Жүлделі үшінші орын
Бірде бір ақындар мүшәйрасына қатысқанмын. Жалпы, мені өлең жазады десе, айғай салып күлетіндер жоқ емес. Ойбой мен де бір арқам қозып, ақындығым ұстап, өлең жазатыным бар еді. Біресе ұрлап, біресе өзім дегендей, төрт шумақты толтыратынмын.
Негізі өлең жазу ойымда болмаған, өз алдыма өмірімді сүріп жүрген адам едім. Әдебиет мұғалім жаз да жаз деп, соңыма түсіп алмағанда. Сол күннен бастап отыратынмын шарадай басым шақшадай болып, шамды сөндірмей, шабыт қайдан келер екен деп. Ағам жақсы өлең жазатын дарын негізінен. Өзі көп жарыстарға барып келіп жүлделі оралатын, ылғи. Сөйтсе де маған көмектеспейтін. Мен әйтеуір бірдемелерді құрап, шимақтап, шимақтап жазып апарамын, тапсырыс бойынша. Өлеңімнің бәрі бір сарында, Абай стильінде, қара өлең ұйқас. Мен ақын өлең жазу стильім де басқа еді, бірінші соңындағы ұйқас сөздерін жазып, соған қарай өлеңді жазатынмын. Бірінші «Марал, арал, тарау» деп үш сөзді жазып қоямын да, сол сөздерге мағынасын келтіріп, әйтеуір 4 қатарды толтыратынмын.
Сіңіліме арнап шығарған өлеңім.
Айдай сұлу Ақмарал,
Ай басында бір арал.
Көріп отырғандарыңыздай, менің өлеңдерімде басты назар ұйқаста. Мағына? Жоқ, естімедім.
Сөйтсе де, сол өлеңдерім Жасұлан ағайымның көңілінен шығатын да тұратын. Немесе сыныпта менен басқа өлең жазуға икемі бар ешкім табылмады, мен икемдімін ғой, не дегенмен.
Сол жарыстардың бірі ғой. Абай Құнанбаевтың шығармашылығына байланысты мектепте өткізілуге міндетті ақындар жыр мүшәйрасы ғой деймін. Содан не керек, бір күн қалғанда, ағайым «Осы жарысқа қатысасың. Шабытыңды тауға барып оятасың ба, бауға барып оятасың ба, жазып алып кел» ,- дейді. Ол кезде интернет те жоқ, басқа да жоқ. Әншеінде мен көшіретін кітапханаға баруға да уақыт жоқ. Сөйтіп не де болса қанша уақыттық опытым бар ғой деп, 8 сыныптың әдебиетіндегі Абай Қүнанбаев өмірі жазылған бетті ашып отыра кеттім. Қолымда өмірбянына басқа дәнеңе жоқ. Не жазарымды білмей, қатты мазам қашты. Ағам болса, көмектеспейді. Ол өзінікін жазып әлек. Сонымен барымен базар деп, кітапқа қарап отырып өлең құрастырып шықтым. Алғашқы екі шумағы есімде:
Абай Құнабаев 1845 жылы дүниеге келген,
Туған жері ретінде Абай ауданын білген.
Кейіннен білдім емес пе, аудан Абай болып, ақын қайтыс болған соң, сол кісінің құрметіне қойылғанын.
Жарысқа 4 ақын қатыстық. Ағам бірді, оның сыныптасы екіні, мен үшті алдым. Бұл қалай үшті алды деп тұрған шығарсыз. Себебі төрітнші жігіт өлең жазудың орнына шығарма жазыпты. Мәссаған, менің қалай танқалғанымды көрсеңіз. Жалғыз мен емес, жабылып сұрап жатыр, неге шығарма жазғанын. Сөйтсе әлгі жігіт «Апай, шабытым келген жоқ» демесі бар ма... Өзімнің жүлделі үшінші орын алғаныма мәз болып, марқайып қалмасам да, бір адамнан болсын озғаныма іштей бір мақтаныш болды.