Чемпиондар ауылдан шығады

Oinet.kz 25-01-2024 344

Әрине елімізде ауылдан шыққан чемпион көп және бұл тоқтамайтын үрдіс. Бүгінде арадағы айырмашылық азая түскен қала мен ауылдағы спорттық нысандарда жасалған жағдай, әрине бірдей емес. Бірақ ауыл баласының спортқа қызығушылығы мен талабы қаладағы замандасынан кем түсе қоймас. Сөзімізге дәлел ретінде бір мысал келтіре кетелік.

Screenshot_7.jpg

Сарыағаш ауданы Дарбаза ауылының тұрғыны Жанзақ Сыдықов үйінің ауласынан спортзал ашқан. Ауыл мектебінде дене шынықтыру пәнінен сабақ беретін ұстаздың бұл игі істі қолға алғанына жиырма жылдан асыпты. Екі қабатты ғимаратта жас спортшыларға қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Ең бастысы – мұндағы үш теннис үстелінде балалар күнделікті тегін жаттығу жасайды. Бүгінде жаттығуға тұрақты келетін 75 жасөспірім бес топқа бөлінген. «Үш топқа өзім жетекшілік етемін. Оның екеуінде ұл балалар болса, біреуі қыздарға арналған. Ал, екі топқа ұлым Бақдәулет сабақ береді. Ол облыстық олимпиада резервін дайындайтын спорт мектебінде аға жаттықтырушы қызметін атқарады. Жалпы балалардың спортқа деген қызығушылығы өте жоғары. Ішінде нәтиже көрсетіп, республикалық, облыстық жарыстардан топ жарып жатқандары көп», – дейді Жанзақ Өмірзақұлы.

Шағын ғана ауылдан ашылған үйірмеден әзірге жеті Қазақстан чемпионы шыққан. Республикалық, облыстық деңгейден де жүлдемен келіп жатқан шәкірттер көп. Ал, аудандық жарыстарда дарбазалық жастардан жүлделі орынды жеңіп алу қиын. Теннис үйірмесіне балалар 5-6 жастан бастап қабылданады. Ережелерді үйреніп, ептіліктерін көрсеткен бойда жарыстарға жіберіледі. Қазір Ж.Сыдықовтың екі шәкірті Алматыдағы «Шаңырақ» спорт мектебінде оқып жатыр. Шәкірті Дана Ахметова «Қазақстан темір жолы» қызметкерлері арасында үш дүркін чемпион болды. Жанзақ жаттықтырушы Әділет Өмірзақ, Нұржігіт Жолдыбай, Әмірхан Сапарәлі, Әзірбек Пердебай және тағы басқа да шәкірттерімен мақтана алатынын айтады. Ауылдағы С.Байғозиев атындағы №70 мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет атқаратын Жанзақ Өмірзақұлы аудандық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Қырық жылға жуық еңбек өтілі бар азамат бір-екі жыл көлемінде зейнетке шықпақ.

Айта кетелік, жуырда Шымкентте үстел теннисінен жасөспірімдер арасында ашық біріншілік өтті. Аталған жарысқа қатысқан түркістандық спортшылар жүлдемен оралды. Атап айтар болсақ, Абай Жұмағұл өзінен екі жас үлкен спортшылар арасында топ жарып, мамандардың назарына ілікті. Абай 2011-2013 жылы туған жасөспірімдер арасында жеңімпаз атанды. Ал, Орынбасар Есімхан қола жүлдеге қол жеткізсе, 2007-2008 жылы туған өрендер арасында Нәзір Рамазан ІІ-орынды иеленді. Сондай-ақ, 14 жастағы қыздар арасында Назерке Болатбек күміс жүлдегер атанды.

Білектің күші
Түркістанда жеңгендер Бразилияға барады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу