткен шаш ал десе бас алатын орган. Кезінде  бұл органнан депутаттар қажетті мәлімет ала алмай қиналған. Сол жағдай қазір қайталана ма деген қауіп бар. Жаңадан құрылатын сыртқы бақылау органы – сол КРУ-дің айна-қатесіз көшірмесі болғалы тұр. Себебі, бұл орган мәслихаттың алдында есеп береді деп айтылғанымен, шұғыл түрде біз сұратқан мәліметті бере ме, жоқ па – ол жағы белгісіз. 

- Жобада көрсетілгендей, сыртқы бақылау органын құрудағы басты мақсат – бюджеттің орындалуына сапалы түрде қадағалау жүргізу делінген. Өз сөзінде есеп комитетінің төрағасы мәслихаттар бұл міндетті толық орындай алмай отырғандығын алға тартты. Оның айтуынша, тексеру комиссясына кейде тіпті жұмыссыз жүргендер де шақырылатын көрінеді.  Көбісінің қаржылық және экономикалық білімі жоқ. Бұған не дейсіз? 

-Бұл шындыққа жанаспайды. Облыстық мәслихаттағы комиссияның  аппаратына төрағамен қатар бес депутат кіреді. Аудандық мәслихаттарда екі депутат. Одан басқа тексеру жұмыстарына тұрақты түрде 5 маман шақырылады. Барлығы да – қаржы саласында бұрыннан істеп келе жатқан білікті мамандар. Олардың біліміне күдік келтіру орынсыз.  Алдын-ала жасалған жоспар бойынша тексеру жұмыстары жүргізіледі. Осы тұрғыда біздің тексеру комиссиямыздың атқарған шаруалары аз емес. Облысымыздың барлық аудандарында көптеген заңбұзушылықтар мен қаржыны мақсатсыз жұмсау фактілері анықталып, бұл кемшіліктер дер кезінде түзеліп жатыр.   

Мына жайтқа назар аударған жөн. Осыдан біраз бұрын жергілікті өзін-өзі басқаруға арналған жиында  Елбасы  жергілікті өзін-өзі басқару институтын енгізу барысында жаңа, қосымша органдар құруға асығудың қажеті жоқтығын мәлімдеді. «Мәслихаттар өз жұмыстарын толық ақтап отыр, бізге тек депутаттардың мәртебесі жайын мұқият зерттеуіміз керек» деген еді  ел Президенті Нұрсұлтан  Назарбаев. Мұны Омархан Өксікбаевтің өзі де жақсы біледі. Заңды қабылдайтын кезде есеп комитетінің  ұсыныстары өтпей қалған. 

- Жеке өзіңізге қатысты сұрақ. Егер тексеру комиссиясының төрағасы депутат бола алмайды деген талап қабылданса, сіз қандай таңдау жасайсыз?  

- Мен сайлаушыларымның алдында адал қызмет етуді жалғастыра беремін. Мандатымды мансапқа алмастырудан бас тартамын. Әріптестеріммен біргемін.

Әңгімелескен Ғалымжан Қамытбекұлы, 

«Рейтинг» газеті №15-16, 30 сәуір 2009

Қасіреттен де қаржы сауу сұмдық қой
Мадина Әбілқасымова лауазымды қызметке тағайындалды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу