Гирудотерапияны қолдану аясы кеңейді

Oinet.kz 23-03-2019 1631

Screenshot_25.jpg

Ал Сіз   су патшасы Сүлейменнің «әулиеқұрты» туралы не білесіз? 

      Соңғы жылдары медицинада сүлікпен емдеу кең етек жайып келеді. Бұл жәндіктің емдік қасиетінің сыры биологиялық белсенді заттарға бай, түрлі ферменттерден тұратын сілекейінде  болып табылады. Сүліктің қасиетін бағзы заманда алғаш Сүлеймен пайғамбар анықтаған деген болжам бар. Болжам дегеннен гөрі аңыз деген дұрысырақ болар. Сонымен,  ертеде Сүлеймен пайғамбар алыс жолдан шаршап-шалдығып, аяғы ісіп келе жатқан соң, жолда кездескен көлшікке аяғын салып демалып отырады. Сол арада мызғып кеткен пайғамбар ояна келе, аяғының ісігінің де кетіп, бойындағы ауырлықтың да жоғалғанын және денесі жеңілдеп қалғанын байқайды. Тек аяғының астында майда құрттар мен кішкене ғана қан ағып жатқандығын көреді. Риза болған Сүлеймен пайғамбар құрттың арқа тұсынан сипап, ризашылығын білдірген екен. 

       Сүліктердің арқа тұсында өрнектер бар. Сол өрнек пайғамбардың төрт саусағының іздерінен қалған белгі деген  аңыз бүгінге жеткен. Және осы аңызға байланысты кейін сүлік «әулиеқұрт» деген атауға ие болды. Сүлікті  сонау Египет пен Үндістанда да мыңдаған ғасырлар бұрын емге қолданған. Бұған дәлел  фараондар қабірі қабырғаларынан осындай емдердің болғанын растайтын жазулардың табылғаны, ал Үндістанның көп қолды Дханвантари емші құдайының бір қолында сүліктің суреті тұрса, келесі қолында шөптің суреті бар. Бір таңқаларлығы сүлік туралы жазба Құран Кәрімнің «Нахыл» сүресінде де кездеседі. Ол жөнінде иудаизм және ескі хрис­тиан жазбаларында да жазылған.

      Сүлікпен емдеу елімізде 1980 жылдарға дейін халық емі деп саналып келді. Ал 1998 жылдан бері халық емінен дәстүрлі емге айналған. Медициналық сүлік тұщы суда тіршілік етеді. Ұзындығы 8-12 сантиметр болады. Ол бір сағат ішінде адамның 15 мл-дей қанын сорып алады, одан соң өзі ажырайды Оның сілекейінде гирудин және гиалуронидаза деген заттар бар. Гирудин қанның ұюына кедергі келтіреді, гиалуронидаза дене талшықтарында зат алмасу процесіне әсер етеді. Гирудиннен дәрі-дәрмектер жасалады.

       Кейінгі зерттеулердің нәтижесінде сүлікпен емдеу жаңа ғылыми дәрежеге көтерілді. Ғылымда сүлік салу­ды «гирудотерапия» деп атайды. Және оны арнайы мамандар салады. Гирудотерапия қазіргі таңда кардиологияда, офтальмологияда, дерматологияда, хирургияда, гинекологияда, урологияда, неврологияда, герентологияда кеңінен қолданылып, күретамыр және қан тамыр ауруларына, тері ауруларына, өкпе, бас сақинасы, инфаркт, инсульт, глаукома секілді ауруларға таптырмас емге айналды. Тіпті соңғы кездері адамдар сүліктің көмегімен арықтап, адам жасын жасартатын керемет емші ретінде де пайдалануда. Сілекейінен косметикада жасауда.

     Сүлікпен емделудің бағасы әр елде әртүрлі болып келеді. Мысалы Ресейде бір сүліктің емі 5-10 доллар тұрса, ол Еуропада – 10-15 доллар, Америкада 20 долларға дейін, ең қолайлы баға Қазақстанда, небәрі 2-3 доллар ғана. Қазір республикамызда сүлік салумен айналысатын медициналық орталықтар бар. Олардың қатары жылдан-жылға көбейе түсуде. 

     Шымкент қаласындағы «Гирудомед»  сүлікпен емдеу орталығы біраз жылдардан бері Ресейдің тәжірибесімен сүлікпен ем көрсетіп келеді. Ондағы білікті гирудотерапевттерге  шымкенттіктер ғана емес Қазақстанның өзге де қалаларынан келіп емделетіндер бар. Арнайы биофабрикаларда өсірілетін сүліктерді Саратов қаласынан әкеледі екен. Емделушілер үшін бір сүліктің бағасы 500 теңге. Ондағы мамандар дәрі-дәрмектен гөрі сүлікпен емделген өте пайдалы дейді. Себебі, сүлік табиғи және барлық дертке шипалы болып келеді. 

        «Гирудотерапиямен айналысып жатқаныма 8 жылдай уақыт болды. Негізінен сүлік тек қана ауруды басу үшін емес, оның алдын алу үшін де қолданылады. Оның адам денсаулығына ешқандай зияны жоқ,  қарсы әсері де өте сирек кездеседі. Тек  анимия ауруына, қан қысымы өте төмен адамдарға қолдануға болмайды. Зерттеулер бойынша сүлікпен барлық жастағы адамдар яғни, жасқа толмаған баладан еңкейген қартқа дейін  емделе алады. Менің жеке тәжірибемде екі жастағы баладан тоқсанға келген қарттарға дейін сүлік салдым. Бізге көбінесе қан қысымы жоғары науқастар, варикозбен, аденома, миомамен ауыратын адамдар келеді. Сүліктің тағы бір қасиеті иммунитетті көтереді, бактерия, вирустарға қарсы күші бар, қабынуды да басады. Өзімнің бала-шағама да жиі-жиі сүлік салдырып тұрамын. Соңғы кезде сүлікті базарда да салып жүрген адамдар бар дейді.Ол өте қауіпті, себебі оны арнайы мамандардың салғаны жөн. Сүлік не дегенмен де тірі жәндік қой. Адамнын қанын сорған  кезде тамырларды қиып кетуі мүмкін. Оның үш жағы, 260 майда тістері болады. Және бір қолданған сүлікті екінші рет қолдануға мүлдем болмайды, қан арқылы көптеген ауруларды жұқтыруы мүмкін. Ал базардағы сүліктердің қайдан, және қанша рет қолданғанын кім білсін. Сондықтан, тек мамандарға жүгініңіздер»,- дейді «Гирудомед» сүлікпен емдеу орталығының  гирудотерапевті Зүбайда Күзембекова. 

     Сондай-ақ Зүбайда ханымның айтуынша сүліктер өте сезімтал келеді екен. Таза суда ұстап, күнделікті ауыстырып тұруды қажетсінеді. Әрі температураның бір қалыпты болғаны дұрыс және оларды аш ұстау керек. Кейбір деректер бойынша сүліктер аш-құрсақ екі жылға дейін өмір сүре алады екен. «Қан қысымын төмендетуге сүліктің пайдасы зор екенін естіген соң сүлікпен осымен екінші рет «Гирумедке» келіп емделіп жүрмін. Сүлікті салдырған соң кәдімгідей жеңілденіп, тынышталып қаласың. Қан қысымың да орнына келеді. Дәрілерді аямай іше бергеннен, сүлікпен емделген артық»,- дейді Бадам ауылының тұрғыны Шәкизада Зұлпыхарова.    

    Денсаулық – басты байлық дейді. Түрлі аурулардың алдын алып, иммунитетіңізді көтеру үшін жиі болмаса да анда-санда гирудотерапиямен емделуден қашпаңыздар. Бұл халықтық емнен медициналық дәстүрлі емге ауысуы, тиімді жақтары ғылыми тұрғыдан толық дәлелін табуы Елбасының денсаулық саласын дамытуға берген тапсырмасы ойдағыдай орындалуына оң септігін тигізері даусыз. 

Мұрағаттан: 09.10.2012

Қарттардың денсаулықтары басты назарда
Оралхан Бөкей: «Тортай мінер ақ боз ат»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу