Айтылмаған сөздің өкініші
18-09-2021
Қымбатты азаматтар! Бұл өмірде сіздерден бір нәрсе ғана сұрар едім — ер-жігіт болып қалыңыздаршы!
Феменизм деп даурыққан әйелдер шуын кешегінің күні деп қабылдаңыздар. Оның бәрі өткінші.
Қыздардың сөмкесін көтеріп, кафеде олар үшін есеп айырысқаныңыз жөн, есік ашып өткізіп жіберіңіз, қорғаңыз нәзік жандарды, олардың қиындығын бір адамдай өз мойындарыңызға ала біліңіздер. Бәлкім, не үшін дейтіндер табылар. Не үшін екеніне кешкілік жұмыстан шаршап-шалдығып өз үйлеріңіздің есігін ашып, ондағы жылылық пен таза сүлгіні, дәмді асты көріп мыңыншы рет көз жеткізгенде түсінерсіздер. Жұмыс, бизнес жүрмей, достан көңіл қалып, аспан айналып жерге түскенде жаныңыздағы асыл жар ғана сізге деген сеніміне селкеу түсірмейтінін көресіз сонда! Әр күн жаныңыздан табылып, сізден артық ешкімнің жоқтығына сендіре алатын жалғыз жан ғой ол. Сіздің ұрпағыңызды дүниеге әкелу үшін қанша денсаулығы мен жүйкесін тоздырғанда сезерсіз оның жақсылығын.
Сәл мейірімді болсаңыз етті
Оның жүйкесін өзіңіздің жігіттік намысыңызбен, азаматтық логикаңызбен, мықтылығыңызбен сынамай-ақ қойыңыз. Қоңырау шалыңыз. Әсіресе, ұрсып қалған болсаңыз, дереу хабарласыңыз. Сіз есікті тарс жауып кеткенде, телефон тұтқасын тастай салғанда, оның көкірегі қарс айырылып өксігін баса алмай қатты жылайтынын білсеңіз ғой. Кинолардағыдай әдемі түрде көзінің жасын сүрте салмайды. Оның көз жасы сағаттап тоқтамайды, беті ісіп, домбығып, басы зеңіп қалғанша жылауын тоқтата алмайды. Оның өксігін көшедегі жүргіншілер, көрші, қоңсылардың бәрі естиді. Сіз жүрегіне қадаған ауыр қанжардан қалған жарадан өзін өзі тоқтата алмай қатты жылайды. Қоңырау шалыңыз, қайтып келіңіз, оралыңыз. Қолыңызға көтеріп, оны осы қайғы-күйініштен өрттен алып шыққандай құтқарыңыз.
Ренжітпеңіз
Дауыс көтермеңіз, намысына тиетін сөздер айтпаңыз. Мұндай сөздермен сіз оны өз қолыңызбен буындырып жатқаныңызды түсінуіңіз керек. Оны... сізді сүйген мейірімді, нәзік, қарапайым жанды. Сөз сүйектен өтеді. Ол бірден өзгеріп шыға келеді. Әп-сәтте ашулы, қатыгез, кекшіл бола бастайды. Сіздің бір ауыз жаман сөзіңіз оның әлемін түп-түбірімен өзгертіп кетеді. Кейін сол сөз үшін, сол әрекетіңіз үшін сіз талай мәрте өкінерсіз. Ол да кешіреді, бірақ ұмытпайды. Оның жаны жараланады, оның жүрегінің жартысы семіп қалады. Сізді риясыз сүйген жан сізден ауыр сөз естігенін көтере алмай, жүрегіне жазылмас дерт жамайды. Содан кейін татуласып та аларсыз, бірақ ол естігенін ешқашан ұмыта алмайды. Бір ауыз сөзіңіз оның санасында жаңғырып тұрады. Мың жақсылық бір ауыз сөзбен жуылып кетеді. Сізге айтпас, миынан шықпаған сол сөзді талай мәрте еске алып жалғыздықта жылайтынын анық. Жүрегін мың сан бөлшекке бөліп кеткен сол сөзді әсте ұмыта алмай, қалжырайды. Ал, сіз сосын сүйіктіңіздің осыншалық бейтарап әрі дүниеқоңыз екендігін көресіз... Солай деп талай сөгетін боласыз. Мұның бәрін қайдан жұқтырды деп таң қаларсыз, бәлкім... Ол оны жүрегіндегі тыртықтардан тоқып, көңіліндегі келеңсіздіктерден кестелеп жүргенін сезбейсіз... Сіз қалдырған тыртықтардан...
Қызғаныңыз оны. Қатты, сезіммен, алаңсыз. Қабырғаны қолмен тоқпақтаңыз, аяғыңызбен еденді тарсылдатыңыз, айналаңызды қиратыңыз. Бірақ ешқашанда оған кінә артпаңыз. Сол үшін оны жазғырып, сөкпеңіз. Бәріне оған суық көзін салған сол «дүмше» кінәлі болсын. Тек ол емес. Ол сіз үшін пәк күйінде қалуы тиіс. Егер ол қызғандырғысы келсе, мұны әдейі жасағаны. Сіздің пейіліңіз бен көңіліңізді өзіне аудару үшін ғана. Сіздің қызғанышыңыз оған деген әлі де болса сезімнің өшпегендігінің бір көрінісі ғана. Қызғанышқа жол берсе, онда ол өзінің және сіздің сезіміңізге шәк келтіре бастағаны. Онда ол сіздердің араларыңыздағы «біз» деген ұғымның барына секемдене бастағаны.
«Сүйем» деп жиі айтыңыз. Аямаңыз ыстық ықыласыңызды. Ол сіздің барыңыз бен нарыңыз, ол сіздің жұмағыңыз екеніне ешқашан күмәнданбауы керек. Кинодағыдай келтіре алмадым деп уайымдамаңыз, ол түсінеді. Бастысы сіз сезіміңізді айтып жеткізуіңіз керек. Бір айтып ұмытып кетпеңіз. Ертең ол мәңгілікке сапар шексе, айта алмай опық жейсіз, бүгін айтыңыз... Ажал айтып келмейді, ерте ме, кеш пе, бәріміздің барар жеріміз сол бақи өмір ғой... Мына бес күн жалған өмірде бір сәт сыйластықпен өткенге не жетсін. Сондықтан айтып қалыңыз. Уәде беріңіз, аямаңыз уәдені, алдап кетуге қорықпаңыз. Ол сіз айтқан дүниені армандап, сіздің сөз бергеніңізге малданып шексіз бақыттың құшағында жүргенін сезбей қалады. Осы сәтте одан сұлу ешкімді таппайсыз. Әлде ол лайықсыз ба? Тіпті бұл мәңгілік қарым-қатынас болмаса да ол қазір сіздің құшағыңызда болуға лайықты болды ғой. Осындай ыстық әрі ұмытылмас сәттер сыйлады, ал олар адам өмірінде өте аз. Өйткені, пенде болған соң не нәрсені де алдын ала ойластырып, санап, есептеп, осылай қарым-қатынас құрамыз. Ал, сезімді тек ғұмыр бойы кешу керек. Жай ғана сүйіп, қайғырып, өрттей жанып. Ойлағаныңды жүрегіңнің түбінде сақтап қалмай, дәр қазір айту маңызды, дәл қазір, сезім барда... сезім өшпей тұрып...
Аударған Шынар Әбілдә