Дархан Қыдырәліге Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы табысталды

Oinet.kz 22-07-2026

Бүгін Мемлекет және қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, жазушы Дархан Қыдырәліге қазақ әдебиеті мен руханиятының ең мәртебелі марапаттарының бірі – Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы табысталды. Салтанатты жиында Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов Дархан Қыдырәліні әдеби сыйлықты алуымен құттықтап, оның ұлттық әдебиеттану ғылымын дамытуға, түркі дүниесінің ортақ рухани мұрасын зерттеуге және қазақ мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттауға қосқан зор үлесін ерекше атап өтті деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Қазақстан жазушылар одағының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Screenshot_1.jpg

Ол Дархан Қыдырәлінің әдебиеттанушы, түрколог-ғалым ретінде Алаш мұрасы, түркі өркениеті, қазақ әдебиетінің тарихы мен рухани сабақтастығы мәселелеріне арналған іргелі зерттеулері ғылыми қауымдастық тарапынан жоғары бағаланғанын айтты. Сонымен қатар Мереке Құлкенов Дархан Қыдырәлінің еңбек жолына тоқталып, оның халықаралық Түркі академиясының президенті ретінде түркі халықтарының ғылыми-мәдени ықпалдастығын жаңа деңгейге көтергенін атап өтті.

Дархан Қыдырәлі – Түлкібас топырағында туып-өскен, бүгінгі қазақ ғылымының көрнекті өкілі, түркология саласының беделді зерттеушісі. Ол – туған өлкесінің ғана емес, күллі қазақ халқының мақтанышы. Дархан Қыдырәлінің есімі ең алдымен Алаш мұрасын жаңғыртумен тығыз байланысты. Ол қазақтың азаттығы үшін күрескен тұлғалар, Алаш арыстарының өмірі мен қызметін терең зерттеп, олардың ұлт тарихындағы орнын ғылыми тұрғыдан дәлелдеп келеді. Ғалымның тағы бір үлкен еңбегі – түркі әлемін зерттеуі. Түркі халықтарының ортақ тарихы, мәдениеті, тілі мен рухани байланыстары жөніндегі еңбектері халықаралық ғылыми ортада жоғары бағаланып отыр. Ол қазақ халқының тарихын әлемдік өркениетпен сабақтастыра қарастырып, түркі жұртының біртұтас рухани кеңістік екенін дәлелдеуге күш салды. Мұндай зерттеулер тек ғылым үшін ғана емес, ұлттық бірегейлікті нығайту үшін де аса маңызды.

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов, Филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма хатшысы Қансейіт Әбдезұлы және ақын, “Ана тілі” газетінің бас редакторы Ерлан Жүніс Дархан Қыдырәлінің «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің басқарма төрағасы қызметінде ұлттық баспасөздің дамуына серпін беріп, қоғамдық ой-пікірдің қалыптасуына елеулі үлес қосқанын, ал қазіргі мемлекеттік және қоғамдық қызметінде де елдің рухани жаңғыруына, әдебиет пен мәдениетті қолдауға бағытталған маңызды бастамаларды жүзеге асырып келе жатқанын атап өтіп, жаңа марапаттың иесін шығармашылық және ғылыми табыстарымен құттықтады.

Өз кезегінде Дархан Қыдырәлі көрсетілген зор құрмет үшін Қазақстан Жазушылар одағына алғыс білдіріп, кейінгі жылдары Одақта жүзеге асырылып жатқан ауқымды жұмыстарға жоғары бағасын берді. Ол, ең алдымен, Қазақстан Жазушылар одағының тарихи ғимаратына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары қаламгерлер қауымы үшін аса маңызды екенін айтып, бұл игі бастама шығармашылық ортаның жаңа тынысын ашатынын жеткізді. Сонымен қатар әлемге әйгілі, әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янның Қазақстанға арнайы келіп, Жазушылар одағында оқырмандармен және қаламгерлермен кездесуі қазақ әдебиетінің халықаралық беделін арттырған айтулы оқиға болғанын атап өтті.

Сондай-ақ Дархан Қыдырәлі Қазақстан Жазушылар одағы мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры арасында жасалған ынтымақтастық туралы меморандумға тоқталып, мұндай бастамалардың қоғамда кітап оқу мәдениетін дамытуға, жастардың әдебиетке қызығушылығын арттыруға және зерделі ұлт қалыптастыру ісіне тың серпін беретінін айтты.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы – ұлттық әдебиет пен руханиятқа өлшеусіз үлес қосқан тұлғаларға берілетін ең жоғары марапаттардың бірі. Дархан Қыдырәліге бұл сыйлықтың табысталуы – оның ғылым мен әдебиетке, қазақтың тарихи санасы мен түркі дүниесінің рухани тұтастығын зерттеуге сіңірген көпжылдық еңбегінің лайықты бағасы болды. Дархан Қыдырәлі тек туған өлкесінің ғана емес, күллі қазақ халқының мақтанышы десек қателеспейміз. Ұлтын сүйген, тарихын түгендеген, түркі әлемін танытқан мұндай азамат жоғары құрмет пен барлық марапатқа лайық.

Партийная перезагрузка: политические тяжеловесы уступают место новым лидерам
Астанаға әлемдегі ең ірі киберспорт клубтары келеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу