Әйелін соққыға жыққан дипломат елшілікте түк болмағандай жұмыс істеп жүрген

Oinet.kz 12-04-2025 189

Мамырда Қазақстанның дипломатиялық корпусында бұрын-соңды болмаған жанжалға тура бір жыл толады, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.

Screenshot_7.jpg

Сол кезде қазақстандық дипломаттың әйелі ақпарат алаңын дүр сілкіндірді. Карина (сол кездегі тегі Мамаш) жұрт алдында үн қатып, 10 жыл бойы күйеуі тарапынан зорлық пен соққы көріп келгенін, енді үнсіз қала алмайтынын мәлімдеді. Ол күйеуінің дипломатиялық мәртебесін алып тастауды және зорлық-зомбылығы үшін жазалауды талап етті. Желіде жарияланған суреттер бұл жайттың ойдан шығарылмағанын көрсетті — денесіндегі көгерген іздер мен жарақаттар бәрін дәлелдегендей болды.

Дипломатиялық агрессия мен үнсіздік

Алғашында Қазақстанның сыртқы істер министрлігі (СІМ) бұл іске араласпауды жөн көргенімен, қоғамда дау күшейіп, үнсіз қалу мүмкін болмады. СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров бірқатар баспасөз конференцияларында Каринаға қолдау білдіріп, “Ол қорықпауы керек, біз онымен біргеміз” деді.

Алайда елшілік қызметкерлері Каринаның жарақаттарын неге байқамады, неге жедел жәрдем шақырылмады деген сұрақтарға нақты жауап берілген жоқ. Тек министрлік бұл істі ерекше бақылауда ұстап отырғанын, Сакен Мамаштың Қазақстанға шұғыл қайтарылғанын ғана хабарлады.

Айта кетейік, бұл жанжал басталмай тұрып, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Қазақстан елшісі Мадияр Менілбеков қызмет орнын Сауд Арабиясына ауыстырған болатын. Мұның себептері түсіндірілмеді, алайда кей сарапшылар бұл дипломатиялық ауыс-түйіс аталмыш даудың салдары болуы мүмкін деп болжайды.

Елші неге жауапты

Қазақстанның шетелдердегі төтенше және өкілетті елшілерінің негізгі міндеттері мен құқықтары туралы ережеде елші елшілік ұжымында салауатты моральдық-психологиялық ахуал қалыптастырып, кәсіби қарым-қатынас пен өзара қолдауды қамтамасыз етуі тиіс деп нақты жазылған. Сонымен қатар, оның саяси, іскерлік және адамгершілік қасиеттері шетелдегі елшілік жұмысының табысы мен мемлекеттің беделіне тікелей әсер етеді.

Алайда Мамаштың отбасындағы жағдай елшіліктегі моральдық жағдайдың нашар болғанын көрсетіп отыр. Елші Мадияр Менілбеков Каринаның жарақаттарын байқамады ма, әлде бұл жайтты елемеуді жөн көрді ме — белгісіз. Бірақ әйеліне қол көтерген адамды тоқтатпағаны – ақиқат.

Қазір тергеу жүріп жатқанымен, ел назары Карина Мамаштың әр мәлімдемесіне ауған. Ал елші Менілбеков Сауд Арабиясында Қазақстан елшілігін басқаруды жалғастырып жатыр және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымындағы Қазақстанның тұрақты өкілі қызметін қатар атқарып жүр.

Менілбеков кім

Мадияр Менілбеков 2002 жылы Ливиядағы «Исламдық дағуат» университетін бітіріп, араб тілі мен исламтану бойынша білім алған. 2004 жылы Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде филология магистрі дәрежесін алғаннан кейін, Мысырдағы «Нұр-Мүбарак» ислам мәдениеті университетінде ұстаздық етті.

Каирден Астанаға келіп, Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясында бірден аға оқытушы болып орналасқаны туралы нақты дерек жоқ. Артынша дипломатиялық мансабы күрт жоғарылады: МИД-тің Азия және Африка департаментінде үшінші хатшы, кейін БAE-дегі елшілікте екінші хатшы, кеңесші, бас консул, ал 2019 жылы елші атанды. 2024 жылы Сауд Арабиясына елші ретінде жіберілді. Қазақстанға соңғы рет 2011 жылы оралған – яғни ол қазіргі еліміздің ішкі жағдайын 13 жылдан бері тікелей көрмеген.

Төтенше жағдай

СІМ Мамаш отбасындағы жағдайды «ерекше жағдай» деп танып, қызметтік тексеріс жүргізуге уәде берді. Сондай-ақ енді шетелге жіберілетін дипломаттарды психологиялық және неврологиялық тестілеуден өткізу жоспарланып отырғаны айтылды.

Алайда Карина Мамашқа жасалған қатыгездіктерге куә болған елшілік қызметкерлері тексеріске алынған жоқ. СІМ оларға қарсы ешқандай шара қолданбады, себебі олар «алгоритмге сай әрекет етті» деп санайды. Смадияровтың айтуынша, Сакен мен Карина дипломатиялық иммунитетке ие болғандықтан, тиісті әрекеттер Қазақстан аумағында ғана қолға алынған.

Карина Мамаш бұрынғы күйеуін барлық зорлық-зомбылығы үшін — физикалық, сексуалдық, эмоционалдық, экономикалық және тұрмыстық – жауапқа тартуды талап етті. Ол жәбірленуші деп танылып, қылмыстық іс қозғалды. Бұл іс бір жылға жуық тергелді.

Сакен Мамашқа ҚР ҚК 110-бабы 2-бөлігі бойынша (қинау) айып тағылып отыр. Бұл бап бойынша оны жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін. Тергеу тобы бір жыл бойы дәлел жинап, өткен аптада оны тергеу изоляторына қамауға алды.

Бұқара сот процесінің ашық түрде өтуін күтіп отыр. Алайда елші Мадияр Менілбеков – елшілік ұжымындағы моральдық ахуалға жауапты тұлға ретінде – сотқа куәгер ретінде шақырылады дегенге сену қиын.

Ақмола облысында қолына пышақ ұстаған ер адам мектеп ішін еркін кезіп жүрген
«Балалардың көзінше дәрет сындырады»: Назарбаев көшесі үйсіз қаңғырған азаматтардың мекеніне айналды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу