Сыздықбеков айтқан «Veolia» Шымкентке келді

Oinet.kz 21-01-2026 55

whatsapp-image-2024-11-23-at-15.30.58.jpeg

Шымкентке әлемдік коммуналдық инфрақұрылым нарығындағы ірі ойыншылардың бірі – француздық Veolia компаниясының делегациясы келді. Осы аптада Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Берік Беркімбаев компания өкілдерімен кездесіп, коммуналдық және инженерлік инфрақұрылымды басқару бағытындағы бірлескен жұмыс мүмкіндіктерін талқылады.

Кездесу барысында тараптар заманауи технологияларды енгізу, коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру, сондай-ақ қалалық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелеріне тоқталды. Нәтижесінде «Veolia», Шымкент қаласының әкімдігі және «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат жылумен қамту, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін тиімді басқару мен жаңарту саласындағы ынтымақтастықты көздейді.

Veolia Environnement – Парижде орналасқан, көпсалалы француз компаниясы. Ол су жеткізу және тазарту, қалдықтарды басқару мен коммуналдық қызметтер, сондай-ақ энергетика салаларында жұмыс істейді. Компания муниципалдық та, өнеркәсіптік те тұтынушыларға қызмет көрсетеді.  2022 жылы компанияда 213 мыңнан астам адам еңбек еткен, жылдық табысы шамамен 42,9 млрд долларды, ал активтері 73,3 млрд долларды құраған. Veolia-ның негізгі қызмет аймақтары – Еуропа, Азия және АҚШ.

Компания басшылығының айтуынша, үш жыл бұрын Veolia Өзбекстан астанасы Ташкент қаласының жылумен қамтамасыз ету жүйесін басқаруға алған. Бұл тәжірибе компанияның посткеңестік кеңістікте инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бейім екенін көрсетеді. Мамандардың пікірінше, Қазақстанда да Президенттің тапсырмасына сәйкес ірі халықаралық компаниялармен бірлескен жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырыла бастады. Veolia-ның елімізге келуі – осы саясаттың бір көрінісі. Ашық ақпараттарға қарағанда, компания Қазақстанның бірнеше өңірінде коммуналдық кәсіпорындарды сенімгерлік басқаруға алу жөніндегі жобаларды қарастыруда.

Осы жерде айта кетейік, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков желтоқсан айында Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте аталған француздық компанияның Шымкентке келе жатқанын мәлімдеген еді. 

«Жалпы кез келген стратегиялық нысан мемлекеттің меншігінде болуы тиіс. Шымкентте қазір өзімізге тиесілі су құбырлары мекемесі бар. Сол мекемені және қаланы жылумен қамтамасыз ететін „Қуатжылуорталық“ кәсіпорнын француздық „Veolia“ компаниясына сенімгерлік басқаруға беру бойынша жұмыстар атқарып жатырмыз», – деген болатын қала басшысы. 

Әңгіме қалалық энергетика және инфрақұрылымдық даму басқармасына қарасты, ұзақ жылдардан бері түрлі даулардың ортасында жүрген «Қуатжылуорталық» кәсіпорны мен Су құбыры және канализация мекемесі туралы болып отыр. Дегенмен, Берік Беркімбаев пен Veolia өкілдерінің  кездесуінен кейін таратылған ресми ақпаратта бұл екі кәсіпорынды сенімгерлік басқаруға беру мәселесі ашық айтылған жоқ.

Бұл бастаманың қалай жүзеге асатыны алдағы уақытта белгілі болмақ.

616168421_18102451321831016_4633314050975044575_n (1).jpg


Қаржаубайға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды
Ақордаға вице-президент не үшін қажет болды?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу