"Інім момын адам". Күдіктінің ағасы інісі қойдан жуас екенін айтып сұхбат берді

Oinet.kz 09-01-2026 112

Атырау облысында із-түссіз жоғалған отбасының екі мүшесін өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемәлиевтің ағасы бауыры туралы айтып берді. 

Screenshot_9.jpg

Күдіктінің ағасы бауырымен 2024 жылдан бері жақын араласпайтындарын айтады. Ер адамның айтуынша, інісін соңғы рет 2025 жылдың жазында көрген.

“Інім момын, өзімен-өзі жүретін, көп адаммен араласпайтын адам еді. Отбасыда төрт ағайындымыз. Інім әйелімен және 5 баласымен ата-анамыздың қолында тұратын. Анамның айтуынша, інім желтоқсанның басында келінді емдетемін деп кеткен. Өзбекстанда, Ташкентте емдетемін деп айтқан екен. Басқа ештеңе білмеймін. Мен бөлек тұрамын”, – дейді Думан есімді ер адам. 

Күдіктінің ағасының айтуынша, келіні босану кезінде жағдайы нашарлап, 21 күн комада жатқан көрінеді. Кейін есін жиған соң да сырқаттанып жүріпті. 

"Өте діндар, әйелін сыртқа шығармайтын": Атыраулық отбасының өліміне күдікті күйеу бала жайлы не мәлім

Ер адам інісінің жоғалып кеткенін шудан кейін, көпшілікпен бірге білгенін айтады.

“Мен де барлығымен бірге білдім. Қазір 5 баласы анамның қарауында. Келін науқастанғалы балаларға қарауға шамалары келмей қалды. Содан бері балаларға анамыз қарап отыр”, – дейді ер адам. 

Күдіктінің ағасы інісінің қайда екенін білмейтінін, желіде тарап жатқан ақпараттардан ғана хабардар екенін айтады. 

“Қайда екенін мен де білмеймін. Желіде айтылып жатыр ғой, хакер айтқан деген ақпараттар, мүмкін солар айтқан жақта шығар, бірақ мен білмеймін. Бұрын-соңды бұлай жоғалып кету жағдайы болмаған. Ата-енесімен қандай қарым-қатынаста екендерін де білмеймін”, – дейді күдіктінің ағасы.

Еске салсақ, бұған дейін Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесі із-түссіз жоғалып кеткен еді. Отбасы 2025 жылдың күзінде жоғалған. Іздеудегі адамдар 1959 жылы туған Мақсот Қарабалин, оның жұбайы 1961 жылы туған Насипа Өтешқалиева, олардың балалары 1990 жылы туған Мейрамгүл Қарабалина мен 1993 жылы туған Наурыз Мұқанғалиев. Отбасының жұмбақ жағдайда жоғалуына байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Артынша отбасының үйінің ауласынан ерлі-зайыпты Мақсот Қарабалин мен Насип Өтешқалиеваның мәйіттері көмілген күйде табылды. Олардың балалары әлі де із-түссіз жоғалғандар қатарында. 

Тоқаев Заңға қол қойды
Сарбаздың өліміне кінәлі кім?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу