Шымкенттің бас идеологы кім болады?
Әдетте қызметіне жаңа тағайындалған әкім кадрлық ауыс-түйісті аппаратынан, орынбасарларынан бастаушы еді. Шымкенттің тізгінін қолға алғанына бір апта толған Мұрат Әйтенов тағайындауды басқармалардан бастады. Бірақ кезектің орынбасарларға да келетініне ешқандай күмәніңіз болмасын.
Апта басында Әйтеновтың өкімімен қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы қызметіне Сергей Компаниец тағайындалды. 34 жастағы азамат Басқару институтының түлегі, АҚШ-та магистратурада оқыған. Осы жылдары оның ең үздік деген бес студенттің тізіміне енгеніне қарағанда Сергей Евгеньевич осал жігіт емес сияқты. Компаниец Әйтенов елордадан әкелмеген. Ол соңғы жылдары Шымкент қаласы әкімінің аппаратында ақпараттық қауіпсіздік бөлімінің бастығы болып жұмыс істеген. Бұдан бөлек, «Shymkent» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы төрағасының орынбасары қызметін атқарыпты. Өзі Президенттің жастар кадр резервінің жеңімпазы. Мақтауы келіскен Компаниец елдің үмітін ақтап, мегаполистің кәсіпкерлігі мен өндірісін өрге сүйрейді деген үміттеміз. Әйтеуір, жаңа басшы мемлекеттік тілді еркін меңгерген, күні ертең бір басшыға бола басқармадағы барлық кадр, барлық іс-құжат ресми тілге көшіп кетпейтін шығар деген сенімдеміз.
Президенттік жастар резервінің тағы бір жеңімпазы Олжас Шынтаев аталған басқарма басшысының орынбасары лауазымына тағайындалды. О.Шынтаев уақтысында Түркістан облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы қызметін атқарған. Турзим саласында жинаған тәжірибесі мол азаматтың, нағыз туризмнің ордасына айналады деген Түркістанды тастап, Шымкентке келуінде бір мақсат, бір жоспар бар шығар. Шынтаевтың өңшең жас кадрлардың басы қосылып жатқан Шымкенттегі жаңа қызметіне сәттілік тілейміз.
Мұрат Дүйсенбекұлы орынбасарлар арасындағы тағайындауды біріншіден бастауы әбден мүмкін. Қала әкімінің бірінші орынбасары лауазымын соңғы бір айдың көлемінде Әйтеновтың өзі атқарып келгені белгілі. Ал оның алдын Қайрат Нұртай алып жүрді. Қайрат Нұртайдың соңғы жылдары Шымкенттің бас идеологы саналғаны да рас. Бірақ осы жылдары қаланың идеология саласы кері кетпесе, алға жылжыған жоқ. Соңғы жылдары оқушылар арасындағы тәртіп бұзушылықтың үдеуі, мәдениет саласынан мән кетіп, білім саласында сыбайлас жемқорлықтың, парамен ұсталудың, соттасудың жиілегені, тіпті Шымкенттің бас мұғалімі креслосының бір жылдан бері бос тұрғаны да Қайрат Нұртайдың атқарған жұмыстарының жемісі десек, қателеспейтін сияқтымыз. Қ.Нұртай қызметіне келген жылдары кейбір басылымдар «Шымкенттің идеологиясын инженер басқарады» деп жазған еді. Өкінішке қарай, журналистердің күткеніндей, инженерден ешқандай идеолог шыққан жоқ.
Созбақтай бермей, әкімнің идеология жөніндегі орынбасары лаузымына кімдердың лайық екендігіне тоқталсақ. Біз өз тарапымыздан осы орынға лайық деген үміткерлердің тізімін жасап көрген едік. Назар аударып көріңіз.
Бірінші үміткер Бахадыр Нарымбетов.
Бахадыр Мәдәліұлы бұған дейін Шымкент қаласы әкімінің идеология саласындағы орынбасары лауазымын бір емес екі қайтара атқарған. Осы саланың жілігін шағып, майын ішкен тәжірибелі маман. Бір кездегі мықты идеолог ретінде танылған, облыс әкімінің орынбасары лаузымын екі қайтарадан атқарған, бүгінде Парламенттің қос палатасында депутат болып жүрген Дархан Мыңбай, Әли Бектаев сынды азаматтардың тәрбиесін көрген кадр. Ішкі саясаттың отымен кіріп, күлімен шыққан қызметкер. Шымкенттің шеңберімен шектеліп қалған маман емес. Елордада, Президент Әкімшілігінің ішкі саясат басқармасында жауапты қызметтерді атқарғаны да біраз жайтты аңғартады. Уақтысында осы тәжірбиесін ескерген сол кездегі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Нарымбетовке Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының тізгіні ұстатты. Президенттің баспасөз қызметінде еңбек еткен. Дін істер комитеті төрағасының орынбасары лауазымын атқарған. Соңғы қызметі-«Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары. Яғни, идеология саласының барлық саласында шыңдалған, бесаспап маман. Нарымбетовтың Шымкент қаласы әкімінің идеология жөніндегі орынбасары лауазымын бұл жолы да абыроймен атқарып кете беретініне сеніміміз мол.
Екінші үміткеріміз президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли.
Берік Құрманғалидің алған алғашқы мамандығы кинотанушы болғанымен, жұртшылық оны журналист ретінде таныды. Еңбек жолында республикадағы беделді телеарналарда істеген. Оның мемлекеттік қызметтегі карьерасы 2012 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінде аппарат жетекшісінің орынбасары һәм облыс әкімі баспасөз қызметінің жетекшілігінен басталғанын білеміз. Кейінірек облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы болды. Осы жылдары Берік Уәли ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, қолынан іс келетін азамат екендігін мықтап дәлелдеді десек, артық айтқанымыз емес. Бертінде Берік Уәли Асқар Мырзахметовтың шақыртуымен Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасына жетекшілік етті. Осы жылдары оның облыс әкімінің орынбасары болуға ұмтылғаны, бірақ жолы болмағаны айтылды. Ал енді дәл қазір Тоқаевтың қасында жүрген Берік Уәли облыс әкімінің орынбасарына сәлем бермеуі мүмкін. Алайда республикалық маңызы бар қалада екінші басшы болу қай шенеуніктің болса да тақиясына тар келмейтіні айдан анық. Бүгін екінші болса, ертең бірінші...
Үшінші кандидат- Бейсенбай Тәжібаев қазіргі уақытта «Нұр Отан» партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарады. Қысқаша айтқанда, Шөкеевтің партиядағы бірінші орынбасары. Бейсенбай Тәжібаев бар-жоғы 26 жасында облыстың бас газеті «Оңтүстік Қазақстанға» бас редактор болған азамат. Осы басылымда басшылық жасаған жылдары газетті оқылымды болып шығуына, жас кадрлардың қалыптасуына өте үлкен ықпал етті. Екі әкімнің (Шөкеев пен Түймебаев) баспасөз хатшысы қызметін атқарды. Бертінде облыстық ішкі саясат басқармасына басшылық жасады. Бұл қызметте де абыройсыз болған жоқ. Тәжібаевтың былтыр халықты оңтүстіктен солтүстікке көшіру, осы саладағы мемлекеттің саясатын түсіндіру бағытында өте жақсы бастамаларды, жұмыстарды жүзеге асырғанын білеміз. Жалпы жұртшылық тек жақсы жағынан білетін Тәжібаевтың ішкі саясаттың, иделогияның иірімдерін терең , тың идеяларды тауып, соны жүзеге асыра алатын қабілеті жеткілікті кадр. Әрине, ұсыныс бізден, шешім қабылдау Әйтеновтен.
Төртінші үміткер Шардарадан түлеп ұшқан азамат Шыңғыс Мұқан. Бұл кандидатымыз Әйтеновтың бірінші орынбасары болуға кет әрі емес. Тіпті өзі сұранып тұр. Жуырда Фейсбуктегі парақшасында ол
-Шымкент қаласы әкімінің идеолог-орынбасарының орны бос тұр екен. Шақырса барар едім. Батыста 10 жыл істедім. Енді туып-өскен жерде неге істемеске?! Ұсынасыздар ма?-деп жазған екен.
Әлбетта ұсынамыз. Шыңғыс Мұқан бірнеше шет тілін білетін, жасқа тән ізденпаздығына, білімпаздығына жұрт тәнті болған маман. Алматыдағы бірнеше жоғары оқу орнын бітіріп, Франциядағы «Париж ХІІ" университетінің магистратурасын тәмамдаған. «Жас Алаш» газетінде тілші, "Media Net" халықаралық журналистика орталығында оқытушы, «Жайық-пресс» ЖШС-інің бас директоры, «Орал өңірі», Приуралье» газеттері редакциялық кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды. Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің баспасөз хатшысы, Батыс Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары болды. Президент әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің мәдениет, тіл және спорт секторының меңгеруші қызметін атқарғанын да айта кетейік. Соңғы жылдары Атырау облысы әкімінің орынбасары лауазымында болды. Мұндай азаматты бас идеологқа шақырып келтіре алмауыңыз мүмкін. Ал ол өзі сұранып тұр.
Десек те, Шымкенттің тізгінін қолға алған, көп жоба-жоспарларды жүзеге асыруға құлшынып отырған Әйтеновтың кеуілінде не жатқанын кім білсін. Бәлкім, әкім Шымкентке келгенге дейін-ақ, кадрлық салада жасайтын өзгерістерінің картасын алдын ала әзірлеп әкелген шығар. Мүмкін көз тігіп жүрген басқа кадрлары бар шығар. Әлде бас идеологтың креслосына кімнің отыратынын Әйтенов емес, Ақордадағылар шеше ме?. Бәлкім... Қалай десек те, елдің көкейіндегі пікірді, ұсынысты бұғып қалмағанды жөн көрдік.
Ал сіз Шымкенттің бас идеологы болуға бұдан басқа тағы кімдерді лайық көресіз?