«Заң және тәртіп» қағидаты – мемлекетті ілгерілететін маңызды фактор

Қазіргі таңда мемлекетіміздің стратегиялық бағдары жаңаша түрде айқындалып, ауқымды реформалар жүзеге асырылуда. Тек құқық қорғау жүйесін жетілдіруге ғана емес, барлық салада заң мен тәртіп тетігінің орнығып, түбегейлі жаңғыруына баса мән берілуде. Ал бұл сөзсіз, ел ішінде жоғары құқықтық мәдениеттің қалыптасуына, азаматтық жауапкершілік идеологиясының берік орнығуына ықпал етері анық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған «Заң және тәртіп» қағидаты соңғы жылдары мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналды, қоғамдағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің басты тетігі ретінде бекітілді.
Бұл ретте, құқық қорғау органдарының аталған қағидатты сақтауға және азаматтардың құқығын қорғауға айтарлықтай үлес қосатыны, қазіргідей құбылмалы кезеңде қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, заңның мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету айрықша маңызға ие міндет екені анық. Демек, құқық қорғау жүйесіндегі барлық жауапты құрылымдар осы қағидаттың қатаң сақталуы жолында жұмыла жұмыс істеуі қажет.
Президент айрықша назар аударған, соған сәйкес, мемлекет тарапынан жүзеге асырулы тиіс маңызды міндеттердің бірі – отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу және әйелдер мен балаларды қорғау. Қазіргі таңда бұл бағытта заңнамалық, институционалдық тұрғыдан батыл қадамдар жүзеге асырылуда. Отбасылық зорлық-зомбылық жасағаны үшін берілетін жаза едәуір күшейтілді. Тиісті заң қабылданды. Бүгінде заңға енгізілген түзетулер мен басқа да шаралар өз нәтижесін бере бастады.
2025 жылдың басынан бері орташа және ауыр деңгейдегі отбасылық-тұрмыстық қылмыс 30 пайызға төмендеді. Жалпы, кейінгі 5-6 жылда әйелдерге қатысты құқық бұзушылықтар екі есе азайды. Алдағы уақытта қоғамдық сана түбегейлі өзгеріп, азаматтардың бойында отбасындағы қатыгездік пен озбырлыққа мүлдем төзбеушілік қасиетті берік орнықтыру бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасын табуы қажет.
Сонымен қатар, өскелең ұрпақтың мүддесін қорғауға арналған маңызды тетіктер де іске қосылуда. Мысалы, жастардың болашағына қауіп төндіретін нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы кешенді жұмыс атқарылып келеді. Осы бағытта есірткі зертханалары жойылып, айналымнан алынған есірткі заттарының көлемі ұлғайды. Тиісінше, есірткі өндіргені үшін берілетін жаза қатаңдатылды.
Бұған қоса, елімізде кірісті жылыстатуға, терроризмді қаржыландыруға қарсы күрестің халықаралық озық стандарттарға сай тиімді жүйесі қалыптасып, жемқорлыққа қарсы күрес бағытында нақты, жүйелі шаралар қабылдануда.
Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде: «Заң – қысым көрсетуге немесе қудалауға арналған құрал емес. Заң – әр адамның құқығы мен бостандығының қорғаны. Біз осы ақиқатты терең түсінетін азаматтық және мәдени орта қалыптастыруымыз қажет. Тәртіп – жалпыға ортақ құндылыққа, ал заңға бағыну – әркімнің өмір салтына айналуға тиіс», – деді. Президенттің бұл сөзі Түркістан өңірінде де нақты іс-әрекетпен жүзеге асырылуда.
Қазіргі таңда Түркістан облысында Мемлекет басшысының «Заң және тәртіп» қағидатын қоғамда орнықтыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мысалы, «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдама» негізінде барлық деңгейдегі мемлекеттік органдарға нақты міндеттер жүктеліп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықтық мәдениетті көтеру, заң бұзушылықтың алдын алу бағытында кешенді шаралар қолға алынып келеді. Құқықтық сауаттылықты арттыру бойынша аудандар мен қалаларда, соның ішінде шалғай ауылдық елді мекендерде үй-үйді аралау, азаматтарға құқықтық кеңес беру, интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары кең көлемде ұйымдастырылуда, есірткіге қарсы үгіт-насихат жұмыстары да қарқынды жүргізіліп, бұл шараларға оқушылар, студенттер, ата-аналар және жергілікті тұрғындар белсенді қатысуда.
Биыл сәуір айының соңында аймақта жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүргізілген ауқымды рейдтің алғашқы тәулігі қорытындыланды. Облыс полицейлері республиканың үш өңірінен келген әріптестерімен бірлесіп жұмыс атқарып, нәтижесінде 1600-ден астам құқық бұзушылықтың жолын кесті. Заң талаптарын бұзған азаматтарға қатысты тиісті әкімшілік шаралар қабылданып, 129 автокөлік айыптұраққа қойылды. Анықталған құқық бұзушылықтардың ішінде ұялы телефон пайдалану – 113 дерек, жүргізу құқығынсыз көлік басқару – 28, бағдаршамның қызыл түсіне өту – 18, қарсы бағытқа шығу – 2 және мас күйде көлік жүргізу бойынша 2 жағдай тіркелген.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында заң мен тәртіп идеологиясын қоғамға терең сіңіру, құқықтық сауаттылықты арттыру, қылмыстың алдын алу, заңгерлік қолжетімділікті қамтамасыз ету секілді бағыттардағы жұмыстар жүйелі жалғасып келеді. Бұл – құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды міндеттердің орындалу барысын көрсететін айқын дәлел.
«Заң мен тәртіп» қағидаты – барша азаматтың мүддесін, құқығы мен бостандығын қорғаудың мызғымас тірегі екені белгілі. Ол үшін қоғамның құқықтық мәдениетін арттырып, құқық қорғау жүйесін жан-жақты жетілдіру қажет. Бұл ретте, елімізде бұл қағидатты ілгерілетуге қоғам өкілдерінің қосар үлесі орасан зор екенін атап өткен жөн.
Мысалы, «Заң және тәртіп» атты цифрлық сервистің іске қосылуы азаматтардың кез келген құқық бұзушылық туралы Egov Mobile қосымшасы арқылы құқық қорғау органының мамандарына дер кезінде хабарлауға мүмкіндік береді. Бұл сервис арқылы қоғамдық тәртіпті бұзу, тұрмыстық зорлық-зомбылық, жол-көлік оқиғасы немесе балаға төнген қауіп сияқты кез келген жағдай туралы дабыл бірден полицияға түседі. Демек, еліміздің әрбір азаматы аталған қағидаттың ілгерілеуі жолында еңбек етсе, бұл әділетті әрі қауіпсіз Қазақстанды құру үшін заң мен тәртіп үстемдігін түбегейлі орнықтыруға сеп болары анық.
Осы орайда, атап кетерлік ең бастысы мәселе құқық бұзушылықтың алдын алу ол, батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» демекші тәртіп болашақтың бастауы.
Ал тәртіп болашақтың бастауы болса, құқықтық сауаттылықты мектеп қабырғасынан бастап дамыту қажет деп танып, алдағы уақытта бұл пәнді енгізу жоспарлануда.
Қазақстан Республикасы
Бас Прокуратурасы Құқықтық
статистика және арнайы есепке
алу жөніндегі комитетінің Түркістан
облысы бойынша департаменті бастығы
А.Б. Торебеков


