Журналист Жексенбаев

Oinet.kz 14-02-2021 1533

Тіршілік дейтұғын тынымсыз көш-керуенде әркім-ақ өмірдің тұщы дәмін татсам дейді, тағдыр сыбағасын толайым табыстармен алсам деп армандайды. Әрине, қиял қанатындағы адамдардың ой-армандары әр алуан келетіні белгілі. Біреулер байлық іздейді, екіншілері саулық тілейді. Ал, бала Серікқалидың көкірегіне ұялаған арман-аңсар өзгешелеу-тұғын. Ол  мектепте оқыған ақын-жазушылардың шығармаларына қызығып өсті. Қалам деген құдіреттің қыран қанаты талатын мұзарттарға шығаратынын сәби жүрегімен сезінді. Оның жазуға, жазбаққа деген талабы осылай оянды.

Серікқали Жексенбаев.jpg

Көксәйек ауыл округіндегі орта мектепті (бұрынғы 8 Март) ойдағыдай аяқтаған Серікқали журналистикаға осылай келді. Сәтін салғанда мектепті жаңа бітірген жас түлек 1978 жылы еліміздегі журналистер даярлайтын жалғыз жоғары оқу орны - С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға қабылданды.

Ару Алматы оның туған өлкесі – Төлеби ауданына соншалықты қатты ұқсайды. Ол ауылын сағынғанда асқақ Алатауға жиі қарағыштайтын. Алатаудың күнгей беті Көксәйек ауылына төніп тұрады. Ол қожыр тастарға, құлама жартастарға қызыға қарайтын. Қарайтын да көкірегіндегі көк кептер сағынышын самғататын. Осылай арман құшағында жүріп ол журналистика факультетін жақсы бітіріп шықты. Ұстаздарын, курстастарын,  ару Алматыны қимай-қимай ауылына оралды. 1983 жылы кәсіби маман ретінде Төлеби (бұрынғы Леңгір) аудандық газетінің редакциясына аудармашы-тілші болып жұмысқа орналасты. Студент күндері сабақ, лекциялардан қолы босамайтын ол енді қолдары күс-күс болып қара қаламын қиғаштай сермеп, күндіз-түні мәністі мақалалар, ойлы очерктер, сырлы суреттемелер жазатын «дертке» ұшырады. Осы «дерт» оны шырқау шыңға шығарды, елге танымал етті. 

Серікқали туған жерінің табиғатына ғашық болып өсті. Оның туындыларындағы кестелі ойлар, көркем де келісті суреттер сол туған жерінің тау-тасының, сылдырлаған бұлағының көрінісі, жанды бейнесі. Жас журналист туған жерінің мәдени-тарихи, рухани өміріне жан-жақты араласа жүріп, азаматтық тұғырына көтерілді. Осы жолмен қызмет сатысында да жоғарылай берді. Аудандық газетте аға тілші, жауапты хатшының орынбасары, жауапты хатшы баспалдақтарынан өткен ол «Оңтүстік полиграфия» өндірістік басқармасына қарасты Шымкент қалалық баспаханасында газет шығарушы қызметіне шақырылды. Кейіннен бұл жұмыс жабылғанда өзінің сүйікті газетіне қайта оралып, ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін абыроймен атқарды. Мұнан соң Серікқали әкімшілік қызметте де өз бағын сынады. Төлеби аудандық тіл басқармасының бастығы болып, бұл жүйенің де жілігін шағып, майын ішіп көрді. Араға жылдар салып Серікқали Жексенбаев облысымыздың қара шаңырағы -- «Оңтүстік Қазақстан» газетіне қызметке келді.

Қаламы қарымды журналист тәуелсіз еліміздің егемендігін баянды ету жолында облыстың экономикалық-әлеуметтік дамуына байыпты да терең талдау мақалаларымен үлес қоса білді. Өңірдегі түбегейлі реформалар мен жағымды жаңалықтар жайында өзі еңбек ететін «Оңтүстік Қазақстан» газетіне, сонымен қатар республикалық бірқатар басылымдарға барқадарлы мақалалар жариялап келеді. Еңбектері мен мақалалар топтамалары бірқатар жинақтарға енді.

Міне, осындай ауқымды да жемісті еңбектерінің нәтижесінде С.Жексенбаев ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет Грамотасымен, Қазақстан Журналистер Конгресінің дипломымен, Оңтүстік Қазақстан облысының Құрмет Грамотасымен, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. 2004 жылы облыс әкімінің степендианты болса, 2015 жылы «облыстың ең үздік журналисі» атанды. Сондай-ақ ол «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалінің де иегері. Әлемі әдемі әріптесіміз 2018 жылы ел Тәуелсіздігі күні қарсаңында «Төлеби ауданының Құрметті азаматы» атанды. Сөз жоқ, бұл марапат оған ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуына қосқан зор еңбегі үшін берілді. 

Шын мәнінде әріптесіміз — өзі туып-өскен ауданның ақжүрек патриоты. Ол осы аумақтың жылт еткен жаңалығына балаша қуанып, өзі еңбек ететін қарашаңырақ газетке мөлдіретіп моншақтай мақалалар жазады. Оның Төлеби ауданы тұрғындарының тыныс-тіршіліктерінен жазған таңдамалы туындыларының өзі бір кітапқа жүк болады. Серікқали сондай-ақ өзі туып-өскен ауданның мәдени-тарихи, рухани өмірлері мен іс-шараларына да бір кісідей атсалысып отырады. 

Әрбір азаматтың өмір атты ұлы өзен бойына тіккен шыбығы болады. Оның қаншалықты жапырақ жая алуы дәніне, күтіміне байланысты. Ал, бұл тұрғыда Жексенбаев желектері мәуелі екені бізді қуантады.

Қаламы қарымды, екпіні арынды, жазғандары жалынды әріптесімізді асқаралы асуға жеткен мерейтойымен құттықтай отырып, оған зор денсаулық, үлкен шығармашылық өрлеу мен отбасына амандық тілейміз. 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, 

«Оңтүстік Қазақстан»

Заманбек Нұрқаділовтың қызы әкесіне арналған әсерлі видео жариялады (видео)
Махаббат пен ажырасу туралы тәмсіл
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу