Алматы тауларынан шаңғышы өлі табылды
16-10-2023
Алматы облысының Кеген және Нарынқол аудандарында коронавирусқа және пневмонияға шалдыққан халық емнің ерекше түрін тапты. Бағзыдан есек ұстап, оны шаруасына жұмсайтын тұрғындар енді оның сүтін де пайдаланып жатыр. Ауруға шалдығып емделіп шыққандардың айтуынша, есектің сүті таптырмайтын ем екен. Stan.kz тілшісі бұл туралы ақпараттың шын-өтірігін тексеріп көрмек болып, коронавирустан емес, туберкулезден жазылған адамды тапты.
Кеген ауданындағы ауылдардың бірінің тұрғыны өкпесі қабынып жағдайы нашарлағанда дәрігер мен аурухананың емі қонбады дейді. Оның сөзін сенсек, жаны көзіне көрінгенде атам қазақ етін харам санаған есектің сүті дертіне дауа болған.
Өз атын жасыруды өтінген М. есімді тұрғын бұл оқиға 2000 жылдардың басында болғанын атап өтті. Оның сөзіне сенсек, өз дертіне ақ халатты абзал жандар көмектесе алмаған, тіпті, жаны үзілуіне соңғы күндер қалғанын айтып шығарып салған.
"Менің өкпем қабынғаны былай тұрсын, шұрық тесік болып кеткен. Туберкулездің ашық түрімен ауырдым. 1998 жылдан бастап ауырып, бармаған дәрігерім, ауруханам қалмаған. Ауруханаларда жылдап жаттым, саумал іштім, бірақ пайдасы тимеді. Содан өмірден баз кешіп, өлгім келіп кетті. Адамдармен сөйлесе алмайсың, ешқандай байланыс жоқ, жұқтырып алам ба деп ешқайда шықпайсың. Осының бәрі қатты тиді. Бірақ жан тәтті, қалай да жазылып шығуды ойладым", - деген М. есімді тұрғын бір күні сыраханада бейтаныс адамды жолықтырған. Оның айтуымен есіктің сүтін іше бастаған.
"Басымдағы қиындықтардан соң сыраханалардан ішімдік іздеп, қайғымды жеңілдеткім келді. Кейде ішіп-ішіп өле қалуды да ойлайсың. Бір күні сыраханада бір жігітті жолықтырдым. Ауруымды айтып едім, есіктің сүтін ішу керегін айтты. Оның сөзінше, қытайлықтар өкпе ауруынан есектің сүтін ішіп жазылады екен. Соны естіп, ел жоқ, жұрт жоқ бір төбенің басына барып, 41 күн есектің сүтін сауып іштім", - дейді ол.
Қазақ харам санаған есектің сүтін ішу жиіркеніш тудырмады ма деп сұрағанымызда:
"Шынымды айтсам, ол жігіт адамның етін жесең, жазыласың десе, адам етін жер едім. Қандай тәсілмен болсын дертімді емдеу керек болды. Басында жиіркеніп ішкенім рас. Бірақ кейін үйреніп кеттім. Көшеде есек көрсең сауып ішкің кеп тұрады екен (күліп)", - дейді М.
М. есектің сүтін ішудің өзіндік әдістері бар дейді.
"Есекті сауған соң бірден ішу керек. Сауып болып, сүзгіден өткізіп жылы күйінде сіміріп іштім. Оның сүті сиырдікіндей ақ болмайды. Түсі сұр болып келетін, ешкінің сүтіндей қоюлау болады. Ол сүтті жылыдай ішкен ем болады. Ал оны тоқтатып қойып, біраз уақыт өткен соң ішсе, зияны тиіп кетуі де мүмкін", - деген ол ем болу үшін бір айдан аса уақыт ішкен.
Тура 41 күннен соң дәріханаға тексеріліуге барса, дәрігерлер оңалғанын көріп таңғалған көрінеді. Расында өкпенің тесіктері бітеліп, орнына келмеген, бірақ дұрыс жұмыс жасауына көмектескен. Тіпті, содан кейін ішек рагымен де ауырған көрінеді. Бірақ одан да жазылып, қазір ешқандай ауру мазаламайды, аттай шауып жүрмін деп мақтанды ол. Осы уақытқа дейін ол есектің сүтімен емделгенін барынша жасырып ұстаған. Өйткені ел-жұрттің сөзіне қаламын ба деп шошынады. Бірақ ауылдың бірен-саран адамы келіп, қалай ем алғанын сұрап кеткен көрінеді.