63 «қауіпті» жасқа айналып барады, неге?

Oinet.kz 29-11-2017 940

Соңғы жылдары жасы 63-ке толатындарды «аңдып» отыратындар көбейе түскен сияқты. Қызметтестері пенделікпен бастықтың креслосына қонжиюға қызықса, құзыры мықты, құрығы ұзын атқамінерлер үшін басқа бір адамды «жұмыспен қамту» мүмкіндігі туады. Естуімізше, әжептеуір ұжымды басқарып отырған азаматтардың зейнет жасына толуын асыға күтіп, оның креслосына отыру үшін алдын-ала әрекет жасай бастайтындар да жетерлік. Тамыр-таныс іздеу, сыбайлас жемқорлық дегеніңіз де осындай кездерде орын алып жататыны жасырын емес. Әрине, ауыр жұмыс атқарып, ендігі қабілет-қарымы бұрынғыдай болмайтынын білетіндер зейнеткерлікке қуана-қуана шығады. Ал кәсіби біліктілігі жоғары, ары қарай жұмысын жалғастыруға мүмкіндігі мол азаматтар ше? Әсіресе, интеллектуалды шығармашылық қызметтегілер. Олардың пікірін ешкім сұрамайтын болған. Бұл орайда, кейбір республикалық, облыстық деңгейдегі басшылар Елбасы Н.Назарбаевтан үлгі алғысы да жоқ. Әйтпесе Елбасы зейнет жасына келген бірқатар облыс басшыларының, лауазымды қызметкерлердің қарым-қабілеті, кәсіби біліктілігінің жоғары екенін ескеріп  елге қызмет ету мерзімін бірнеше жылға ұзартты емес пе?!. Яғни оларға мүмкіндік берді.

Screenshot_1.jpg

Тағы бір ескерерлік жәйт,  халықтың орташа өмір сүру жасы кезең-кезеңмен өсіп келеді. Бұрын алпыс жастың үстінде болса, еліміз тәуелсіздік алған кезден бері тұрақты өсіп, ол көрсеткіш қазір 72-ге тұрақтады. Жалпы, қай ел де өз халқының ұзақ өмір сүргенін тәуір көреді. Бірақ адамның жасы ұзақ болуымен қатар, оның өмір сүру деңгейінің жақсы болғанын қалайды. Осы орайда еңбектен қол үзбеудің денсаулыққа оң әсер ететінін айтушылар аз емес. Жуырда Шымкент аграрлық колледжінің директоры Кенжехан Төлебаевтың 63 жасқа тола салысымен, қызметінен босатылғанын естідік. Мұндағы жалғыз себеп – зейнет жасына толғандығы. Осындайда халық ауыз әдебиетінің жауһарындай болған аңыздардың бірі еске түседі. «Ерте, ерте , ертеде бір қатал патша болыпты», деп басталатын аңызда қарттарды ұнатпайтын патша «Кім де кімнің ата-анасының жасы алпыстан асса, оны балалары теңізге, не таудың шатқалына апарып тастасын» деген жарлық шығарады ғой. Тоқетерін айтсақ, соңында патша бұл ісіне өкінеді. Оның қателігін сол патшалықта өмір сүрген, әкесін өте жақсы көретін мейірімді баланың ісі аңғартқан.  «Алпысқа келгеннен ақыл сұрама» деген мақал қате екен, енді оны «Алпысқа келгеннен ақыл сұра» деп өзгертейік, - деп, патша қарттарды жазалауға берген жарлығын қайтып алған екен», -деп аяқталады аңыз. Бүгінде ондай қатал патша жоқ, заман басқа. Онымен тұрмай, «теңізге, не таудың шатқалына апарып тастайтындай», зейнет жасына жеткендерді міндетті түрде жұмыстан босату жөнінде шыққан жарлық та жоқ.

Алпыстан асқандардың арасында өмірге деген көзқарасы мен ұстанымдары арқылы көптеген жақсы қасиеттерді бойына жинақтаған, жас ұрпаққа әлі де берері мол жандар көп. Солардың бірі – Кенжехан Төлебаевтың біз жоғарыда атап өткен колледждің бүгінгідей деңгейге көтерілуіне сіңірген еңбегі мол. Колледждегі білім сапасының жақсаруына, заманауи жабдықталуына сіңірген еңбегі жоғары бағаланған оқу орнының директоры К.Төлебаевтың Ұлттық бизнес рейтингтер одағы атынан берілетін «Сала көшбасшысы» Алтын қыран белгісімен және білім саласының беделін арттырудағы жеке үлесі үшін «Үздік басшы» сертификатымен марапатталуы сөзімізге бір ғана дәлел. Ал өткен жылы көктемде Шымкент аграрлық колледжі елімізде  ең алдыңғы үздік он колледждің қатарына  енді. Сондай-ақ,  93 колледждің арасында жыл қорытындысы бойынша облыс әкімдігі жанынан құрылған комиссияның ұйғарымы негізінде Шымкент аграрлық колледжі «Үздік колледж-2016» номинациясымен марапатталған-ды. Қазіргі таңда 6 мамандық бойынша 38 әлеуметтік серіктестермен бірлесе отырып, дуальді оқыту жүйесі енгізілген. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Кенжехан Төлебаевтың ұйымдастыруымен  бес жарым гектарға салынған оқу базасында тәжірибе жұмыстарын жүргізуге толық жағдай жасалынды. Ең соңғы технологияларды қолданып салынған жылыжай, жүзім, алма плантацияларында, қызанақ, болгар бұрышы, бидай, арпа, жүгері танапшаларында студенттер еңбек етіп, мол тәжірибе алуда. Оқу базасындағы зоотехния және малдәрігері мамандығын меңгеріп жатқан  студенттерге арналып салынған сынып бөлмелері, материалдық-техникалық жабдықталуы бойынша инновациялық білім технологиясына толық жауап береді. Жоғары өнімді жұмыс жасау үшін, соңғы үлгідегі заманауи электронды құрал-саймандар алынған. Арнайы мал тұрақтары салынып, онда төрт түлік мал мен қояндар және зертханалық жануарлар орналасқан. Колледжде  15 мамандық бойынша дайындалатын студенттердің түгелге жуығы «40 пайыз теория, 60 пайыз тәжірибе» әдісі арқылы білім мен еңбекті ұштастыруда. Аталмыш оқу базасында ауыл шаруашылық механиктерін даярлайтын бөлім үшін арнайы жасақталған автотұрақ және цех та бар. Техниканың соңғы түрлерімен қалай жұмыс жүргізуді үйренуге толық жағдай жасалынған. Сондай-ақ, салынғанына қырық жылдан астам уақыт өтіп, тозуға айналған бес қабатты студенттер жатаханасы күрделі жөндеуден өткізіліп, 440 орынды бөлмелері жаңа жиһаздармен жабдықталды. Міне К.Төлебаевтың басшылығымен, өз қызметіне деген жауапкершілік пен кәсіби біліктілігінің арқасында оқу орнында осындай және басқа да жасалған жоғары деңгейдегі жағдайлар сапалы маман даярлауға мол мүмкіндік беруде.

Қызметтен босатылған К.Төлебаевтың еткен еңбегі, білім-біліктілігі, қарым-қабілеті мен кәсіби мүмкіндігі мүлдем ескерілмегенін бүгінде айтушылар көп. Тиісті орындар тек 63 деген санға «жабысып», директорлық орынның босауына ғана мүдделі болған ба дерсіз. Несін жасырайық, кейбір адамдарда алпыстан асқандар «зей¬нет¬керлікке шықсын, жасарын жасады», – деген теріс түсінік бар. Бұл дұ¬рыс түсінік емес. Адамның өз пікірін, мүмкіндігін ескерген жөн. Бүгінгі заман талабына ілесе алмайтынын, қолынан келе бермейтінін сезетіндер, өздері-ақ қызметімен қоштасады. Алпыстан асқандарды шетке шығару оны кәрілікке, ауруға жығып беру деген сөз. Дәрігерлердің айтуынша, негізінде, адам зейнеткерлікке шыққан соң да, қимыл-қозғалысын көбейте түсіп, еңбек ету режимін тастамау керек. Бүгінде олай болмай тұр. 63 «қауіпті» жасқа айналып барады дейтініміз де, сондықтан.

Диас НҰРКЕНҰЛЫ 

Нұр-Сұлтанда «Әбіш әлемі» оқу конгресі өтіп жатыр
Ғ.Байтұқ: «Кешкі алтыдан кейін кеңседе ешкім қалмасын»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу